Кейінгі 7 айда Жетісу облысына 188,2 млрд теңге тартылған. Жеке инвестиция мөлшері 136,7 млрд теңгеге жеткен. Жақында ҚХР СУАР Халық үкіметі төрағасының орынбасары Сунь Хунмэй бастаған Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданының делегациясы келіп, инвестор болуға ниет білдіріп кетті.
Іске асырылып жатқан келешегі зор жоба қатарында Кербұлақ ауданындағы металлургия комбинаты, «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағындағы (АЭА) «Қазақстан-Қытай халықаралық өнеркәсіп қаласы» индустриалды паркі, Жоңғар қақпасы аумағындағы қуаты 1 ГВт болатын жел электр стансасы сияқты ірі жобалар бар.
Бірінші жартыжылдық қорытындысы бойынша, Жетісу облысы мен ҚХР арасындағы тауар айналымы 1,2 млрд долларды құраған. Облыстың сыртқы тауар айналымындағы көрші елдің үлесі 80%-дан асады.
«Өңірдің транзиттік әлеуеті – әріптестік қатынастарымыздың болашағы зор бағытының бірі. Қытаймен шекарада бес кеден бекеті орналасқан еліміздегі бірден бір өңірміз. Бізде экономикалық екі өсу нүктесі бар – бұл Достық және Қорғас бағыттары», дейді облыс әкімі Б.Исабаев.
Достық бағытын дамыту мақсатында Алматы қаласынан «Достық» стансасына дейінгі автомобиль жолына жаңарту жүргізілді. Сондай-ақ биыл осы стансада «Алакөл» автомобиль өткізу пунктін кеңейту аяқталады. Соның нәтижесінде, жолақтар саны қосылып, өткізу қабілеті тәулігіне 200-ден 1 600-ге дейін артады. «Достық-Мойынты» теміржол желісінің екінші тармағының құрылысы жүріп жатыр, бұл «Достық» стансасының өткізу қабілетін бірнеше есе арттыруға мүмкіндік береді.
Өз кезегінде Сунь Хунмэй Жетісуға келген екінші сапары екенін атап өтіп, СУАР мен Жетісу облысы арасындағы ынтымақтастықты одан әрі кеңейтудің негізгі бағыттарына тоқталды. Бұл орайда ол «Нұр жолы» автомобиль өткізу пунктінің инфрақұрылымын дамыту мәселелері туралы сөз қозғады.
Өңірде шекара маңындағы автомобиль және теміржол өткізу пункттерінің тиімді жұмысы үшін тиісті шаралар қабылданып жатқанын атап өткен Бейбіт Исабаев бірлескен фито-ветеринарлық зертхана құрудың маңыздылығын еске салды. Мұндай зертхана өңірдің ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттау рәсімдерін жеңілдетуге мүмкіндік береді.
Тараптар шекара маңы пункттерінің өткізу қабілетін арттыру мен инфрақұрылымын жақсарту, «жасыл» энергетика, туристік және мәдени-гуманитарлық бағыттар саласындағы екіжақты байланыстарды дамыту, сондай-ақ аталған салаларға инвестиция тарту, сауда-экономикалық ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелерін талқылады. Кездесу соңында қатысушылар «Қорғас» ХШЫО қызметін үйлестірудің бірлескен тетіктерін құру жөнінде қараша айында бірінші отырысты өткізуге уағдаласты.
Жетісу облысы