• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Ғылым 21 Қыркүйек, 2024

Бәрін білікті маман шешеді

118 рет
көрсетілді

Алматы энергетика және байланыс университеті Президент жанындағы Ұлттық Ғылым академиясымен бірлесіп, «КИСИ GPS: Gylym. Pikir. Sayasat» ұлттық сараптамалық алаңында «Қазақстан және бейбіт атом: жаңа мүмкіндіктер мен даму басымдықтары» атты тақырыпта жиын өткізді. Онда жетекші ғалымдар мен сарапшылар энергетикадағы инновациялар, атом технологиялары, қауіпсіздігі, әлемдегі атом энергетикасының дамуын талқылады.

Президент жанындағы Қазақ­стан стратегиялық зерттеулер институты директорының орынбасары Алуа Жолдыбалина ал­дағы қазанда өтетін референдум халықтың тікелей ерік біл­діру құралы әрі жалпыұлттық ауқым­дағы шешім қабылдаудың заңды тәсілі екенін айтты.

– Бұл тәуелсіз ел дамуында­ғы 4-референдум. Маңыздысы – жұртшылыққа АЭС салудың мәнін түсіндіру. Қазір барлық өңірде референдумға байланысты жұртшылықты ақпараттандыру жұмысы жүріп жатыр. Қазақстан стратегиялық зерттеулер инсти­туты жүргізген сауалнама нәти­же­сі­не сәйкес, респонденттердің 53,1 па­йызы елімізде АЭС салу­ды қол­даса, 32,5 пайызы қарсы пікір білдірген. Оларды ықтимал апаттар, салдары мен қоршаған ортаға кері әсері алаңдатады.

Мемлекет басшысы өзінің сайлауалды тұғырнамасында еліміз үшін аса маңызды мәселелердің референдум арқылы шешілеті­нін атап өтті. Болашақ саяси модельді анықтауға жұртшылықты кеңі­нен тарту – елде болып жатқан үрдістерге әсер етудің шешуші фактор. Мысалы, Швейцария халқы көбіне референдумға жү­гінеді десек, онда плебисцит 400-ден астам рет, ал Еуропаның қал­ған елдерінде соңғы 200 жылда референдумдар – 149 рет, Орта және Таяу Шығыста – 93 рет, Азия елдерінде – 30 рет өткен. Сондықтан республикада референдум өткізудің өзіндік қисыны бар, дейді ҚСЗИ сарапшысы.

Сондықтан да референдум халықтың ерік білдіру тәсілі ре­тінде кең таралған тәжірибе сана­лады. Осы орайда сарапшы әлеу­меттік сауалнамалар нәти­же­сінен АЭС құрылысын қолдау динамикасының басымдығын бай­қауға болатынын айтады. Мы­салы, ҚСЗИ тапсырысымен өткен сауалнамаға сәйкес, респон­денттердің 53,1 пайызы елімізде АЭС салуды қолдап, электр энергиясы тапшылығының таяу жылдарда шешілетіндігіне сенім білдірген болса, «Amanat» партиясы қоғамдық саясат институты жүргізген сауалнамада 59,3, «Социс А» сауалнамасына сәйкес қатысқандардың 60,4 пайызы құптаған.

Соңғы уақытта болашағы зор технологияларды, ғылымды дамыту мақсатында Ұлттық ғылым академиясы форсайт-зерттеулерге жоғары мән беріп отыр. Бұл зерттеулер негізгі ғылыми, тех­нологиялық бағыттардың дамуына ықпал ететін гранттық және бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру бойынша стра­тегиялық бағыттарды анықтау­ға негізделген. Академияның фор­сайт-зерттеулерінің алдын ала қорытындылары бейбіт атом саласын дамытуда нано және материалтану, радиациялық қа­уіпсіздік, ядролық технологиялар, жоғары технологиялық машина жасауда жаңа мүмкіндіктерге жол ашпақ. Осы орайда ҰҒА вице-президенті Абай Серікқа­нов атом энергетикалық станса­­сын салған жағдайда еліміз энер­гетикалық қауіпсіздікті артты­ру­ға, көмірқышқыл газының шыға­рындыларын азайтуға, табиғи уранның барланған ірі қорлары­на және ядролық отын өндіретін кәсіпорындарға ие болатынын жеткізді.

– Төмен көміртекті болашақ­қа ұмтылу инновациялық тәсілдер­ді қажет етеді. Мұнда атом энер­ге­тикасы маңызды рөлге ие. Өс­кеменде табиғи уранның ірі бар­ланған қорлары (әлемде 2 орын), жылу (ТВС) өндіретін зауыттың болуы АЭС салынған жағдайда ағымдағы реакторға дейінгі ядро­лық отын циклін (уран өндіру, оны байытудан отын таблеткалары мен ТВС шығаруға дейін) дамытуға барлық мүмкіндікке ие болып отыр, – деді сарапшы.

Жиын барысында Энергетика министрлігі Ядролық физика институты департаментінің директоры Мұрат Төлегенов респуб­лика жұртшылығын алаңдатып отырған бірқатар жайтты тілге тиек етті. Сарапшы Атырау, Ақтау, Орал, Ақтөбе сапарындағы кездесулерде көп қойылған сұрақ жемқорлықтың белең алуы, Бал­қаш көлінің деңгейі мен аймақтағы экологиялық ахуал, кадр мәселесіне қатысты болғандығын алға тартты. Осы сауалдарға байланысты М.Төлегенов «АЭС үшін пайдаланатын су Балқаштың деңгейіне еш әсері жоқ әрі ол қауіпсіздік нормаларынан аспайды, жылы су көлге жіберілмейді. Ал кадр даярлау жағынан ұтпасақ, ұтылмаймыз», деп жауап берді.

