• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Сұхбат 21 Қыркүйек, 2024

Идил Салиха: Жол жақсарса, туристер көптеп келері сөзсіз

69 рет
көрсетілді

Дүйім елді дүбірге бөлеген V Дүние­жү­зілік көшпелілер ойындары да өз мә­ресіне жетті. Мемлекетіміздің мерейін асырған жаһандық жарысқа әлемнің танымал блогерлері ат басын бұрғаны белгілі. Соның ішінде өздерінің «дөңгелекті үйі» – авто­буспен ата­жұртына қарай арнайы сапарға шық­қан түрік отбасы көптің назарын аударды. Біз ойындар біткен күні Идил Салихаға арнайы жолығып, шағын сұхбат жасаған едік.

– Ең бірінші сұрағым, отағасы Бурак екеуіңіз бұрыннан саяхаттайсыздар ма?

– Біздің отбасын құрғанымызға 7 жыл болды. Сол кезден бері саяхатшымыз. Ең алдымен Түркияның ішінен бастап, еліміздің барлық өңірін араладық. Ал 10 ай бұрын Ыстанбұлдағы үйімізді саттық та, осы автобусымызбен «көшпелі» өмір салтына түбегейлі бет бұрдық. Қазір бұл – біздің көлігіміз ғана емес, сонымен қатар тұратын үйіміз. Оның атын да «Көшпелі» деп қойғанбыз.

Қазақстанда Дүниежүзілік көшпелілер ойындары өтетінін естігенде «Неге ата­жұртымызға арнайы бармасқа?» деген ой келді. Үш ай бойы автобусты алыс жолға дайын­ап, «Қазақстан, қайдасың?» деп тартып отырдық. Бұл – сіздердің елдеріңізге бірінші рет табан тіреуіміз және Түркиядан сырт жерге де тұңғыш рет саяхатқа шығуымыз.

– Астанамыздан, көшпелілер ойындарынан қандай әсер алдыңыздар?

– Бұл ойындарды өз көзімізбен көріп, тамашалағанымызға қуаныштымыз. Шын мәнінде, өте жоғары деңгейде ұйым­дастырылған іс-шара болды. Бұл бізге тек көңіл көтеру емес, сонымен қатар өте пайдалы уақыт болды. Өйткені әлемнің түкпір-түкпірінен келген адамдармен таныс­тық. Олардың мәдениетін, салт-дәстүрін жақыннан білуге мүмкіндік алдық.

– Қазақстанға келер алдында біздің еліміз туралы қандай ойда болдыңыздар және келгеннен кейін өздеріңіз ойла­ғандай елді көре алдыңыздар ма?

– Қазақстан – бүкіл түркі жұртының атамекені. Ал менің анамның ұлты – қырғыз. Ол 1954 жылы отбасымен Түркияға көшіп келген. Әкем болса, Қазан татары. Ол да сол уақыттарда Түркияға көшіп, тұрақтап қалған. Сондықтан өзім түрік елінде туып-өскеніммен, Орта Азияның мәдениеті маған ешқандай алыс емес. Ата-анам арқылы бұл жақтың дәстүрлерін, менталитетін жақсы білемін. Содан да шығар, мұнда келе жатқанда алдымнан қандай ел шығатынын білдім, өзімді ешқандай да бөтен сезінген жоқпын. Бейнебір өзімнің туған еліме қайтып келген сияқты болдым.

Жолдасым Бурак – Түркияның Қара теңіз аймағынан. Ұлты түрік болғанымен, ол да бұл жақта өзін жат сезінген жоқ. Өйткені Қазақстанның адамдарының бәрі қонақжай екен. Қай жерге тоқтасақ та, бізді бөтенсімеді. Қазақ халқының қонақжайлылығы – бөлек әңгіме. Алғаш келген күннен қай өңірде болсақ та, жергілікті әкімдіктің адамдары біздің асты-үстімізге түсіп, жылы қабылдады. Соның бәрін көргенде өзімді бақытты сезіндім. Қай жерде де өзімізді бір фестивальда жүргендей сезіндік. Қазақстаннан осындай керемет көңіл күймен кетіп барамыз.

– Ауа райымыз бен жолдарымыз жақсы қарсы алды ма?

– Біз Ақтаудан шыққаннан кейін ауа райы салқындай бастады. Ал жол жағына келсек, кейбір жерде өте нашар болғаны рас. Соның салдарынан автобусымыз да арасында бұзылды. Ондай кезде жергілікті тұрғындар көлігімізді жөндеуге көмектесті. Бізді жолда қалдырмай, қолұшын созған жандардың бәріне алғысымыз шексіз. Менің ойымша, сіздердің елдеріңіздің табиғаты өте әдемі. Егер жолды жақсылап жөндейтін болса, туризмді дамытуға мүмкіндіктеріңіз зор.

– Көшпелілер ойындары аясындағы жарыстарды тамашалаған шығарсыздар. Өзіңізге қай ойын ең қатты ұнады?

– Көкбөрі ұнады. Себебі бұл ойында тек адамдар емес, жылқылар да жеңіске жетуге көп әрекет жасап, күш жұмсайды. Бұл көріністі қарап тұрып кейде денең мұздайды, кейде делебең қозады. Жылқылар кеуделерімен бір-бірін соғып, итерісіп, арасында адамдар жерге ұшып түсіп жатты. Соған қарамастан спортшылардың жеңіске деген ұмтылыстары тәнті етті. Бұл ойын осындай энергетикасымен есте қалды.

– Енді Түркияға қайтасыздар ма?

– Жоқ, біз Қазақстанның өзге де өңірлерін аралаймыз. Атап айтқанда, Түркістан, Алматы қалаларына барғымыз келеді. Одан әрі менің анамның туған жері Қырғызстанға соқпақ ойымыз бар.

– Рахмет. Жолдарыңыз болсын.

 

Әңгімелескен –

Ескендір ЗҰЛҚАРНАЙ,

«Egemen Qazaqstan»