Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен палатаның жалпы отырысы өтіп, оның күн тәртібінде негізінен әлеуметтік, құқықтық мәселелерді қарастырған заң жобалары қаралды. Сондай-ақ бірқатар халықаралық келісімді ратификациялауға бағытталған заңдар қабылданды. Сонымен қатар Мәжіліс комитеттері жаңа заң жобаларын жұмысқа алды.
Халықаралық келісімдер ратификацияланды
Нақтылап айтсақ, жалпы отырыста алдымен «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» кодекске өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы мәселе қаралды. Одан кейін БҰҰ бөлуді бақылау жөніндегі күштеріне (UNDOF) ресурс ұсынатын Қазақстан Үкіметі мен БҰҰ арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумды ратификациялау бағытындағы заң жобасы күн тәртібіне қойылып, тиісті шешімі шығарылды.
Сондай-ақ Қазақстан мен Франция, Қырғызстан үкіметтері арасындағы кейбір келісімдерді және 2014 жылғы 29 мамырдағы ЕАЭО туралы шартқа өзгерістер енгізу жөніндегі хаттаманы ратификациялау туралы заң жобалары талқыға салынды.
Депутаттар Қазақстан мен Қатар үкіметтері арасындағы басым салалардағы жобаларды дамыту үшін ұзақмерзімді стратегиялық әріптестік орнату туралы келісім мен биологиялық материал алмасу туралы келісімді ратификациялау туралы заң жобасын талқылауға келгенде баяндамашыны біраз «тергеді». Жалпы, бұл келісімнің мақсаты – Қазақстанда телекоммуникация, энергетика, мұнай-химия және басқа да түрлі салаларда бірлескен жобаларды жүзеге асыру, сондай-ақ екі ел арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайту.
Бұл мәселе бойынша Премьер-министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров баяндама жасады. Министр бұл келісімде Қазақстан аумағында іске асырылатын жобаларға қатарлық компаниялар инвестиция салатын шарттардың тізбесі қамтылғанын атап өтті.
– Келісім инвесторлар үшін тәуекелдерді азайтуды, тартымды инвестициялық орта қалыптастыруды көздей отырып, елімізге жалпы сомасы 20 млрд долларға жуық инвестиция тартуға мүмкіндік береді. Жалпы, келісімде елімізде телекоммуникация, энергетика, газ өндіру және тасымалдау, қаржы салаларын қоса алғанда, 9 бірлескен инвестициялық жобаны іске асыру көзделеді, – деді баяндамашы.
Аталған тоғыз жобаның ішіндегі біреуі «Bereke bank» АҚ-ның 100% акциясын «Lesha bank»-тың сатып алуына қатысты болып отыр.
Ұлттық экономика министрінің айтуынша, бұл жоба Мемлекет басшысының былтырғы Жолдауында қамтылған банк саласындағы бәсекелестікті арттыру мақсатында елге 3 сенімді шетелдік банкті тарту тапсырмасы аясында іске асырылып отыр. Министр қайткен күнде де бұл жобаны іске асыру қаржы жүйесіне жаңа капитал тартуға мүмкіндік беретінін алға тартты.
Баяндамашы «Мобайл Телеком-Сервис» компаниясын сату жобасына да тоқталды.
– «Қазақтелеком» АҚ-ның «Мобайл Телеком-Сервис» компаниясын қатарлық «Power International holding» компаниясына сатуы телекоммуникация саласын ырықтандыруға және бәсекелестіктің өсуіне ықпал етпек. Қатарлық «Power International holding» компаниясының Теле2-ге салған инвестициялары озық технологияларды енгізуге, телекоммуникациялық инфрақұрылымды кеңейтуге, халықаралық стандарттарға сәйкес бизнес-процестерді оңтайландыруға мүмкіндік береді, – деді Н.Байбазаров.
Сондай-ақ ол бұл келісімде газ өңдеу зауыттарын салу жөніндегі 3 жоба бар екенін де атап өтті. Ол жобаларды іске асыру Қашаған кен орнының ресурстық базасын ұтымды пайдалануға, елдің ішкі қажеттіліктерін жабу үшін тауарлық газ өндірісін ұлғайтуға мүмкіндік бермек.
