• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Қоғам 06 Қыркүйек, 2024

Жаңа саяси кезеңнің бастауы

111 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысының жыл сайынғы халыққа Жолдауы – оның Ата заңда бекітілген конституциялық міндеті ғана емес, ол – мемлекеттік саясатты қалыптастырудағы ең маңызды институт. Қоғам өмірінің көптеген саласына қатысты сөз қозғалған биылғы құжаттың да көтерер жүгі мол. Қазіргі таңда бүкіл ел көлемінде Жолдауда айтылған келелі ойларды талқылау басқосулары өтіп жатыр.

Жүзге жуық бастама айтылды

Сондай іргелі жиынның бірі – Президенттің іс басқармасының Президенттік орталығында ұйым­дастырылған басқосуда еліміз­дің әлеуметтік-саяси және эконо­микалық дамуының өзекті мәсе­лелері бойынша биылғы басты сая­си құжаттың негізгі ережелеріне сараптамалық талдау жасалды. Оған Парламент депутаттары, отандық және шетелдік сарапшылар, ғылыми қауымдастық пен азаматтық қоғам өкілдері, т.б. қатысты.

Орталық директоры Бақытжан Темірболат Президенттің биылғы халыққа Жолдауында нақты жаңа­лықтар қамтылғанын, олардың жүзеге асырылуы институционалдық реформалардың келесі кезеңіне негіз болатынын айтты. «Мемлекет басшысы өз Жолдауында стратегиялық міндеттердің тізбесін айқындады. Оларды шешу «Әділетті Қазақстан» идеологиялық тұжырымдамасын нақты мазмұнмен толықтыруды жалғастыруға мүмкіндік береді. Мамандардың айтуынша, Жолдауда жүзге жуық түрлі бастама мен тапсырма қамтылған. Президент азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған жүйелі экономикалық реформаларға басты назар аударды», деді ол.

 

Жұмысшы мамандықтарының беделі артуға тиіс

Мәжіліс депутаты Ажар Сағын­дықова дәстүрге сай қыркүйектің басында, жаңа саяси кезеңнің бастауында жасалған Президент Жолдауы елдің алдағы дамуының басым бағыттарын айқындағанын айтты. «Саяси құжатта көптеген бағыттар бойынша атқарылатын міндеттер алға қойылды. Соның ішінен өзіме жақын бағыттар туралы айтар болсам, ең алдымен келесі жылдың «Жұмысшы мамандықтары жылы» болып жарияланғанымен бәріңізді құттықтағым келеді. Соңғы жылдарда алдымыздан шыққан түрлі түйткілдер бізде қарапайым жұмысшылардың тапшылығын көрсетіп берді. Бұл олқылықтың шешімін табу жолында бүкіл ел болып жастарымыздың болашақ мамандықтарын дұрыс таңдауына ықпал етуіміз керек. Бұл мамандықтар жастар тарапынан қызығушылық танытатын деңгейге жетуге тиіс», деді ол.

Сондай-ақ Ажар Сағындықова Жолдауда білім саласына көп көңіл аударылғанын тілге тиек етті. Оның айтуынша, біздің елімізде білім беру деңгейі әрдайым жоғары болған. Бұған талантты оқушы жастары­мыздың түрлі халықаралық жарыстар­дан жүлделі орын алып жүрге­ні дәлел. «Соңғы жылдары Прези­денті­міздің білім саласын жақсар­туға, мұғалімдерді әлеуметтік қолдау­ға жіті көңіл бөліп жүргені қуант­ады. «Жайлы мектеп» жобасымен за­манауи талаптың бәріне жауап бере­тін білім ошақтарының ашыла бастауы – бұл сөзіміздің айғағы. Енді бала­лар­ы­мыз сапалы білім алып қоймай, оны одан әрі дамытуға да мүмкін­дік алмақ. Олардан ертеңгі күні елге қажетті білікті мамандар шығаты­ны­на сенім мол», деді Мәжіліс депутаты.

