• RUB:
    5.18
  • USD:
    514.93
  • EUR:
    536.04
Басты сайтқа өту
Аймақтар 06 Қыркүйек, 2024

Қала аумағы ұлғаятын күн жақын

110 рет
көрсетілді

Біршама уақыт бұрын облыс орталығы Тараз қаласының аумағы ай­тар­лықтай ұлғаятыны туралы әңгіме жиі айтыла бастаған еді. Тіпті, жаңадан құрылатын екі ауданға «Алатау», «Қаратау» деп ат қою туралы ұсыныстар да болған. Баянды бастаманы жүзеге асыратын күн алыс емес. Қазіргі кез­де қала басшылығы осы бағытта жұмыс ат­қарып жатыр.

Облыс орталығында 433 мыңнан астам халық қоныстанған. Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылыс туралы заңына сәйкес, қала халқының саны 400 мыңнан асқан шақта аудандар құрылуы тиіс. Сол тұрғыдан алғанда, облыс орталығынан екі аудан құру идеясы құптауға тұрарлық қадам екені анық.

«Осы жылдың қаңтар айында ел Үкіметінің қаулысымен қаланың бас жоспары бекітілді. Сол бас жоспарға сәйкес облыс орта­лығында екі аудан құру қарастырылған. Алдағы уақытта қала маңында орналасқан Жам­был, Байзақ аудандарынан жалпы жер аумағы 13 мың гектарды құрайтын, 45701 тұрғыны бар 14 елді мекен қалаға қосылады. Сол кезде қала халқының саны 480 мыңға жуықтайды.

Облыс орталығынан екі аудан құру арқылы қаладағы ахуалды толық бақылауға алу жеңілдейді. Барлық қызметтерді тиімді ұйым­дастыруға және қаланы оңтайлы басқаруға мүмкіндік туады», дейді Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков.

Қала басшысының айтуынша, облыс орталығындағы халық саны жыл сайын артып келеді. Сол үшін де Тараз қаласында сапалы жұмыс істейтін өндіріс орындарын көбейтудің маңызы зор. Инвестиция тарту арқылы жүздеген жаңа жұмыс орындарын ашу мүмкіндігі тумақ.

«Осы жылы жалпы құны 6,9 млрд теңгені құрайтын «Alina Group» ЖШС-нің құрғақ құ­рылыс қоспалар зауыты іске қосылды. Зауыттың қуаттылығы жылына 350 мың тоннаны құрай­ды. Мұнда 35 жаңа жұмыс орыны ашылды. Бұдан бөлек, жалпы құны 34,7 млрд теңгені құрайтын 5 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Қолға алған жобалар толық іске ас­қанда 944 жаңа жұмыс орны құ­рылады», дейді ол.

Жергілікті атқарушы билік тұрғындардың тілегіне құлақ асқаны көңіл қуантады. Әсіресе уақытында қоқыс пен қамыс басып кеткен «Түйте» каналын қалпына келтіру жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Қолға алынған жұмыстың нәти­же­сінде, еліміздегі ең үлкен шағын аудан саналатын «Ұлы дала» ықшам ауданында жұрт се­руен­дейтін орын пайда болмақ.

«Осы жылы қаланы абаттандыру және санитарлық-та­зарту жұмыстарына бюджеттен 2,5 млрд теңге қаражат бө­лінді. Оның ішінде абаттандыру жұмыстарына 1,3 млрд теңге, санитарлық тазалық жұмыстарына 1,2 млрд теңге қарастырылды.

Қала аумағын көгалдандыру және жасыл аймақ құру жос­парына сәйкес, «Жасыл белдеу» бағдарламасы аясында осы жылы 20 көшет отырғызуды міндеттегенбіз. Көктем мезгі­лінде 10 мың түп көшет егілді. Қалған 10 мың түп көшет жақын күндері отырғызылады.

Бұдан бөлек, қаланың орта­лық көшелеріне, саябақ­тарға, алеялар, скверлерге жалпы саны 10 мыңға жуық әртүрлі ағаш­тар отырғызылды. Қаланы абаттандырудағы маңызды мәселе – көгалдандыру, оның ішінде жасыл желектерді суару.

