Осыған дейін Жетісуда ауыл шаруашылығы техникасы ескіргенін айтқанбыз. Дегенмен жаңарту жұмысы жүріп жатыр. Мәселен, биыл облыс 664 бірлік жаңа ауыл шаруашылығы көлігін сатып алған. Оның 33-і Қаратал ауданына тиесілі. Оған шамамен 532 млн теңге жұмсалған. Қазір қараталдық шаруалардың көңілі тоқ, егін басында жүр. Келер жылы да өңірге бірнеше жаңа техника келеді.
Агроөнеркәсіп кешенінің дамуы ауыл шаруашылығы техникасының жағдайына тікелей байланысты. Бұл ретте Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы техникаларын жыл сайын 8-10%-ға жаңартып отыру қажеттігі туралы тапсырма берген еді. Осыған орай Жетісу облысының шаруашылықтары мемлекет тарапынан жасалып отырған жеңілдіктерді пайдаланып, қаржы институттары арқылы жаңа техникалар сатып алып жатыр. Солардың бірі Ескелді ауданындағы «Дюсенбинов А.К.» шаруа қожалығы «Қазақстанда жасалған» бағдарламасы арқылы автопаркін жаңа техникалармен толықтырды.
Облыстағы іргелі шаруашылық саналатын «Дюсенбинов А.К.» ШҚ 1998 жылдан бері аграрлық салада жемісті еңбек етіп келеді. Шаруашылық басшысы Айдын Дүйсенбиновтің айтуынша, қосымша «Қасымов» және «Демеуов» шаруа қожалықтарын құрып, үш қожалық бірлесіп жұмыс істейді. Олардың 1 500 гектардай суармалы жері бар. Оның 400 гектарына қант қызылшасын, қалғанына масақты-дәнді және мал азығы дақылдарын өсіреді. Қожалықтардағы техниканың саны агрегаттарды есептемегенде 50-ден асады. Дегенмен оларды шетінен жаңартып отыру қажет дейді фермер.
«Биыл мемлекеттік қолдаудың арқасында «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы жылына 6 пайыздық үстемемен елімізде құрастырылатын «Buhler» маркалы 400 аттың күшіне тең трактордың екеуін сатып алдық. Егер шетелде шығатын техниканы алған болсақ, ол бізге аса қымбатқа түсетін еді. Отандық техниканы сатып алғанымыз үшін Үкімет шығынымыздың 30 пайызын субсидиялап отыр. Алғашқы жарнасын бірден төлемейтініміз де үлкен жеңілдік болды. Оны тек желтоқсан айында төлеп, келесі жылдан бастап негізгі қарызды өтеуге кірісеміз. Бұл бағдарламаның тағы бір ерекшелігі – кепілдік сұрамайды. Шаруа қожалықтары үшін кепілге мүлік табу қиын. Бұл бағдарламада сатып алынып отырған техниканың өзін кепіл ретінде қояды. Қазір сатып алынған екі трактордың біреуі бір аптадан бері алқапта жұмысқа тартылған. Екіншісінің соқасын реттеп, күзде жер жыртқанға дайындап отырмыз», дейді А.Дүйсенбинов.
Бұдан бөлек шаруашылықтар гербицидке, жанар-жағармайға, қызылша тұқымына мемлекеттен субсидия түрінде жеңілдіктер алып отыр. Осындай қолдаудың, агротехнологиялық талаптарды сақтаудың арқасында былтыр «Дюсембинов А.К.» шаруа қожалығы қант қызылшасы алқабынан орташа шығымы 800 центнерден өнім жинаған. Биыл да өнімділік осы шамада болмақ. Үш шаруашылықты қоса алғанда, мұнда 50 адам тұрақты жұмыс істейді, ал маусымдық кезеңде жұмысшылар саны 100-ге жуықтайды.
Қаржы институтының өкілдері ауыл шаруашылығының техникаларын жеңілдікпен сатып алуға мүмкіндік беретін бірқатар бағдарлама бар екенін, соның ішінде отандық тауар өндірушілерді қолдауға бағытталған «Қазақстанда жасалған» бағдарламасы пайдалы екенін айтты. Бұл – елімізде жасалған немесе жинақталған ауыл шаруашылығы техникасына лизинг беруді қаржыландыруды көздейтін бағдарлама.
«Облыста филиал ашылғалы шаруалар 6 мыңға жуық жаңа техникамен қамтылды. Бүгінде мыңға жуық қожалық бізбен бірлесе жұмыс атқарады. Биыл ауыл шаруашылығын қолдау мақсатында аймаққа 6,5 млрд теңге қаржы бөлініп еді. Дегенмен бірінші жартыжылдықта 7,5 млрд теңге қаржы игеріліп, жоспар артығымен орындалды. Қосымша 1,2 млрд теңгеге сұраныс жібердік», дейді «Қазагроқаржы» АҚ Жетісу облысы бойынша филиалының директоры Талғат Мамырбаев.
Жалпы, ауыл шаруашылығы техникаларының саны 22 500-ден асады. Өткен 8 айдың ішінде өңірдегі ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері жалпы құны 9,1 млрд теңге болатын 664 бірлік жаңа техниканы «ҚазАгроҚаржы» және «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-лары арқылы, сондай-ақ өз қаражаттарына сатып алған. Қазір қараталдық шаруалар соның қызығын көріп отыр. Аталған ауданда қызылшаға арналған 3, күріш өсіру бағытында 1 сервистік дайындау орталығы болған. Биыл «Жетісу» ӘКК арқылы тағы бір орталық ашылып, қант қызылшасы бағытында 10 техника, яғни 4 комбайн, 4 сепкіш, 2 жапырақ басқыш техника сатып алынды.
Ауданда биыл ауыл шаруашылығы дақылдары 22,1 мың гектарға егілсе, соның 1 200 гектары – күріш, 1 461 гектары – қант қызылшасы. Бұл орайда егістікті суару жүйелерін жаңғырту қолға алынып, бүгінгі күні 112 шақырым арна толығымен тазартылған. 81 шақырым суару жүйелерінің 20 шақырымы ауыстырылды. Бұл жоба толық іске асқанда жаңадан 1 300 гектар іске қосылып, 5 500 гектар егістік жерді суару жақсарады.
«Аудандағы 74 ішкі шаруашылық арналарды механикалық тазартуға 168 млн теңге бөлініп, жұмыс жүргізіліп жатыр. Бұл жұмыс осы жылдың соңына дейін толығымен аяқталады. Сол сияқты ауданда 400 гектар жерге су үнемдеу технологиясын қолданудың 2 жобасы іске асырылады», деді облыс басшысы Бейбіт Исабаев.
Жалпы, ауыл шаруашылығы субъектілеріне мемлекет тарапынан қолдау тұрақты көрсетіліп келеді. Бұл ретте облыс көлемінде ауыл шаруашылығын қолдауға 34,9 млрд теңге бөлінген, соның 23,2 млрд теңгесі – субсидия. Қазір шаруалар өнімдерін жинап жатыр.
Жетісу облысы