– Газ өңдеу зауыттарының іске қосылуы жылына 6,9 млрд текше метр тауарлық газды, 410 мың тонна сұйытылған көмірсутек газын, 60 мың тонна газ конденсатын және 770 мың тонна күкірт өндіруге мүмкіндік береді. Газ өндеу зауыттарының әрқайсысын іске қосу құрылыс кезеңінде – 2 000, пайдалану кезеңінде 600 жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді, – деген министр Н.Байбазаров аталған жобалар елімізде тауарлық газ өндірісінің көлемін 18%-ға ұлғайтатынын айтты.
Сондай-ақ келісім аясында қазақстандық тарап қатарлық инвестициялар үшін тұрақты салық режімін, Қазақстан аумағында қатарлық инвестицияларды қорғауды қамтамасыз етпек.
Мемлекеттік мүдденің басымдығы
Баяндамадан кейінгі сұрақ-жауап кезеңінде депутат Әділ Жұбанов жоғарыда аталған 9 жобаның ішіндегі ГӨЗ-1 газ өңдеу зауытының құрылысы 2021 жылы басталғанын, қазіргі жоспар бойынша құрылысы аяқталатын уақыт келгенін айтты. Яғни салынып біткелі тұрған зауытты шетелдік инвесторларға берудің қандай қажеттіліктен туғанын сұрады. Энергетика вице-министрі Әлібек Жамауов бұл сұраққа көп ойланбастан «QazaqGaz» ұлттық компаниясы мен «Самұрық-Қазынаның» шешімі екенін жеткізіп, қысқа қайырды.
Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров шетелдік инвестицияға қарсылығымыздың жоқтығын, бірақ инвестиция шарттары ұлттық мүддемізге сәйкес келуі керектігіне тоқталды.
– Мәселен, келісімнің 2-бабында «салық режімі Қазақстан заңдарына тәуелді емес» деп жазылған. Бұған қоса 1-бапта «қосымша салық преференциясы қарастырылады» делінген. Келіп жатқан инвестиция еліміздің заңдарына бағынбайтын болса, ертеңгі күні экономикалық үдерісті қалай қадағалаймыз? Сондай-ақ қосымшада «Мобайл Телеком-Сервис» компаниясын сату туралы бабында «Мемлекеттік органдардың сатып алушының коммерциялық операциялық ісіне араласуына тыйым салынады» деп жазылған. Қазір бұл компания мемлекеттің меншігінде бола тұра біз олардың тәбетіне ие бола алмай отырмыз. Ал алдағы уақытта шетелдік инвесторға кететін болса, оған мемлекет араласа алмайтын болса, тариф, интернет ақысы қымбаттаған жағдайда біз қалай араласамыз оған, – деген Е.Саиров тариф қымбаттаса ауыртпалығы алдымен халыққа түсетінін жеткізді.
Өз кезегінде Ұлттық экономика министрі мұндай бір пакетпен келген 20 млрд долларлық инвестиция еліміз тарихында бірінші рет болып отырғанын айтып өтті.
– Әрине, біз мұндай сомада инвестиция тартуға мүдделіміз. Жаңа салықтық жеңілдіктерге, қазір келіп жатқан өзге де инвесторларға келсек, біз арнайы шарттар арқылы осындай жеңілдіктерді беріп отырмыз. Өйткені инвесторлардың әлем бойынша қоятын инвестициялық шарттарының бірі осы салық мәселесіне келіп тіреледі. Әрине, қатарлықтар да мұндай салықтық жеңілдіктерге ие болуды көздейді. Сондықтан біз бұл жерде ешқандай проблема көріп тұрған жоқпыз. Олардың құятын инвестициясына расында мүдделіміз. Жобалар іске асырылып, жұмыс орындары ашылып, жалпы, экономиканың алға жылжуына қолайлы жағдайлар туғызады.
«Мобайл Телеком-Сервиске» келетін болсақ, әрине, тарифтер мәселесін реттейтін еліміздің өзге де заңдары бар. Оның үстіне олар бәсекелестік ортада жұмыс істейтіндіктен, нарық өзі реттейді. Егер компания тарифті қымбаттатып жіберетін болса, тұтынушысынан айырылады, – деген министр байланыс саласына төнгелі тұрған қауіптің жоқтығын меңзеді.
