Аймақтар 13 Қыркүйек, 2024

Байланыс белдеулері

106 рет
көрсетілді

Ел мен елдің арасындағы татулыққа, ынтымақты тірлікке ештеңе жетпейді. Көршілердің біріне бірінің тоңтеріс қарап жүргенінен сақтасын. Көпвекторлы саясаттың арқасында еліміз әлемнің көптеген елімен тығыз қарым-қатынас орната білді. Сан салалы байланыстардың еліміздің жан-жақты дамуына зор әсері тиіп жат­қанын уақыт көрсетіп те жатыр.

Шынайы көңіл, бүк­песіз ниет алыс­ты жақындатады, жоқ­ты бар етеді, соқпақты даңғыл­ға айналдырады. Ұлы даланың Ұлытауы мен ну орманды Нов­городтың арасындағы кейінгі кез­де қалыптаса бастаған қарым-қатынас – тату көршілік пен әріптестіктің шынайы көрінісі.

2022 жылдың қарашасында Орынборда өткен Қазақстан мен Ресейдің аймақаралық форумы аясында Ұлытау және Нов­город облыстары арасында ынтымақтастық туралы Мемо­рандумға қол қойылған еді. Бұл жа­ңадан құрылып жатқан облыс­тың шетелдік әріптеспен байланыс орнату жолындағы алғашқы қадамы болатын. Ал 2023 жылдың қыркүйегінде Астанада өткен «Innoprom Qazaqstan» форумында екі облыс арасында 2023-2025 жылдарға арналған арнайы Жол картасы дүниеге келді. Сөйтіп, ниет нақтылы сипатқа көше бас­тады.

Биылғы мамыр айында Ұлы­тау облысының арнайы делага­циясы Новгородқа барып, тиісті кез­десулер өткізді. Әрине, әр са­пардың өз берері болады. Алғашқы сапар жалпы танысу тұрғысында өткенімен, сол жолы экономикасы әлді де қуат­ты Новгородтың Ұлытау өңі­рін дамытуда елеулі үлес қоса алатынын алға тартқан облыс басшылығы ресейлік әріптесте­рін қарымта сапармен келіп қай­туға шақырған еді. Міне, енді Новго­род облысының губер­наторы Андрей Сергеевич Никитин бастаған делегация Ұлытау айма­ғында болды.

Ресейлік қонақтарды қабыл­даған облыс басшысы екіжақ­ты байланыстың қазірдің өзін­де өз жемісін бере бастағанын атап көрсетті. Айталық, онлайн режімде өткізілген білім сала­сындағы тәжірибе алма­су­­лар, технологиялық жетіс­тік­­тер алаңын аралау – соның ай­ғағы. Келесі жылдың алғаш­қы жартыжылдығында Ұлы­тау дәрігерлері Новгород универ­ситетінде кәсіби біліктілікте­рін арттыратын болады. Бұл медицинаның білікті мамандарына тапшылық қатты сезіліп тұрған өңір үшін өте маңызды.

Мамыр айындағы сапар ке­зінде Новгород облысындағы Технологиялық парк жұмысы ұлытаулықтарды қатты қызық­тырған еді. Екі жақтың өзара келісімі бойынша алдағы уақытта нақ сондай Технологиялық парк Ұлытау облысында да құрылатын болады. Ал бұл дегеніңіз өңірге жаңа леп келеді дегенді білдіре­ді. Яғни жаңа жұмыс орындары ашылады, салық түсімі молаяды.

Негізі Новгородта осы заман­ғы технологияны игеру ғана емес, оны одан әрі жетілдіруге аса қат­ты мән беріледі. Бұл үшін жыл сайын жастар арасында арнайы Озық технологиялар чемпионаты өткізіледі. Жезқазған жастары да бұл чемпионатқа өз жобаларын ұсынатын болса, нұр үсті­не нұр емес пе? Жаңа технология дегеніміз – қазіргі экономиканың ең негізгі қозғаушы күші. Ал жас­тар соған ұмтылып, білімділер мен біліктілер сайысында бақ сынап, бәйгеге түсіп жататын бол­са, бұдан артық не керек? Бұл да ­болса – екіжақты байла­ныс­ты дамы­ту қажеттілігінің бір көрінісі.

