• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Өндіріс 19 Қыркүйек, 2024

Натрий цианидін өндіретін зауыт

163 рет
көрсетілді

Еліміз бойынша натрий цианидін өндіретін алғашқы зауыт Талас ауданының аумағына салынған еді. Өткен жылы «Talas Investment» ЖШС шет мемлекеттерден тасымалданатын шикізатқа деген тәуелділікті түбірімен жойды. Алтын өндірісіне айрықша қажетті бағалы металды басқа қоспалардан ажырату үшін қолданылатын реагент Жамбыл облысында өндіріліп жатқанына да он жылдан асты.

2014 жылы іске қосылған зауыт жыл өткен сайын өндіріс көлемін арттырып, құлашын кеңге сермеді. Кәсіпорын қазір өңір экономикасына айтарлықтай табыс түсіріп отыр. Мұнда өндірілетін натрий цианиді мен аммоний сульфаты отандық нарықты қамтып қоймай, бірнеше шет мемлекетке сатылады. Зауыт басшылары келтірген дерекке жүгінсек, кәсіпорынның жыл­дық қуаты 15 мың тонна нат­рий цианидін өндіруге қауқарлы. Сұраныс болса, бұл межені бағындыру қиын емес. Жүздеген азаматты тұрақты жұ­мыс­пен қамтып отырған зауыт жұмысын ілгерілету бағытында да ауыз толтырып айтарлықтай жұмыс атқарылып жатыр.

Біршама уақыт бұрын серік­тестікке қарасты натрий цианиді зауытының екінші кезеңінің құрылысы басталды. Құрылыс жұмысы жоғары қарқынмен жүргізіліп жатыр. Дерекке жүгінсек, жұмыс алдағы жылы толыққанды аяқталуға тиіс. Нәтижесінде, кәсіпорынның өндірістік қуаты екі есе артады.

«Серіктестікке қарасты натрий цианиді зауыты екінші кезеңінің жұмысы белсенді жүріп жатыр. Құрылыс жұмыс­тары толық біткеннен кейін зауыттың өндірістік қуаты 30 мың тоннаға жетеді», дейді серіктестік басшысының орынбасары Әбдіғали Жүнісов.

Осыдан соң компанияның қаржылық ахуалына тоқ­тал­ған орынбасар: Жоба іске қо­сылғаннан кейін 300 жаңа жұмыс орны ашылады. Құрылыс жұмысын жүргізу үшін жеке қаржыдан бөлек, «Қазақстан даму банкі» мен «Бәйтерек» холдингінен инвестиция тартылды. Қысқасы, екінші ке­зең жұмысы аяқталғаннан ке­йін жыл­дық өнім көлемі ай­тар­лық­тай артады», деп өз сөзін түйіндеді.

«Talas Investment Company» ЖШС директорының орынбасары келтірген дерек бо­йынша, зауыт өткен жылы 13 800 тонна натрий цианидін, 4 666,500 тонна аммоний сульфатын өн­діріп, отандық нарыққа және экспортқа жө­нел­тіпті. Осы жыл­дың тамыз айына дейін 79 89,36 тонна натрий циандиді, 2 754,400 тон­на аммоний сульфаты өндірілген.

«Тауарға негізінен Моңғолия, Қырғыз Республикасы, Тә­­жікстан мем­лекеттерінен сұ­раныс артып отыр. Қазір кә­сіпорында 624 азамат жұмыс­пен қамтылған. Олардың орташа жалақысы 292 362 теңгені құрайды», дейді Әбдіғали Жүнісов.

Өндіріс ошағы қалдықсыз техно­ло­гияға негізделген. Кә­сіпорынға қажетті шикізат ретінде газ бен кен қоспалары пайдаланылады. Зауыттың өңір экологиясына ешқандай зияны жоқ. Ал жоғары температурада ажыратылған аммоний сульфатын тыңайтқыш ретінде пайдануға болады.

 

Жамбыл облысы,

Талас ауданы