Келісімнің идеологиялық қаупі бар ма?
Депутат Ермұрат Бәпи араб елдерінен келетін инвестициялардың діни идеологиялық жүктемесі жоқ па деген сұраққа назар аударды. Өйткені аталған келісімде инвестицияның белгілі бір пайызы үкіметтік емес немесе діни ұйымдарға жұмсалады деген талап бар көрінеді.
– Осы талап біздің ұлттық мүддемізге нұқсан келтіріп, сыртқы теріс діни идеологиялық қатерге соқтырмай ма? Осы жағы тексеріле ме? Жоқ әлде біз инвестицияға, осындай әріптестікке зәру болғаннан кейін қаржының бәрін қабылдай береміз бе, – деп сұрады Ермұрат Бапи баяндамашыдан.
Ал Н.Байбазаров бұл келісімді барлық мүдделі мемлекеттік органдар қарайтынын айтып өтті.
– Құжат құқық қорғау органдарының сараптамасынан өтеді. Сондықтан бұл жерде ондай тәуекелдер жоқ деп ойлаймын. Қатар елі қазір бүкіл әлемде белсенді инвестициялық саясат жүргізіп келеді. Олар Еуропаның футбол клубтарына дейін сатып алып жатыр. Сондықтан олар өздерінің байлығын инвестициялап отыр. Бұл – дұрыс практика. Экономикалық өсімді қамтамасыз ету үшін бізге осындай қомақты инвестиция қажет. Жақында біз Астанада Араб үйлестіру тобымен кездестік. Оған Ислам даму банкі Парсы шығанағының бүкіл мемлекеттік қорларының басшыларын бастап келді. Олар да Қазақстанға 7-10 млрд доллар көлемінде инвестиция салуға дайын. Сондықтан бізге мұндай инвестициялар керек. Бірақ әрине, олардың жұмыс құрылымын, сапасын, шарттарын міндетті түрде қараймыз, – дейді Н.Байбазаров.
Қысқасы, Ұлттық экономика министрі мұндай инвесторларға рахмет айтуымыз керектігін ескертті.
Жалпы отырыстың күн тәртібінде «Биологиялық материалмен алмасу туралы келісімді ратификациялау туралы» заңның жобасы да қаралды. Бұл келісімді ратификациялау ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің жануарлардың инфекциялық ауруларының таралуын болғызбау, жануарлардың аса қауіпті ауруларының зертханалық диагностикасын жетілдіру, микроорганизмдердің (штамдардың) ұлттық коллекцияларын толықтыру және келісімге қатысушы мемлекеттердің аумақтарын эпизоотиялардан қорғау жөніндегі күш-жігерін біріктіруге мүмкіндік бермек.
Алаңдатарлық мәселелер айтылды
Жалпы отырыс соңында депутаттар тиісті мемлекеттік органдарға бағытталған сауалдарын жолдады.
Депутат Темір Қырықбаев Ішкі істер министрі Ержан Сәденовке жасырын есірткі зертханаларындағы қылмысты ашу, қылмыскерлерді ұстау бағытындағы жұмыстар құқық қорғау органдары тарапынан жүргізілгенімен олардың саны артып бара жатқанын жеткізді. Мәселен, 2021 жылы – 17, 2022 жылы – 68, 2023 жылы 81 есірткі зертханасы, 34 халықаралық және 32 өңірлік есірткі жеткізу каналы жойылыпты. Тек ресми статистика бойынша кейінгі 3 жылда синтетикалық есірткіні тәркілеу көлемі 100 килограмнан 1 тоннаға дейін өскен.
Депутат Ерболат Сатыбалдин ұшақтың бағасы күн санап аспандап бара жатқанын атап өтті. Көлік министрі Марат Қарабаевқа баға саясатын қайта қарап, авиатасымал сервисі мен қызмет көрсету сапасын жақсарту үшін азаматтық авиация саласындағы құзырлы органның жұмысын ширатуды ескертті.
Ал депутат Наталья Дементьева Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсеноваға мектептегі ыстық тамақтану проблемасын жүйелі шешу бағытындағы бірқатар ұсынысын жолдады.