Әлемдік бренд қалыптастырған «PepsiСo» компаниясы алдағы екі жылда Алматы облысында әйгілі «Lay’s» чипсілерін шығаратын зауытты іске қосуды ойластырып отыр. Жаңа зауыт өзіне керек шикізатты шетелден тасымалдамайды. Құнары бар жергілікті өнімге көзі түсіп, еліміздің бірнеше шаруа қожалығымен ынтымақтастықты жедел бастап кеткен. Келісімге келгендердің бірі Осакаров ауданы Ақпан ауылындағы шаруасы шалқыған «Найдоровское» ЖШС чипс сұрыпты картопты биыл алғаш рет өсірді.
Чипс сұрыпты картоп алғаш рет егілгендіктен 80 гектар арнайы сынақ алқабында ерекше күтім, баппен өсірілді. Картоп тұқымын компанияның өзі ұсынған.
– Әлемдік компания бізге сенім жүктеп отыр. Биыл шамамен 1,5–2 мың тонна картоп жинап, сынақ ретінде қайта өңдеуге жібереміз. Келер жылы да осылай істейміз. Алматыдағы зауыт ашылып, біздің өнім барлық сапа стандарттарына сай келсе, өнім көлемін өсіреміз. Ынтымақтастық жұмысқа деген ынтаңды ашады. Оның үстіне ол танымал компания болса. Өнеркәсіптік өңдеуге арналған картоп – күнделікті асханадағы сұрып емес. Бұл өз кезегінде сатылымды кепілдендіру екенін атап өткім келеді. Фермерлерге – мүмкіндік, шаруаларға – таптырмас табыс, – дейді серіктестіктің басшысы Павел Лущак.
«PepsiCo» компаниясы шаруашылықтың картобын сатып алумен ғана шектелмейді. Бұған қоса, астығы мол алқапты суару, жер тыңайтудың тың әдісі мен картоп өсірудің басқа технологиялары бойынша кеңес беріп, егіншіліктің жаңа технологияларын енгізуге көмектеседі. Осындай орасан игілігі бар.
– Картоп өсірудің өз қиындықтары бар. Бәрін үйренеміз, тәжірибе жинаймыз. Ең маңыздысы – тәжірибе арттыру. Өйткені біз үйренген технологияны барлық алқапта қолданамыз. Өнеркәсіптік өңдеуге арналған картопқа қойылатын талап күрделі. Құрамында қант пен құрғақ заттардың қажетті көлемде болуын қадағалау керек. Күтімінен бөлек, қоймада сақтау ерекшелігі де басқаша, – дейді шаруашылық басшысы.
«Найдоровское» шаруашылығы келер жылы 25 жылдық мерейтойын атап өтеді. Ширек ғасыр уақыт ішінде шаруашылық дамудың даңғыл жолына түсті. Бүгінде аймағындағы 200-ден аса адамды жұмыспен қамтып отырған шаруашылық дәнді, майлы дақылдарды, бұршақ дақылдары мен картоп өсіреді.
Компанияның картоп егуді қолға алғанына 10 жыл болды. Еңбек нәтижесіз емес. Алғаш картоп алқабы небәрі 70 гектар болса, қазір 480 гектарға дейін ұлғайтқан. Жылдық өнім көлемі 20 мың тоннаға дейін өскен. Бүгінде картоп өнімін сақтайтын алып қоймасын салып алған. Келер жылы тағы бір қойма салады.
Шаруашылықта 50 мың тоннаға дейін картоп өсіре алатын қауқар бар. Қазір өнімдерімен елдің ішкі нарығын қамтып отыр. Алдағы меже – Еуропа нарығына шығу. Жаңашылдыққа ұмтылатын шаруашылықтың ұтары көп.
Биыл олар егін жинауға кеш түсіпті. Орақ маусымын тамыз айының соңында бастапты. Биыл жер ырысын берген. 57 мың тоннаға жуық өнім жинаймыз дейді. Оның ішінде, астық – 35 мың тонна, картоп – 20 мың тонна, 2 мың тонна зығыр бар. Бұдан ертеректе шаруашылық бидайдың «аустриялық» деп аталатын сұрыбының тұқымын 550 гектар алқапқа сіңіріпті. Жерін аустриялық мамандар әзірлеген «Nourivit» инновациялық тыңайтқышымен өңдеді. Бұл тыңайтқыштың құрамында топырақты микроэлементтермен байытатын, оның ауа өткізгіштік қасиетін арттыратын микроорганизмдердің қосындысы бар. Мұның нәтижесі аста-төк өнім алуға қол жеткізді. Бидайдың бұл түріне Италия мен Аустрия тарапынан сұраныс мол болып, өнімін Еуропаға экспорттаған.
Мұнымен қоса, олар қара бидай мен қатты бидай гибриді – тритикале өсіріп, алынған өнімді экспортқа шығарды. Бұл да шетелдік селекция. Яғни Ресейдікі. Сол жолы 700 тонна тритикалені Тәжікстанға жөнелткен еді. Қалған өнімді жергілікті құс фабрикалары сатып алған.
Өндірістік үдерісті цифрландырудың маңызды элементтерін алғашқылардың бірі болып енгізуге кіріскен «Найдоровское» шаруашылығы бұл ырысты шаруаның пайданы шаш-етектен әкелетінін іспен дәлелдеп жүр.
Қарағанды облысы