• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 28 Қыркүйек, 2024

Цех емес, өнер ордасы

264 рет
көрсетілді

Өскеменде жыл басында ғана жұмыс бастаған «Cassaқ» тігін цехы халыққа сапалы киім-кешек ұсынып отыр. «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» арқылы 15 млн теңге несие алып, жоба-жоспарларын жүзеге асырып жатқан кәсіпорынның келешегі жарқын. Олай дейтініміз, шығыста ұлттық бренд қалыптастыру бағытындағы кәсіпті қолға алғандар некен-саяқ.

«Cassaқ» мамандары әзірге арнайы тапсырыспен ғана киім тігіп отыр. Әркім талғамына қарай кеу­деше, жейде секілді киімдерді аз уақытта тіктіріп алады. Кәсіпорын саннан бұрын сапаны алға қойған­дықтан, матаның жақсысын таң­дайды. Тіпті Көшпелілер ойындарында ел намысын қорғаған садақшыларға этностильде киім тігіп, сән-салтанатын жарастырған. Ал осы істің басы-қасында жүрген серіктестер – Аяужан Әшімова мен Пери­зат Рахатқызы. Аяужан әкімшілік мәсе­ле­лерге жауап берсе, дизайнерлік мамандықты тәмамдаған Перизат киім тігу сынды жұмыстармен айналысады. Цех мамандары атауына қарай ұлттық нақыштағы киім ғана емес, заманға қарай сәнді көйлек-көншектің түр-түрін лайықтап береді. Бұл жерді цех емес, өнердің қайнаған ордасы десе де болады.

Суретті түсірген – автор

– Өзім дизайнерлік оқуды тәмамдаған соң ателье аштым. Бірақ ойымда үлкен дүние жасау жүрген еді. Содан Аяужанмен танысып, кәсіпті қолға алдық. Қазір ортақ идеяны жүзеге асырып жатырмыз. Кәсіп үлкен болған са­йын дамуы баяу жүреді дейді ғой. Алайда біздің бизнес бірден өзін ақтай бастады, – дейді киім дизайнері Перизат Рахатқызы.

Ұлт мүддесіне еңбек еткісі келген олар ең әуелі цех атауын ой­ластырған. Ақылдаса келе, «Қас­сақ» деген атауға тоқта­лыпты. Пе­ри­заттың айтуынша, шығысқа кел­ген туристерге Алтайдың бренді іспетті жейде, кеудеше түрлерін ұсынғылары келеді. Әйтпе­се, саяхатшыларға ұсынатын бал мен емдік шөптен басқа кәдесыйлар жоқтың қасы.

– Қазір біз халыққа не кере­гін білу үшін тестік режім­де әртүрлі талғамға лайық жұмыс­тарды қолға алдық. Уақыт өте сұ­рып­талып, көп­шілік сұра­ны­сына ие киімдерді одан са­йын жетілдіреміз. Әр аудан­ның бренд киімдерін де ойлас­тырып жатырмыз, – дейді жас кәсіпкер.

Рас, әр ауданның өзіне сай киімдері болса, туристерді сол қызық­тыруы мүмкін. Мәселен, Тар­ба­ғатай ауданына тау мен ар­қар­ды композициялап, жи­на­­қы логотип жасаған. Со­ны Тар­бағатайдың тұрғын­дары­на ұсынуды жөн көріп отыр. Тұрғындар ғана емес, сол өңірге саяхаттап барған меймандар да кәдесый ретінде сатып алса болады. Логотиптерді Ерболат Рахатұлы есімді жас маман жасап жүр.

Ішкі интерьері оюмен өр­нек­телген цехты аралай жү­ріп, Перизат Рахатқызының шы­ғар­­машылығы туралы да сұ­раған­быз. Айтуын­ша, дизай­нерлік өнер на­ғашыла­рынан дарыған. Бес баланы жалғыз өзі өсіріп, жеткізген нағашы апасы ауыл-аймаққа көрпе тігіп, құрақ құрап сатқан.

– Бізде еліктеу бар. Оның жақсы-жаманын кім білсін? Айтпағым, 90-жылдары жастар рэкетке елік­тесе, кейін шенеунік болуды мақсат қылды. Қазіргі жастар бизнесте жетістікке жеткісі келе­ді. Соған қуанамын. Жос­парларымыз ойдағыдай жүзеге асып жатса, жұмыс­шы мамандықтары арасында түрлі байқау ұйым­дастырсақ деймін. Арма­нымыз көп. Оның бәрін уақыт көрсетеді. Жалпы, не істесек те ұлт үшін деген ұстаным бар, – дейді Перизат.

Жоба-жоспарларын ашып айт­пады. Дұрыс та. «Үлкен істі үнде­мей тындырар бол» дегендей, іспен дәлелдеуді жөн санайды. Ашып айтқан бір ойы – ескі киімдерді қабылдап, оны кәдеге жарату. Бұған дейін жарамсыз джинсы киімдерден түрлі сөмке тігіп, сатқан. Сұраныс өте жоғары көрінеді.

Кәсіпорын серіктесі Аяужан Әшімова цехтың әлі де кеңейе түсетінін айтады.

– Кәсіпті бастамас бұ­рын көзін табу – жұмыс­тың біткені. Біз жоба жасап жатқанда-ақ тігін це­хы­ның болашағы бары­на көз жеткіздік. Кейін құжаттарды жинастырып, «Даму» қорынан қол­дау алдық. Олар берген 15 млн теңгеге қосымша қар­жы қосып, ғимаратқа қол жеткіздік. Құрал-жаб­дықтарды түгендеп, шикізат материалдарын алдық, – дейді Аяужан Әшімова.

Мұндағы жұмыс істеп отырған екі тігінші – кү­міс жастағы ақ жаулықты ана­­лар. Білікті де білімді тігіншілер күнделікті жұ­мыспен қатар тәжіри­беден өтетін студент­тердің де дағдысын шыңдап, жол көрсетіп жүреді.

 

ӨСКЕМЕН