• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Сұхбат 14 Қыркүйек, 2024

«Елімізде мұнай және табиғи газдың орасан қоры табылатыны күмәнсіз»

139 рет
көрсетілді

Биыл – қазақ жерінде мұнай өнеркәсібінің бастау алғанына 125 жыл. Жуырда Премьер-министр Олжас Бектенов мұнай-газ секторын дамытуға қосқан үлесі үшін еңбегімен ерекше көзге түскен мұнай-газ кешенінің 40 қызметкеріне Мемлекет басшысының атынан марапаттар табыс етті. Солардың қатарында IІI дәрежелі «Еңбек даңқы» орденімен марапатталған ардагер мұнайшы Келтір Шаненов те бар. Қазақ мұнайының 125 жылдығы аясында Келтір МағұрыпұлыН әңгімеге тартқан едік.

– Келтір Мағұрыпұлы, марапат құтты болсын! Президент мұнай-газ өндіру көлемі тұрақты өсуіне  геологиялық барлаудың аса маңызды екенін айтты. Өзіңіз де мұнай-газ саласындағы қызметіңізді қарапайым геолог болып бастаған жоқсыз ба?

– Тілеуіңізге бек рақмет! Еткен еңбектің еленгені, өз ісіне кәсіби шеберлік деңгейінде маманданған адамның мерейін өсіріп, алға қарай ұмтылдырады ғой. Күні кеше ғана Президент Жолдауында еңбек адамын қолдау және ынталандыру мәсе­лесіне аса мән беру жөнінде айтылып, 2025 жылды «Жұмысшылар жылы» деп атауды ұсынды емес пе? Мен 1972 жылы Алматыдағы Қазақ политехникалық институтының мұ­най факультетін бітіріп, тау-кен инженер-геологі мамандығын, 1984 жылы Баку қаласындағы Әзербайжан мұнай және химия институтын біті­ріп, өнеркәсіпті ұйымдастырушы ма­ман­дығын алдым. Еңбек жолымды «Аты­раумұнайгазгеология» өндірістік гео­логиялық бірлестігінің Каспий маңы мен Оңтүстік Ембі терең және Биікжал өте терең бұрғылау мұнай барлау экспедицияларында 1972 жылдан техник-геолог, геолог, аға геолог, 1985 жыл­дан геология бөлімінің бастығы болып жалғастырдым. 1991–1993 жылдары Құлсары қаласындағы, құрамында 958 қызметкері мен жұмысшысы бар Оңтүстік Ембі мұнай барлау терең бұрғылау экспедициясының бастығы болып тағайындалып, 1991–1994 жылдары Жылыой аудандық халық депутаттары кеңесінің депутаты болып сайландым. Бастық болып тағайындалған кезде Оңтүстік Ембі мұнай барлау терең бұрғылау экспедициясының жұмыстары жүрмей, «Гурьевмұнайгазгеология» өн­дірістік бірлестігі бойынша өндірістік-техникалық көрсеткіштері ең артта қалған, экономикалық жағдайы өте төменгі күйге түскен, қаржылық жағ­дайы бірнеше миллион сомға зиян шек­кен, шын мәнінде тұралап қалған кәсіпорын болып еді. Экономикалық тұр­ғыдан қарағанда кенеуі кетіп, қар­жылық жағдайы артта қалған экспеди­цияны қалпына келтіру осының қо­лы­нан келеді-ау деген барлық білік­тілігі мен қабілеті жоғары ма­ман­дар­ды іріктеп, сараптағанда Аты­рау­дағы «Атыраунефтегазгеология» өнді­рістік геологиялық бірлестіктің бас­шыларының таңдауына менің кандида­турам ілікті. Олардың артқан үмі­ті мен сенімі кейін шынымен толық ақ­талды.

1992 жылы экспедиция барлық өндірістік көрсеткіштері бойынша «Ман­гыш­лакнефтегазразведка» КЭ-нан кейінгі 2-орынға көтерілді. 1993–1995 жылдары Министрлер Кабинетінің 1993 жылғы 4 қыркүйектегі №821 арнайы Қаулысымен, сол кезеңде 3 659 жұмысшы және инженер-техникалық қызметкер жұмыс істейтін, 32 бұрғылау бри­­га­дасымен 21 алаңда мұнай және газ кеніштерін іздестіріп барлай­тын «Ақбота» мемлекеттік холдинг компаниясының президенті болып тағайындалдым. 1996 жылы жеке­­шелен­діру негізінде құрылған «Атырау­мұнай­газгеология» АҚ тұңғыш президенті болдым. 1997 жылы «Каспий нефть» АҚ құрушылардың бірі ретінде, ұжымның алғашқы президенті болып сайланып, ол жерде 2003 жылға дейін абыройлы қызмет атқардым. 2010–2019 жылдары Айранкөл мұнай-газ кен орнынан мұнай және газ өндіретін «Каспий нефть» АҚ-да бас директордың орынбасары болдым.