Ұлытау облысы дегенде «Қа­зақ­мыс» корпорациясы бірден көз алдыңызға келеді. Әлемдік он мыс алыбының бірі саналатын корпорацияның әлі күнге дейін шикізаттан дайын өнім өндіруге бет бұра қоймағаны өкінішті-ақ. Дегенмен 1971 жылдан бері жұмыс істейтін Жезқазған мыс балқыту зауытының негізгі өнімі – тазартылған мыс десек, мұның сапасы керемет. Тазартылған мыс құрамында 99,99% мыс бар және бұл әлемдік талаптарға сәй­кес келеді. Зауытқа қарасты елі­міздегі бірден-бір мыс ширатпа­сын шығарумен айналысатын «Каз­кат» кәсіпорны жылына 50 мың тонна өнім өндіреді. Биыл ашыл­ғанына 30 жыл толатын кәсіп­­орынның мүмкіндіктері де мол.

Сондай-ақ Жезқазғандағы «Ютария» тігін фабрикасының қызметі кім-кімді де өзіне қы­зық­тыра алады. Кәсіп­орын­дар­ға, әскери, медициналық қыз­мет­керлерге арналған арнайы киімдер, тоқыма және трико­таж бұйымдарын өндіретін фаб­рикада 300-ден аса адам еңбек етеді. Қуаты жылдан-жыл­ға есе­леніп келе жатқан фаб­риканың келешегі қазіргіден де қуатты бола түсетіні күмәнсіз.

Жезқазған қаласындағы «Каз­техфильтр» ЖШС шағын ғана аумақта орналасқан. Соған қарамастан, оның өнімдеріне деген сұраныс жоғары. Өйт­­ке­ні атынан заты көрініп тұрға­­нын­дай, «Казтехфильтр» – қоз­­ғалт­қыштарға арналған ауа, май және отын сүзгілерін өндіру­мен ай­налысады. «Қазақмыс» кор­порациясы, «Восход – Oriel» ЖШС, «Костанайские Ми­нералы» ЖШС, «Шұбаркөл көмір» ЖШС – «Казтехфильтр» ЖШС-ның өнімдерінің негізгі тұты­нушылары.

Новгородтан келген делегация аталған өндіріс орындарын­да болды, олардың жұмыстары­мен жақынырақ танысты. Со­нымен қатар ресейліктер өңір экономикасының айқындау­шы кәсіпорындары болып саналатын «Қазақмыс», «Қар­мет», «Казцинк» сынды ірі компа­ния­лардың жұмыстарына ғана емес, аймақта енді ғана қолға алына бастаған жол құрылысы, туризм саласына да қызығушылық танытты. Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы ресейлік кәсіп­кер­лерді аталған салаларға инвестиция салуға шақырды.

– Біз Ұлытаудың тарихи аймақ екенін еститін едік. Сапар барысында Жезқазған тарихи-өлке­тану музейінде, «Жо­шы хан» ке­шенін­де болған кезімізде бұған көзіміз жете түсті. Дегенмен екі облыс арасындағы ынтымақтас­тық білім, мәдениет, спортпен шектеліп қалмайды, экономика саласындағы бағыттар басты назарда болады. Ұлытау же­рінде бір­неше кәсіпорында болдық. Бізді өндірістің қарқыны қуантты. Өйткені өндірісі тоқтаусыз жұ­мыс істеп тұрған жердің бола­шағы алда. Ал бола­шағы бекем аймақпен байланыс белдеулерін кеңейте түсу – екі жақтың да мүд­десіне сай келеді, – деді сапар соңында бізбен ой бөліскен Новгород облысының губер­на­торы А.Никитин.

Қос өлкенің де тарихы ға­сыр­лар қой­науынан тамыр тартады. Ежел­гі тарихы терең екі өңірдің жаңа уақыттың талабына сәйкес ес­кі­ден қалған жолды жаңар­­тып ­жат­қаны, олардың бірлесе жұ­мыс істеуге деген ұмтылыс­тары екі жақтың да мүддесіне сай келеді. Ең бастысы да – осы!

 

Ұлытау облысы