– Елімізде атом стансасын пай­даланудың мол тәжірибесі бар. АЭС-те жұмыс істеу үшін элек­триктер, механиктер, дозиметр­лер, нысан радиациялық қауіпті болғандықтан, радиоэкология, радиациялық әсерін қадағалайтын мамандар қажет. Ақтауда БН-350 жылдам нейтрондарда жұ­мыс істейтін реактордың болғаны бел­гілі. Бүгінде Ядролық физика инсти­тутында үш оқу орталығы жұмыс істейді. Сонымен қа­тар ядролық физиктерді Әл-Фа­раби атындағы Қазақ ұлттық уни­верситеті, Л.Н.Гумилев атындағы Еура­зия ұлттық университеті, Д.Серік­баев атындағы Шы­ғыс Қазақстан техникалық уни­вер­ситеті даярлайды. Қазіргі күн­ге дейін елімізде екі мыңнан астам сала маманы даярланды. Бүгінде Ядролық физика инс­титутында ғылыми-зерттеу жұмыс­тарына, сондай-ақ өнеркәсіп пен ядролық медицина үшін радиоизотоптар өндіруге арналған ВВР-К зерттеу реакторы жұмыс істеп тұр. Атомды бейбіт мақсатта пайдаланудағы тә­жірибемізде қатерлі ісік ауруларын емдеуде қолданылатын диаг­ностика үшін молибден, фтор-18, йод-131 өндірісі жолға қойылған. Ал зерттеу реакторының жұмысы су-су атом стансаларымен бірдей. ВВР-К зерттеу реакторын басқара­тын мамандар атом стансасын да басқара алады, – деп түсіндірді М.Төлегенов.

Атом индустриясын дамыту қауымдастығы директорлар кеңесінің мүшесі Дастан Елеу­кеновтің айтуынша, АЭС салу туралы шешім қабылдау мәсе­лесі атом технологияларын же­тілдіру мен олардың қауіп­сіздігін арттыруға байланысты туындап отыр. Осыған байланысты ядролық технологияның дамуы­мен туындап отырған барлық алаңдаушылықққа, әсіресе соңғы онжылдықта негізгі жауап бар. Өйткені АЭС салу ел дамуы мен халықаралық қоғамдастық деңге­йіндегі өзекті мәселелерді бірлесіп шешуге мүмкіндік береді.

Орталық Азиядағы «New Nu­clear Watch Institute» консуль­та­циялық кеңесінің төрағасы Ба­уыржан Ибраевтың пікіріне сү­йенсек, заманауи технологиялық және әлеуметтік өзгерістер электр энергиясы тапшылығына әкелді. «Бұл индустрияландыру, урбанизация және цифрлық техноло­гия­лар, интернет, «бұлтты» қызмет­тер және жасанды интеллектіге тәуелділік энергия тұтыну сұра­нысын арттырды. Сонымен қатар елімізде тиімділігі өте төмен электр энергиясын өндіретін технологиялардың ескіруіне байланысты өнеркәсіптік секторда да түйткілді мәселелер туындады. Сон­дықтан ел экономикасы мен энергетикалық сектордың дамуын, экологиялық қауіпсіздік, сондай-ақ табиғи ресурстардың сарқылуын қаперге алатын болсақ, оның ше­шімі атом энергетикасын дамытумен байланысты, дейді Б.Ибраев.

Атом энергетикасы саласын да­мыту тұрақты энергиямен жаб­дықтау, жаңа өндірістерді құру­ға серпін береді. Жаңа жұ­мыс орындарының ашылуын қам­та­масыз етеді. Елімізде ірі өнер­кә­сіптік жобаларды іске асырып, бә­секеге қабілетті озық техно­ло­гия­ларға қол жеткізуге мүмкіндік береді, дейді Алматы Азаматтық альянсының төрағасы, қалалық Қо­ғамдық кеңес мүшесі Қайыр­жан Әбдіхалықов. Ал Ғ.Дәукеев атын­дағы Алматы энергетика және байланыс университеті­нің профессоры Андрей Кибарин кел­тірген мәліметтерге сүйенсек, еліміз­дегі жетекші сарапшы­лармен, ғалымдармен жүргізілген сауалнама және сараптамалық инсайт отандық энергетика саласын әрі технологиялық даму әлеуетін айқындауға мүмкіндік береді. Оның айтуынша, сауална­ма нәтижесінен мәлім болға­нын­дай, респонденттердің жар­тысына жуығы (46 пайыз) дәстүр­лі энергетиканың болашағын жо­ғары бағаласа, төрттен бірінен астамы (26,92 пайыз) баламалы, оның ішінде атом энергетикасын таңдаған.

Сондай-ақ жиында А.Бүркіт­баев атындағы Энергетика және машина жасау институтының зерттеуші-профессоры Инеш Кенжина халықтың радиофо­бия­сын төмендету тәсілін ұсынып, әлемдегі атом энергетикасы да­муының негізгі үрдістерін сөз етті.

 

АЛМАТЫ