– Жер қойнауынан мұнай-газ кен орындарының шоғырларын барлау­шы, бұрғылаушы және мұнай өндірушінің еңбегі қай кезде де жеңіл емес қой. Жазда 40 градус аптап ыстықта, ал қыста 40 градус аязда мұнайшылар жұмысын тоқтатпайды. Бұл кәсіптің қызығы мен шыжығын да айта отырсаңыз?

– Мұнай-газ кен орындарының шоғырын барлап, бұрғылау және мұнай өндіру өндірісі техника қауіпсіздігі бо­йынша, адам өміріне аса қауіпті 1-санат­тағы жұмыстар қатарына жатады. Сондықтан бұл кәсіптерді меңгер­ген­дердің еңбегі тұтастай қиын­дықтан тұрады десе де болады. Жаңа мұнай-газ кен орындарын іздестіріп, барлап жүріп, жаңа мұнай-газ шоғырларын анықтап тапқанда қызық оқиғалар туындап жатады. Бірақ кәсіби жауапкершілік еселеп арта түседі.

– Кәнігі геолог әрі танымал мұ­найшы ретінде қазақ мұнайының әлеуетін қалай бағалайсыз?

– Ел аумағындағы жер қойнауында қазба байлықтардың шоғырлану әлеуеті жоғары деңгейде. Соның ішінде мұнай мен газ қазба байлығының әлеуеті өте жоғары деп нық сеніммен айтуға әбден болады. Бір өкініштісі, мемлекеттік бюджет есебінен кен орындарын іздестіру-барлау жұмыстары 1995 жылдан бастап күрт азайды. Кейін мүлде тоқтатылды. Барлау жұмыстарын инвестиция тарту жолымен жүргізу көзделді. Бірақ мұнай-газ кен орындарына лицензия мен келісімшарт алған көптеген үлкен, орташа және шағын жер қойнауын пайдаланушы компаниялар іздестіру және барлау саласына қомақты инвес­тиция салмай келеді. Бұл бағыттағы өрескел олқылықты тиісті қадағалау және бақылау органдары толықтыра алмай, ешқандай нақты шаралар қолданбай, сырттай бақылап қана отыр. Салдарынан тәуелсіздіктің 33 жылының ішінде жаңадан небәрі 5 кен орны табылды.

Мезгілінде Атырау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Маңғыстау және Оңтүстік Қазақстан облыстары аумағында мұнай-газ кен орындарын іздестіру және барлау жұмыстарымен айналысқан бұрынғы «Казнефтегазразведка» өндірістік геологиялық бірлестігі (кейіннен 1982 жылдары «Атыраумұнайгазгеология», «Оралмұнайгазгеология», «Ақ­төбе­мұнай­­газгеология» және «ЮжКазнеф­те­газгеология» бірлестіктеріне бөлініп кетті) 1943–1996 жылдар аралығында 3  798  767 метр тереңдікті бұрғылап, 270-тен астам алаңда барлау жүргізді. Іздестіріп-барлау нәтижесінде табылған 82 мұнай-газ кен орны, мұнай-газ өндіруші НГДУ-ге тапсырылды. Аталған кезеңде мұнай-газ кен қорының баланстық-геологиялық мөлшері 3 400 000 тоннаны құрады. Ал өндірілетін қордың мөлшері 1 500 000 тоннадан асып жығылды.

Мысал ретінде айтсақ, бұрғылау барысында жер қойнауының тұзасты қабатта­рындағы мұнай және газ көздерін барлау мақсатында «Эмбинская» алаңын­дағы №1-П параметрлік ұңғымасы 6 203 метр тереңдікке дейін бұрғыланып, 1992 жылдың шілде айында жүргізілген сынақ жұмыстарының қорытындысы бойынша ұңғының 5 840-5 850 метр аралығындағы тұзасты қабатында, құрамында қоршаған ортаға залалды Н2S (күкіртті сутегі) газы жоқ, таза табиғи газ қорының бар екені анық­талды. Мұны «Эмбинская» алаңында және онымен шектес жатқан өзге де бір­неше тұзасты алаңдарында мол мұнай қорының шоғыры бар екенінің нақты хабаршысы болуға тұратын дерек көзі деуге болады.

Мәткен алаңындағы №16 ұңғыдан және Қарашұңғұл алаңындағы №П-2 ұңғысынан да тұзастының, құрамында қоршаған ортаға залалды Н2S (күкіртті сутегі) газы жоқ, таза мұнай мен газ қоры бар екені анықталды. Осындай мұнай мен табиғи газ қорлары Құмшеті, Оңтүстік-Батыс Үлкентөбе, Аққұдық, Шөлқара, Үшмола, Ортатау-Сарыбұлақ, Биікжал тұзасты құрылымдарында бұрғыланған ұңғыларда бар екені белгілі болды.

Ұңғыларда атқарылған бұрғылау және барлау жұмыстарына, басынан бастап аяғына дейін, Биікжал аса терең бұрғылау мұнай барлау экспедициясында 1975–1977 жылдары және Оңтүстік Ембі терең бұрғылау мұнай барлау экспедициясында 1977–1985 жылдары учаскелік РИТС-тің аға инженер-геологі болып қызмет атқарып жүріп, кейіннен 1986–1993 жылдары көрсетілген ұңғылар мен барлау алаңдарында атқарылған барлық іздестіру, барлау және бұрғылау жұмыстарына тікелей араласып, көзімізбен көріп, қолымызбен ұстағандықтан, толықтай куәлік ете аламыз.

