• RUB:
    4.73
  • USD:
    511.22
  • EUR:
    540.05
Басты сайтқа өту
Қоғам 03 Қазан, 2024

Саяның «SSS» мектебі

138 рет
көрсетілді

Ол кішкентайынан би өнеріне қызы­ға­тын. Бұл да әпкесі Самалға еріп алдымен би үйірмесіне барды. Содан соң Жезқазған қаласында құрылған «Мақпал» би ансамблінің құрамына қабылданды. Осы ансамбль сапында сан мәрте гастрольдік сапарға шықты. Өз елімізде ғана емес. Сол ­сапарларда Сая би өнеріне деген халықтың ынта-ықыласын көрді, сезінді.

«Ертең өскенде хореограф боламын» деген ойға берік бекінді. Сөйтіп, мектеп бітірген кезде мамандық таңдауда еш қиналған жоқ. Астана қаласындағы Қазақ ұлттық хореография акаде­мия­сына оқуға түсті. Арадағы жыл­дар қалай жылдам зымырап өте шықты десеңізші. Ол қолына дип­лом алған соң көп ойланып жатпады. Туған жерге қызмет етуді парыз санап, Жезқазғанға жол тартты. Қазір С.Қожамқұлов атын­дағы Жезқазған музыкалы драма ­теат­рында балетмейс­тер болып еңбек етеді. Негізгі жұмысынан қолы босағанда жас қыздарды би өнеріне тартуды мақсат тұтқан биші өзінің мектебін ашуды ұйғарды. Бұл ойын ата-анасы да, әпкесі Самал да қолдады. «Даму» бағдарламасы бойынша ғимаратқа қол жеткізді. Бұл ойдағы арманға қол жеткізудің тек алғашқы қадамы болатын.

«Бізге құрал-жабдықтар қажет болды. Сондай-ақ менің түсінігімде, би – сұлулықтың рәмізі. Мұнда би үйренуге келгендер ең алдымен өзде­рі жаттығатын нысанның әде­мілігіне сүйсіне білуі керек. Сондықтан би залын көркемдеп, әдемілеп, яғни интерьерін көздің жауын алатындай етіп қою да керек болды. Сөйтіп, Жезқазған қаласы әкімінің «Тәуелсіздік ұрпақтары» деп аталатын жас кәсіпкерлерге арналған байқауына қатысып, грант иегері атандым», дейді Сая Садықова кәсіпкерлікке қалай келгені хақында.

Ол жуырда салтанатты жағ­дайда «SSS» деген би мектебін ашты. Салтанатты шараға қала әкімі Қ.Шайжанов қатысты.

«Әрбір кәсіпкер, жаңадан ашылған нысан қала­мы­з­­­дың экономикасына там­­­шыдай болса да үлес қоса­ды. Сондықтан олардың әрқай­сы­сының жұмыс­тарына тек қана сәттілік тілейміз. Саяны да, Самалды да «Мақпалда» жүр­ген кездерінен білемін. Енді олар­д­ың өздері кейінгі буынды тәрбие­леуді қолға алып жатыр. Бұған қалай сүйінбеске?» деді ол. Әрбір әкім жас кәсіп­кер­лерді осылайша қолдай білсе, қандай ғанибет.

Саяның «SSS» мектебінде қазірдің өзінде 5 жаңа жұмыс орны ашылды. Кейін мектептің аясы кеңісе, жұмыс орындары да көбейе түсуі әбден мүмкін. Бұл жағын уақыт еншісіне қалдыра тұралық.

Қазір мұнда 40 жас қыз би өнерінің әліп­песімен танысуда.

«Мектепке төрт жастан бастап қабылдаймыз. Олар 7 жасқа дейін балалар хореографиясымен айналысады. Бұдан соң үш бағыттың, яғни классикалық биді, балетті, сондай-ақ халықтық және заманауи хореографияны таңдайтын болады. Біздің мақсат – би өнеріне ұмтылатын жас өскіндерді кәсіби тұрғыда тәр­биелеу» деген Сая бұл істе әпке­сі Самалдың ақыл-кеңесіне, көме­гіне жүгінетінін жасырмады.

«Самал Астана қаласындағы Қазақ ұлттық өнер универ­си­тетінің түлегі, педагог-магистр. Сондықтан оның білімі, тә­жі­рибесі мол» дейді Сая жанында жүрген ең жақын ұстазы туралы.

Өнерлі болу бар да, сол өнер­ді кәсіпке айналдыру бар. Мұның екеуі де Саяның бойынан табы­лып тұр. Өзі – өнерлі, өзі – кәсіп­кер. Көп кешікпей «SSS» мекте­бі­нен қаншама шәкірттер би әле­міне түлеп ұшатын болады. Демек оның кәсіпкерлікпен бірге ұстаз­­дық жолы да басталып жатыр.

 

Жезқазған