Заманның зұлмат дертіне қарсы күрестің бір сәтке де толастаған күні жоқ. Десе де, есірткінің құлына айналып, өз өміріне балта шауып жатқандар азаймай тұр. Өкініштісі, есірткіге елтігендердің арасында жастар мен жасөспірімдердің саны артып барады. Ал «қара бизнестің» көрігін қыздырушылар адам тағдырын ойыншыққа айналдырып, бас пайдалары үшін бала еңбегін де пайдалануға үйір. Әлемді алаңдатқан қауіпті дертпен еліміздегі күрестің нәтижесі туралы ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті басшысының орынбасары, полиция полковнигі Бақытжан ӘМІРХАНОВ айтып берген еді.
– Бүгінде есірткі тұзағына ілінгендердің саны азаймай тұр. Елдегі есірткі айналымына қарсы күрес шаралары нәтиже беріп жатыр ма?
– Есірткі әлем жұртын алаңдатқан күрделі ахуалға айналды. Болашағын ойлаған әр мемлекет бұл саладағы күресті бір сәтке де толастатуға болмайтынын жақсы біледі. Сондықтан дүние жүзіндегі елдер есірткі қылмысына қарсы әртүрлі шара қабылдап, заң нормаларын да заманға сай қатайтып келеді. Нашақорлар мен оны сатушылардың жолына тосқауыл болудың сан түрлі амалын қарастырып, жаһандық қауымдастық та бұл мәселені күн тәртібінен түсірген емес. Елімізде де есірткінің алдын алу шараларын жасап, заңдарымызға да тиісті түзетулер енгізіп жатырмыз. Заңсыз есірткі айналымын болдырмаудың түрлі әдіс-тәсілін енгізіп, барлық құрылымды қауіпті дертке қарсы жұмыла күресуге шақырамыз. Себебі бұл – тек құқық қорғау органдары емес, қоғам болып атқаратын шаруа.
Қазір Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен Үкімет бұл бағыттағы іс-шараларды арттыра түсті. Осыдан екі жыл бұрын Президент есірткіге қарсы күресте кешенді жоспар әзірлеуді тапсырған еді. Кейіннен Мемлекет басшысы Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда күштік құрылымдардың қорытынды жиналыстары мен алқа мәжілістерінде де есірткі бизнесіне тоқтау салуға ерекше назар аударды. Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда Президент: «Нашақорлық – ұлт саулығына зор қауіп төндіретін кесел. Есірткі жастардың жанын да, тәнін де улап жатыр. Біз есірткіні қолданудың, дайындаудың және таратудың жолын кесіп, тамырына балта шабуға тиіспіз. Әйтпесе бүкіл еліміздің болашағы бұлыңғыр болады. Бұл мәселе мені қатты алаңдатады. Химиялық есірткілер нарықта кең, оңай сатылып келеді. Криминалдық топтар жастарды осындай заңсыз әрекеттерге тартып жатыр», деді. Шындығында да есірткінің құлына айналғандар мен осы бизнестен пайда тауып отырғандар да ұлтымыздың болашағына балта шауып жатыр. Әсіресе синтетикалық есірткінің жаңа түрлері белең алып тұр. Президенттің екі жыл бұрын айтқан тапсырмасына сәйкес былтыр Есірткі бизнесіне және нашақорлыққа қарсы күреске арналған кешенді жоспар қабылдадық. Үш жылға арналған құжатта қоғам үшін аса қауіпті, әсіресе синтетикалық препараттардың таралуына тосқауыл болу, оларға қолжетімділіктің жолын кесу, адамның нашақорлыққа салынғанын дер кезінде анықтау жүйесін енгізу, есірткіге тәуелділердің есебін қалыптастыру, есірткі бизнесіне қарсы күресетін органдардың материалдық-техникалық жағдайын нығайту жұмыстарына басымдық беріп отырмыз.
Кешенді жоспарда көрсетілген нақты бағыттардың сапалы және тиімді іске асырылуы үшін әрбір іс-шара министрліктің тиісті қызметтеріне бекітіліп берілді. Құжаттың әрбір тармағын іске асыруда іс-қимыл алгоритмі әзірленді. Бұл оның орындалу динамикасын апта сайынғы сегментте бақылауға мүмкіндік береді. Қажет болған жағдайда іс-әрекеттерімізді түзету шаралары қабылданады. Осы 2023–2025 жылдарға арналған жоспарымыз жеті тармақ, жетпіс жеті тармақшадан тұрады. Мұнда біз есірткімен күресте ішкі істер органдары ғана емес, басқа да күштік құрылымдар, жергілікті атқарушы органдар, мемлекеттік және үкіметтік емес ұйымдар бірлесе атқаратын жұмысты көрсеттік.
