• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Дүниежүзілік көшпенділер ойындары 12 Қыркүйек, 2024

Салиқалы ерлі-зайыпты садақшылар

44 рет
көрсетілді

Ата-бабасынан отырықшылық өмір салтын ұстанған халыққа көшпелілердің ұлттық спорт түрлері экзотикалық мәнге ие. Сол себепті кейінгі жылдары АҚШ пен Еуропа елдерінде түркі халықтарының ұлттық ойындарына деген қызығушылық жоғары. Біз V Дүниежүзілік көшпелілер ойындарына тіпті бірнеше шетелдік ерлі-зайыптылардың да қатысып жатқанын көргенде қайран қалдық. Дәстүрлі садақ атудан сынға түсіп жатқан солардың бірқатарын әңгімеге тартып, тамырын басып көрген едік.

«Өз әулетімнен шыққан тұңғыш садақшымын»

Испаниядан келген 68 жас­тағы Марисоль Каррион Джи­менестің айтуынша, күйеуі Феликс Галлего Гуэрреро екеуі осы турнирге қа­тысып жатқан садақ­шылардың ішіндегі ең жасы үлкендері. Өзі­нің садақ атумен шұғыл­данып жүргеніне 10 жылдан асыпты.

«Испанияда «Дәстүрлі садақ ату қоғамы» деп аталатын ұйым бар. Оның жұмыс істеп келе жат­қанына 12 жылдай болды. Біз зайыбым екеуміз осы қоғамның мүшелеріміз. Дүниежүзілік көш­пелілер ойындарына бірінші рет қатысып жатырмыз», дейді ол.

Ерлі-зайыпты Феликс ағай мен Марисоль апай бұған дейін Испаниядан бөлек, Португалия, Франция, тағы бірқатар елде өткен жарыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болған. Әсіресе Пор­­тугалиядағы халықаралық турнирде алған 2-орынын ерекше мақтан тұтады. Ал қазақ еліне олар тұңғыш келіп отыр.

«Маған бұл ойындардың ұйым­дастырылуы өте ұнады. Көп елде болдық. Сондықтан салыстыра аламыз. Дүниежүзілік көшпелілер ойындары Олимпия ойындары секілді жоғары дең­гейде өтіп жатыр. Өз атымнан бізге қажет кезде қол ұшын созып, бағыт-бағдар беріп, көмектесіп жүрген волонтер жастарға алғыс айтқым келеді», деді Марисоль Джименес.

Ерлі-зайыптылар бұл ойын­дарда әзірге жүлделі орын­ға ілік­кен жоқ. Себебін сұраға­ны­мызда: «Біз Испанияда негізінен басқа қашықтықта атудан дайын­даламыз. Бұл жақтың талабы өзгешелеу екен. Қарсыластарымыз шетінен «сен тұр, мен атайын» екен», деп жауап қатты.

V Дүниежүзілік көшпелілер ойындарының бір ерекшелігі – бұған тек өткен тарихында көшпелі ғұмыр кешкен елдер ғана емес, отырықшы халықтардың да өкілдерінің қатысып жат­қандығы. Испаниядан келген кейіп­керле­ріміздің де ата-бабалары көшпелі болмаған. Тіпті «көшпелі өмір сүру салты» деген түсінік жоқ екенін айтады.

«Мен өз әулетімнің ішінде дәстүрлі садақ ату спортымен шұ­ғылдана бастаған бірінші адаммын. Біздің елде олимпиадалық садақ ату түрімен айналысатындар көп. Ал бүгінгідей дәстүрлі садақ ату спорты енді ғана танымал болып келеді», дейді М.Джименес.

 

«Әйелім – әлемнің 12 дүркін чемпионы»

V Дүниежүзілік көшпелілер ойындары барысында біз әңгіме­лескен тағы бір ерлі-зайыпты жұп – Мажарстаннан келген садақ­шылар Томас Һуней мен Эмо­ке Домокос. Олар – Будапешт қа­ласының тұрғындары. Т.Һуней өзі­нің дәстүрлі садақ атумен шұ­ғыл­данып келе жатқанына 14 жыл болғанын айтады.

«Біз әйелім екеуміз де осы спорт түрімен көптен айналысып келеміз әрі мұны қатты жақсы көреміз. Жарыстарға да үнемі бірге барамыз. Осы жылдар ішінде әлемнің түкпір-түкпірінде өткен талай турнирде бақ сынадық. Ал Қазақстанға бірінші рет табан тіредік. Маған сіздердің елдеріңіз де, астаналарыңыз да ұнады. Жарыстың өзі өте жоғары деңгейде ұйымдастырылып жатыр. Тыңғылықты дайындық болғаны байқалады. Ал жергілікті тұр­ғындар – мүлдем бөлек тақы­рып. Біз мұнда тек күліп жүретін көңілді адамдарды ғана көріп жатырмыз», деп ағынан жарылды ол.

Томас Һуней – дәстүрлі садақ атудан әлемнің 3 дүркін чемпионы. Соңғы рет Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласында өткен б­ірін­шілік­те топ жарған. Ал оның жұ­байы Эмоке Домокос әйелдер арасында әлемнің 12 дүркін чемпионы! Сондай-ақ ол осы ойындарда да 11 қыркүйек күні өткен «Жамбы» стиліндегі дәстүрлі садақ атудан күміс медальды мойнына тақты.

Біз мажар халқы Еуропаның қақ төрінде отырған ұлт болса да, бұрынғы көшпелілердің ұрпағы екенін жақсы білеміз. Ерлі-зайыптыдан ата-бабаларынан дарыған қандай да бір көшпелілік қасиет туралы сұрадық. «Мен – мажармын. Бойымда көшпеліліктің қаны бар екенін сеземін. Тіпті менің арғы тегім – қыпшақ. Қазақ-мажар – бір туған», деді Т.Һуней.

Қазіргі таңда мажарлық садақ­шылар әлемдегі алдыңғы қатар­лы құрамалардың бірі саналады. Бұған түрлі турнирде осы ел өкіл-д­е­рінің үнемі топ жарып жүр­гені жақсы дәлел. Мысалы, Астанадағы Дүниежүзілік көшпелілер ойындарына келген садақшының бірі Ласло Коцка – әлемнің бірнеше дүркін жеңімпазы. Ол осы турнир­дің өзінде 10-11 қыркүйек күндері дәстүрлі садақ атудан бір алтын, бір күміс медаль еншілеп үлгерді.