А.Сағындықова Жолдауда айтыл­ған  еліміздің одан әрі әлеуметтік-экономикалық дамуына, ақша-несие және салық-бюджет саясатының арасындағы теңгерімсіздікті жоюға, инвестициялық ахуал мен бизнесті жүргізу жағдайларын жақсартуға, өнеркәсіптік әлеуетті толық ашуға бағытталған бірқатар бастамаларға да кеңінен тоқталды. Елдің кадрлық әлеуетін арттыру, ұлт денсаулығын нығайту және азаматтарды әлеуметтік қолдау жүйесін қайта іске қосу бо­йынша кешенді шараларды жүзеге асыру мәселелерін тілге тиек етті.

 

Қырғызстан үшін де маңызы зор

Жиынға қатысқан Қырғыз Респуб­ли­касының еліміздегі Төтенше және өкілетті елшісі Дастан Дюшекеев талқыланып отырған тақырыптың тек Қазақстан ғана емес, бүкіл Орта­лық Азия, соның ішінде Қыр­ғызстан үшін де маңызы зор екенін жеткізді. «Біз де Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жыл сайынғы Жолдауын үлкен ықыласпен тыңдадық. Мем­лекет басшысы заң мен тәртіп сақталмай, азаматтардың құқы мен бостандықтары тиісті дәрежеде қорғалмай, әділетті әрі өзара сенімге негізделген қоғам құру мүмкін емес екенін айтты. Қырғызстан бауырлас елдің құқықтық тәртіпті нығайту, сыбайлас жемқорлықпен күрес секілді маңызды бастамаларының бәрін қолдайды. Қасым-Жомарт Тоқаев елдің тұрақты экономикалық дамуын қамтамасыз етуді, азаматтардың жан-жақты жасампаздығын ашуды және халықтың әл-ауқатын көтеруді мемлекеттің басты міндеті деп атады. Бұл Жолдауда айтылған бас­тамалар мен идеялардың басым бөлігі Қырғыз Республикасының президенті Садыр Жапаровтың басшылығымен жүргізіліп жатқан жұмыстармен сәйкес келеді. Бұл екі мемлекеттің осы салаларда бір-бірімен тәжірибе алмасып, ортақ мақсат жолында тізе қосуына негіз болады», деді ол.

 

Президент жүктеген бес міндет

Парламентаризм институтының атқарушы директоры Алмас Қанатов Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Парламенттің қазіргі сессиясында жаңа заңнамаларды тиянақты да толыққанды талқылап, қабылдау керек екенін тапсырғанын жеткізді. «Біріншіден, экономикалық белсенділікті ынталандыру және финтех секторын одан әрі серпінді дамыту бойынша ағымдағы міндеттерге жауап беретін банктер туралы жаңа заң. 1995 жылғы «Банктер және банк қызметі туралы» қолданыстағы заң мүлде басқа жағдайда қабылданды. Екіншіден, жаңа Салық кодексі бұрыннан бар жүйені қайта іске қосуға арналған. Ережелерді әртүрлі түсіндіру мүмкіндігін болдырмау үшін кодексті оңайлату және оның ережелерін барлық экономикалық белсенді азаматтарға түсінікті ету өте маңызды», деді ол.

А.Қанатов Президенттің Пар­ламентке жүктеген міндеттерінің үшіншісі – биыл мамыр айында Мемлекет басшысы қол қойған «Экономиканы либерализациялау шаралары туралы» Жарлықтың жалғасы ретінде мемлекеттік кәсіпорын­дарды қаржыландырудың мақ­сат­тары, функциялары, түрлері мен әдістерін және оларды басқару­дың өзге де аспектілерін заң жүзінде реттеу қажет екенін айтты.

«Төртіншіден, қайтарылған мүліктің заңсыздығын мойындамай-ақ шарт жасасу мүмкіндігін заң­мен бекіту. Бұл құқықтық идеялар заң­сыз иемденілген мүлікті мемлекетке қайтару бойынша заңнамалық актілер пакетін жалғастыруға бағытталған. Мәжіліс қабылдаған және Сенат бекіткен «Заңсыз иемденілген активтерді қайтару туралы» заң мен басқа да заңдардың бүкіл пакеті Конституциялық сот тарапынан Конституцияға сай деп танылғанын еске салғым келеді. Бесіншіден, елімізде жасанды интеллектті қолдану мен цифрлық технологияны дамытуды заң жүзінде рәсімдеу қажет», деді ол. Бұл айтылған міндеттердің бәрі заң үстемдігін қамтамасыз етіп, халықтың мемлекеттік аппаратқа деген сенімін арттырары сөзсіз.