– Биыл департаменттің атқарған нақты жұмысы қандай?
– Жыл басынан бері жеті айдың ішінде 4 724 есірткі қылмысына қатысты құқық бұзушылық анықталды. Оның 1 962-сі – қылмыс, 1196-сы – өткізу фактілері. Осының ішінде 400-ге жуығы есірткіні интернет арқылы сатқандар, 284 факті аса ірі мөлшерде есірткі тасымалдағандарға тиесілі. Сондай-ақ 58 факті есірткіні насихаттап, үгіттегені үшін істі болғандарға қатысты. 185-і құрамында есірткісі бар өсімдіктерді өсірумен айналысқандар оқиғасы. Ал 210 факті шекара асырумен айналысқан есірткі контрабандасы бойынша қозғалған. Сонымен бірге 6 қылмыстық топқа 11 қылмыстық іс қозғалды. Жалпы, осы заңсыз айналымнан жеті айдың ішінде 18 тоннадан астам есірткі тәркіленді. Алынған есірткі заттарының көбі – каннабис өсімдіктері. Марихуана – 3,7 тонна, гашиш – 447 кило, синтетиканың өзі 370 килоға жетіп, 38 есірткі зертханасының жолы кесілді. Осының ішінде бөлек айта кететіні, 28-і – таза синтетикалық өндіріс. Жоғарыда айтып өткенімдей, қазір адам өміріне негізгі қауіп төндіріп тұрған – осы синтетикалық есірткі.
Бұдан басқа, биыл жеті айда 2 755 әртүрлі интернет ресурс бұғатталып, 1 281 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Сондай-ақ есірткі қылмысының алдын алуға да ұдайы көңіл бөлінеді. Бұл орайда былтыр алты мыңнан астам іс-шара атқарылса, биыл жеті айдың өзінде ғана алдын алу жұмыстарының санын 9 738-ге жеткіздік. Профилактикалық іс-шаралардың ішінде түрлі акция, халықпен кездесу, дөңгелек үстел мен байқау, спорттық сайыс, жастарды саламатты өмір салтына шақыруға бағытталған кешенді түсіндірме жұмыстары бар. Оның ішінде тең жартысы, нақты айтсақ, 4 112 іс-шараға білім ошақтары мен денсаулық сақтау мамандарын тартып, халықты толғандырған сауалдарға бірге жауап іздедік. Қауіпті дертке шалдыққандардың өзімен психолог пен наркологтерді шақыртып жұмыс жүргіздік. Мыңға жуық іс-шарамызға үкіметтік емес ұйымдарды тартып, 1 376 еріктімен бірге атқарған жұмысымыз миллионға жуық адамды қамтыды.
– Осындай кешенді жоспар мен нақты жұмыс тиімді нәтиже беріп жатыр ма?
– Әрине, істелген жұмыстардың нәтижесін ашылып жатқан қылмыс санына қарап бағалауға болады. Бірақ қоғамда «Жұмыс істеліп жатса, қылмыс неге азаймайды?» деген пікір айтылады. Мұндай сауалдың қойылғаны да дұрыс шығар. Әйткенмен, есірткі – жасырын қылмыс. Сондықтан бұл саладағы құқық бұзушылық пен қылмыстың артуы түсінікті. Мәселен, былтыр жасөспірімдердің қатысуымен 41 есірткі қылмысы анықталса, биыл жеті айдың өзінде 30-дан аса қылмыс белгілі болды. Яғни кәмелет жасқа толмағандардың қатысуымен болған қылмыстар. Жасырын қылмыстардың ашылуының өзі кешенді жоспардың тиімділігін көрсетеді. Себебі соңғы құжатқа сәйкес есірткіге қарсы күрес шараларына барлық мемлекеттік орган бірге күш жұмылдырып жатыр. Ашылатын қылмыстың статистикасы әлі де өседі. Біршама уақыттан кейін ғана қылмыс саны азаюы мүмкін. Мысалы, қоқыс жинаған кезде де жабылып жұмыс жүргізген алғашқы уақытта жиналған қоқыстың көлемі көп болады. Келесі жылы одан азырақ шығады. Сол секілді жабылып істелген жұмыстың нәтижесінде алғашқы жылдары қылмыстың артуы орынды. Бұл кешенді жұмыс аяқталғаннан кейін алдағы жылдарға да осындай нақты жоспар құрылып, қосымша құжат қабылдаймыз. Мүмкін сол кездерде есірткі қылмысы бәсеңдеуі мүмкін.