Біздің сенімді және батыл пайымдауымызда «Күндердің күнінде аталған тұз асты барлау алаңдары және осы сияқты басқа да болашағы жоғары барлау алаңдарында мұнай және табиғи газдың орасан үлкен кен орындары ашылатыны күмәнсіз деп айта аламыз және оған болашақ ұрпақ куә болады. Біздің бұл тұжырымды пікіріміздің алдағы 10-20 жылдықта ақиқатқа айналарына күмән жоқ. Тек сол жерастының табиғи қазынасы – «қара алтын» байлығы өз халқымыздың несібесіне бұйырғай деп армандаймыз.

1994–1996 жылдары Үкімет тарапынан мұнай мен газ қоры бар екені белгілі болған жоғарыда айтқан тұзасты құрылымдарында геологиялық іздес­тіру-барлау жұмыстарын жүр­гізуге тиісті мөлшерде қаржы бөлінбеуіне байланысты іздестіру шаралары жет­кілікті деңгейде атқарылмай қалды. Сөйтіп, 1993-1994 жылдары бастап бұрғыланған жобалық тереңдігі 5 200, 5 500, 6 200 метрлік іздестіру-барлау ұңғыларында тұзасты құрылымдарының мұнай-газ өнімі болуы әбден мүмкін деген қабаттары ашылмастан, ұңғы­лар­дағы бұрғылау жұмыстары жеткен тереңдіктерінде (3 500–4 600м) тоқтатылды. Кейін барлық ұңғылар жер қойнауын қорғау заңының талаптарына сай түгел жойылды.

«Атыраумұнайгазгеология-Бурение» ЖШС мердігер ретінде 2007–2010 жылдары менің тікелей басқарып, жетекшілік жасауыммен отандық компаниялардың ішінде ең алғашқы болып, мердігер компанияның сұранысы бойынша Каспий теңізінің суы тайыз солтүстік-шығыс қайраңындағы «Комсомолшы шығанағы» (залив Комсомолец) аума­ғында орналасқан Солтүстік-Шығыс Қаратұран барлау құрылымында (теңіз­дің суының тереңдігі, желдің ба­ғыты мен соғу жылдамдығына байланыс­ты, өте айнымалы болып, орташа есеппен 0,75-3,75 метр өлшемдерін құрайтын аймақта) ПБУ «Лотос» атты арнаулы жүзу баржасының үстіне орналасқан МБК-125 бұрғылау қон­дырғысы арқылы R-1 және R-7 мұнай мен газ барлау ұңғыларын, сәйкесінше 1 575 және 1 835 метр тереңдіктерге ешбір мүлтіксіз, сапалы бұрғылап шықты. Құрылымның 1 100-1 270 метр тереңдіктегі орта юра қабатының геологиялық түзілімдерінде, мұнай және газды конденсаттың бұр­қақты әдіспен өндіруге жататын шо­ғыр­ларын тауып, олардың өндіріс­­­тік-коммерциялық қоры бар еке­­нін анықтады. Ұңғылардан алынған мұ­найдың есептелген орташа тәуліктік өнімділігі (дебиті) 90 тоннадан астам өнімді құрады.

2009 жылы 16 ақпанда контрактілік Балықшы учаскесіндегі Беріш алаңында 1 250 метр тереңдікке бұрғыланған №9 ұңғыдан мұнай мен газдың бұрқақты өнімі алынды. Мұнай көзінің өнімділігі тәулігіне шаққанда 120 тоннадан астам болды. Сөйтіп, Атырау қаласынан 15 км қашықтықта орналасқан жаңа мұнай кен орыны тұңғыш рет ашылып, болашақта ел экономикасын көтеруге жұмыс істейтін болды.

– Демек мұнайшылық та қазақ үшін малшылық, диқаншылық секілді ата кәсіпке айнала ала ма?

– Мұнай-газ кен орындарын өндіретін аймақтарда мұнайшылық 1899 жылдан бері қарай, бірте-бірте қазақ үшін ата кәсіп болып кетті ғой. Отбасыларында мұнайшылықпен айналысқан 6-7 буын өкілдері бар әулеттер көптеп кезде­седі. Атап айтқанда, Өтебаевтар, Балғым­баевтар, Өзбекқалиевтар, Тасқынбаевтар, Қуандықовтар, Хисметов­тер, Аймағамбетовтер, Шнашев­­тар, Кемеловтар және басқа да көп­­теген әулет мысал бола алады. Мұнай-газ өндірісі бар жерде мұнай­шы­лық қазақ баласына ата кәсіп болып қала бермек-ау, сірә. Тіпті біздің Шәненовтер әулеті мұнай-газ өндірісінің саласында төртінші буынға жетті.

– Сұхбатыңызға рахмет.

 

Әңгімелескен –

Абай Аймағамбет,

«Egemen Qazaqstan»