Ғылым және жоғары білім министрлігі Мемлекет тарихы институтының директоры Нұрбек Пұсырмановтың айтуынша, Президенттің Жолдауын ең кемі алдағы бір жыл көлемінде мем­лекеттік институттар акцент бере­тін жоспар әрі бағдар деуге болады. Осыған байланысты Жолдауға қызығу­шылық әрдайым жоғары.

«Бұл Жолдау Парламент сессиясы­ның ашылуында жасалғандықтан Президент сөзінің кіріспесін соған арнады. Ол Парламент жұмысына жоғары баға берді. Жолдаудың мәтініндегі сөйлемдердің құрылымы мен Мемлекет басшысының сөз ыр­ғағы бұл ризашылықтың дипломатия­лық тұрғыдан емес, депутаттардың жұмысына көңілі толғандықтан шынайы айтылғандығын аңғартты.

Одан кейін Президент соңғы 5 жыл­да жасалған жұмыстар туралы қысқаша есеп беріп, біртіндеп шеші­луге тиіс мәселелерге тоқталды. Пре­зи­дент айтқан келешегі зор істердің ең ұзақ мерзімі – 2029 жыл. Сондықтан Жолдау хронология­сы 2019-2029 жылдар аралығын қамтиды. Мұның астары да көп нәрсені білдіреді», деді ол.

Н.Пұсырманов Президент сөзінің мазмұны абстрактілі идеяларға, қоғамдық сананы манипуляциялауға бағытталған уәделерге емес, практика­лық кеңістікке, яғни шешілуге тиіс мәселелерге топтасқанын еске салды. Ал Жолдаудың экономикалық бөлімінде макроэкономикалық жоба­лар­ды іске асыру туралы тап­­сыр­м­аларға қарағанда экономика­дағы тромбтардың терапиясына акцент берілген.

«Президент атқарушы билік шешуге тиіс мәселелерді тоғыз тармақпен көрсетіп, әрбірінде Парламент депутаттарына да тоқталып өтті. Бұл бір жағынан проблемаларды шешуде заң шығарушы және атқарушы билік жұмылуы керек дегенді білдірсе, екінші жағынан депутаттарға Үкімет жұмысын қадағалауда белсенді болуға шақырумен байланысты. Жолдауда келелі ұсыныстар айтылып, сол жерде оны іске асыруда ескерілуге тиіс тәуекелдер де көрсетілді» деген ол құжат мәтінінде экономикалық дамуға басымдық берілгенімен, «дағда­рыс» сөзі кездеспегенін, ал «инфляция» деген сөз бір-ақ рет «қарқы­ны баяулады» деген контекстте айтыл­ғанын атап өтті.

Оның айтуынша, Жолдаудың астарынан прагматикалық идеология байқалады. Ол еліміз дұрыс бағытта келе жатыр, оның болашағын жарқын ету өз қолымызда, әр мемлекеттік инс­титут, бизнес пен азаматтық қоғам өз деңгейінде сапалы жұмыс атқарған жағдайда көздеген нәтижеге жетеміз дегенге саяды.

Жиын барысында аталған спикерлерден бөлек, Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты Экономикалық саясатты талдау бөлімінің бас ғылыми қызметкері Айгүл Көшербаева, «Бірыңғай «Жас ұлан» балалар мен жасөспірімдер ұйымы» ҚБ төрағасы Динара Сәдуақасова, Еуразиялық инте­грация институтының Ғылы­ми-тео­риялық талдау және әдістеме­лік қамтамасыз ету бөлімінің меңгеру­шісі Арман Ешмұратов және Президент­тік орталықтың ғылыми қызметкері Мариан Әбішева баяндама жасады.

Дөңгелек үстелдегі талқы­лау нәтижелері бойынша материал­дардың электрондық жинағы дайын­далады. Оны әрі қарай жұмыс істеу үшін уәкілетті мемлекеттік органдарға беру жоспарланып отыр.