– Бұдан бұрын есірткімен күрес жұмысы қалай жүрді? Бүгінгідей кешенді жоспар болмады ма?
– Болды. Бірақ қазіргі кешенді жоспар кейінгі сегіз жылдан кейін қабылданған құжат десек болады. Соңғысы – 2012–2016 жылға арналған кешенді жоспар. Оның өзі бір жыл бұрын ерте аяқталды. Ал құжаттың тиімді нәтиже бермеуі ол кезде есірткі күресіне қатысты жұмысты орталықтандыру жергілікті әкімдіктерге жүктелді. Қазір осы қателіктің орны толтырылып, барлық мемлекеттік орган бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, жүйелі түрде жұмыс атқаруға кірістік. Мысалы, жоспарда денсаулық сақтау мекемелерінің емдеу мәселелеріне де ерекше ден қойылып отыр. Статистикаға сәйкес осы күні нашақорлыққа шалдыққандардың саны он сегіз мыңнан асқан. Алайда бұл – тек ресми тіркелгендері. Сол үшін есірткіге тәуелділерді емдеу орталықтарын заманға сай етіп, жаңа палаталар жасауға ден қойып отырмыз. Шекара қызметі қауіп пен қатерге қарсы тұра білетіндей, іргемізді берік қыла алатындай түрлі қорғау, тексеру құралымен қамтамасыз етілуге тиіс. Әділет министрлігі алдына әртүрлі экспертизаны нақты әрі тез жасайтын қондырғыларды алу міндеттеліп отыр. Кешенді жоспар аясында ішкі істер органдарының ақпараттық қондырғыларын да жаңартып жатырмыз.
– Еліміздің қай өңірінде қылмыс көп тіркеледі? Осындай қылмысқа шатылғандардың жас айырмашылығына талдау жасала ма?
– Қылмыс статистикасына талдау тұрақты жасалады. Қазір Алматы қаласы мен Алматы облысының өңірінде синтетикалық есірткі түрлеріне қатысты қылмыс жиі тіркеледі. Есірткінің осы түрінен анықталған зертханалардың тең жартысы екі өңірге тиесілі. Ал каннабис топтағы есірткінің көбі Шу алқабы немесе Қызылорда өңірінде өсіріледі. Қарасора шөбі қаптаған бұл өңірлерде жаз бен күз мезгілінде «Қарасора» арнайы операциясын өткізіп, тікұшақпен есірткі алқаптарын анықтаймыз. Өкініштісі, есірткіге еліккендердің көбі 18–29 жастағы жастар.
– Есірткі қылмысының артуына біздегі заң нормаларының жеңіл болуы да мүмкіндік жасап отырған жоқ па?
– Кейінгі жылдары есірткіге қатысты құқық бұзушылық пен қылмысқа жауапкершілік қатаңдатылды. Төрт жыл бұрын Қылмыстық кодекске есірткі құралдарын, психотроптық заттарды немесе сол тектес және прекурсорларды насихаттағаны немесе заңсыз жарнамалағаны үшін қылмыстық жауаптылықты көздейтін жаңа бап енгізілді. Есірткі құралдарымен заңсыз айналысқаны үшін 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылды. Бір сөзбен айтқанда, қазір есірткі жарнамасы мен үгіт-насихат үшін жауапкершілік бар. Ендігі жерде есірткі өндірісімен айналысқандарды өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын енгізуді ұсынып отырмыз. Заң жобасы Мәжілістің бірінші оқылымында мақұлданды. Күзден бастап бұл жұмысты әрі қарай жалғастырамыз.
– Шекара шебіндегі қырағылық та күн тәртібінде тұрғанын білеміз. Қандай елдерден қауіп бар?
– Ауғанстаннан келетін қауіп әлі сейілген жоқ. Бұрынғыдай көп тәркіленбейді, бірақ әлі де ауған апиындары алаңдатып тұр. Бұдан бөлек, синтетикалық есірткі түрлерін өндіретін қондырғылар көршілес елдерден әлі де тасымалданады. Бұл орайда біз әртүрлі халықаралық ұйымдармен тиімді жұмыс атқарып жатырмыз. Мәселен, ШЫҰ, ҰҚШҰ, БҰҰ секілі әртүрлі ұйыммен бірге ортақ халықаралық операциялар өткізіледі. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, нашақорлықсыз әлемді құру жолындағы жұмысқа белсенді қатысып, елдегі жаһандық дерттің дендеуіне қарсы жұмыс жалғасады.
Әңгімелескен –
Жадыра МҮСІЛІМ,
«Egemen Qazaqstan»