Қазіргі кезде қаланы ағын сумен қамтитын арық жүйелерінің тозығы жеткені мәлім. Осы ол­қылықты қалпына келтіру жұ­мысын мықтап қолға алдық. Ал­дағы екі жылдың бедерінде бұл мәселені ойдағыдай шеше­міз деп жоспарлап отырмыз.

Былтыр осы мақсатқа бюджеттен 1 млрд теңге қаражат қарастырылып, шағын аудандарда 40 шақырымды құрайтын ескі лотоктарды монтаждау және демонтаждау жұмыстары жүргізілді. Ал, биыл 8 шақырым арық жүйесін жаңартуға бюджеттен 400 млн теңге бөлінген. Қазір бірқатар шағын ауданда құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Қала аумағындағы 6 иррига­циялық және 2 дренаж каналды механикалық тазалауға қала бюджетінен 250 млн теңге қарас­тырылып, жоспарға сәйкес жұмыстар атқарылып жатыр. Сондай-ақ өңір басшысы Ербол Қарашөкеевтің тапсырмасына сәйкес «Түйте» каналының («Ұлы Дала» шағын ауданы мен «Бурыл» тұрғын алабы ортасы) бір бөлігіне абаттандыру жұ­мыс­тары жүргізіліп жат­қа­нын айта кеткен жөн», дейді қала әкімі.

Күрең күзге қош дейтін кез алыс емес. Қылышын сүйретіп қыс келе жатыр. Жергілікті атқарушы биліктің жылыту мау­сымына тыңғылықты дайын­далғаны абзал. Ол үшін жылу желілерін жаңғыртудың маңызы зор екені айтпаса да түсінікті. Қалада 400 мыңнан астам халық тұратыны мәлім. Сондықтан да қала билігі бұл іске өткен жылдан бастап айрықша назар аударып отыр.

«2023 жылы «Тараз қаласын­дағы Сыпатай батыр, Төле би, Қаратай Тұрысов көшелерінің бойындағы М-1 жылу магис­тралін қайта жаңғырту» жобасы әзірленді. Оның құны 10,7 млрд теңгені құрады. Жалпы жылу желісінің ұзындығы 6,1 шақырымға созылып жатыр.

Осы жылы аталған жобаны іске асыру үшін қазынадан 7,1 млрд теңге қарастырылды. Құрылыс-монтаждау жұмыс­тары 19 сәуірде басталды. Бе­кітілген өндірістік жұмыс кес­тесіне сәйкес, құрылыс жұ­мыс­тарын биылғы жылдың бірінші қазанына дейін аяқтауды жос­парлап отырмыз.

Бұдан бөлек, «Тараз қаласын­дағы Жамбыл даңғылы, Қонаев, Сейфуллин көшелері бойындағы М-3 жылу магистралін қайта жаңарту» жобасына мемлекеттік сараптама қорытындысы алынып, республикалық бюджетке өтінім ұсынылды. Оның құны 2,1 млрд теңгені құрап отыр.

Жалпы тозығы жеткен ішкі кварталдық жылу желілерін қайта жаңғырту бойынша 10 жоба әзірленіп, республикалық бюд­жетке өтінім берілді. Олар­дың жалпы құны 18,8 млрд теңгені құрайды. Осы жұмыстар дер кезінде мақұлданып, жүзе­ге асқан жағдайда облыс орта­лығындағы жылу желілерінің мәселесі оңынан шешілмек», дейді Б. Орынбеков.

Қалай алып қарасақ та, облыс орталығын көркейту жолында жергілікті атқарушы билік аз жұмыс атқарып жатқан жоқ. Қала билігі жергілікті тұрғындар ұзақ жыл бойы «жырлаған» «Түйте» каналын ретке келтіріп жатқаны көңіл қуантады.

Сондай-ақ жергілікті халық жылдар бойы көтерген өзекті мәселенің бірі – теміржол өт­келі. Абай даңғылы арқылы теміржол үстімен өтетін жол өткелі мен жаяу жүргіншілер жолын салу жобасына қатысты мемлекеттік сараптаманың қоры­­тындысы алыныпты. Соған қа­рағанда алдағы бірнеше жыл­дың бедерінде бұл ауқымды жұ­мыс та ойдағыдай іске асатын секілді.

 

ТАРАЗ