Ежелгі түріктер қоныстанған өлкенің бірі – қазіргі Бай-Өлке даласы. 2009 жылы Моңғолия Ғылым академиясы «Түркітану» орталығы әзірлеп, Ұланбатыр қаласында жарық көрген «Бай-өлке аймақ территориясындағы тарихи ескерткіштер» атты альбом-кітапқа аталған өлкеден табылған 80-нен астам әртүрлі пошымдағы балбал тізімге алыныпты.
Осылардың арасында айрықша атап өтерлігі – Даян батыр балбалы. Бұл жәдігер Сақсай сұмын жеріндегі Даян көлі аумағында орналасқан. Он шақты жылдың алдында Ұланбатыр қаласында моңғол тілінде жарық көрген «Алтай тауы археологиялық ескерткіштер: Бай-Өлке аймағы» атты жинақта аталған нысанға «VI-VIII ғасырда билік жүргізген ертедегі Түрік қағанатына қатысты мұра» деген анықтама беріліпті.
Мүсін тастың биіктігі 160 см, ені 40 см, қалыңдығы 20 см, жәдігер сұрғылт гранит тастан аса көркем шеберлікпен қашалып, жан-жағы 4х4 метр көлемде төртбұрыш қоршауға алынған.
Балбалдың сырғалы құлағы, қалың қабағы, бұзау тұмсығы, шоқша сақалы, жалпақ беті тамаша мүсінделген. Сонымен қатар иығын жауып тұрған ұзынша қаптамасы мен таспалы киімі, мойнына таққан құс қанатты алқа-тұмары сәнді де, мәнді.
Бұл жәдігерді алғаш рет ғылыми ортаға таныстырған адам – орыс оқымыстысы, жиһангер, фольклоршы, түркі-моңғол халықтарының этнографиясын зерттеуші Г.Н.Потанин екен. Жарықтық бұл тасты 1876-1880 жылдары Батыс Моңғолияға жасаған сапары кезінде көріп, 1881 жылы Санкт-Петербургте жарық көрген «Очерки северо-западной Монголии» атты еңбегіне енгізіпті. Григорий Николаевич: «Балбал шағын терезесі бар дөңгелек пошымды үйдің ішінде тұр. Соған қарағанда, бұл адамдар зиярат ететін нысан тәрізді» деп жазыпты. Қазір осы қоршау үйдің белгісі де қалмаған.
Баз бір ғалымдар мүсіннің мойнындағы құс қанатты айқыш тұмарына қарап, жәдігер VI-VIII ғасырда христос дінін пір тұтқан қауымнан қалған деген пайым айтса, бертінде тағы бір оқымыстылар бұл өлке Шыңғыс қаған заманында найман тайпасының мекені болғаны анық. Ол кезде найман тайпасы христос жолын ұстанған, бұл содан қалған белгі болуы мүмкін депті. Сондай-ақ нысанның Даян аталуы, найманның атақты Таян ханына арнап қойылған-мыс деген де пікір бар.
Бір қызығы, дәл осы Даян батыр балбалына өте ұқсас екінші мүсін Қырғыз елінің Ыстықкөл өңірінде тұр. Бірақ оның мойнындағы салпыншақ алқаның тұмары «Ф» (кирилл) әрпі сияқты.