• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Мирас 04 Қазан, 2024

Қазақтың бүркітші қыздары: Шетелдіктер үшеуін киноға түсірген

1211 рет
көрсетілді

Құсбегілік қазақтың қанына сіңген ерекше қасиет екенін әлем 13 жас­тағы бүркітші қыз Айшолпан Нұрғайып арқылы таныды. Көшпелілер өмірі режиссер Отто Беллдің «The Eagle Huntress» атты фильмі негізінде өркениет сахнасында қайта бір жаңғырды. Фильм 2015 жылы «Оскар» сыйлығына ұсынылса, ал 2018 жылы Айшолпан Нью-Йорк қаласында Азияның ең таңдаулы тұлғаларына табысталатын «Asia Game Changer» сыйлығын иеленді. Осылайша, көшпелілер өмірінің құндылығын Моңғолияда тұратын қазақтар қайта жандандырып, «бүркітші қыз» деген тіркесті жиі қолданатын күнге жеттік. Айшолпанға деген құрмет те артты.

Дегенмен бүгінде Моңғолияда Айшолпанның артынан ерген сіңлілері көп екенін ешкім біле бермейді.

Әрі шетелдіктердің назарына ілігіп, әлемге әйгілі болған Айшолпан ғана емес. Осы уақытқа дейін үш бірдей қазақтың бүркітші қызы туралы фильм түсірілген. Бәлкім Айшолпанға еліктеген болар, болмаса құсбегілік өнер бұл жақта сахна қойылымдарынан гөрі, күнделікті тіршіліктің әлі де болса бір бөлшегі болғандықтан, қолына бүркіт қондырған «дузкаларды» (жергілікті халық қыздарды осылай еркелетеді) көп кездестіруге болады.

Айбота балапан бүркітімен бірге

Алғашында әлеуметтік желіде жанына бүркіт қойып, өлең оқыған Айботамен таныстым. Айбота Көшеген – Алтай сұмынының тумасы. Атасына еншілес болса да, әкесі Серікбол да құсбегілікпен айналысып, аңға шығатын қазақ.

Жаз Жалаңаш жайлауына шығып, қыс­та Алтайға көшетін Көшеген ақса­­қал­дың үйінде қазір екі бірдей бүркіт бар. Біреуі – 4 жасқа толған анадан, қана­ға шығып бара жатқан ұлы құс. Екіншісі – 40 метрлік құздан үш күн барып жүріп әзер алған балапан. Құс жасын ажырата алмайтын бізге жүні қарайып, құй­рығы ұзарған балапан да қыран сияқ­ты көрінді. «Біз бүркітті көп ұста­май, ана жасына толғанда міндетті түрде ұшыра­мыз. Өйткені ол түз тағысы болған соң, даланы аңсайды әрі ана бүркітті киіз үйдің бұрышына байлап қойған қиянат. Сондықтан құзға қонып, балапан бассын деген ниетпен ұшарынан бұрын бір малды сойып, алдына салып, ақтығын байлап жібереміз», дейді Көшеген ақсақал әңгіме барысында.

Ал жиырма күндік балапанға ат қойылмаған, Айботаға арнап әкелген. Қыранның орнын басатын балапан тамақты да қолдан дұрыс жей алмай адам­нан қашқақтап, сипайын десең, аузын ашып, қылық көрсетеді. Айбота­мен Жалаңаш жайлауында бірнеше күн жүргенде осындай әсерлі сәттерге бөлендік. Айтпақшы, Айботаның кіш­кентай сіңлісі Ұлжан Серікболқызы да әпкесінің жолын қуып, өсіп келеді.

Ал енді Айбота туристердің назарына қалай ілікті? Фильм қашан түсірілді?

«Бүркітші шақырады» (Der Ruf der Adlerjägerin) атты фильм – Айшолпаннан кейін түсірілген туынды. Бірақ Айбо­тадан бұрын 2017 жылы тағы бір бүркітші қыз, Тұлба сұмынының тумасы Ақбота Өркен туралы шетелдіктер екі бірдей фильм түсірген екен. Бұл туралы сәлден соң. Айбота туралы Алтай тауларында түсірілген туындының авторы неміс журналисі, кинорежиссер Carsten Stormer (@carstenstormer). «Бүркітші шақырады» (Der Ruf der Adlerjägerin) атты фильмнің 30 минуттық үлгісі 8 ақпанда жарыққа шыққан. Ал шілде айында бір сағатқа жуық толық нұсқасы көрерменге жол тартыпты. Автор 14 жастағы қазақтың қайсар қызын көрсетуге барынша тырысқан. Әсіресе тау­дан құлдилай аққан қыранның екпініне шыдамдылық танытқан сәтін әсерлі көрсеткен.

Айбота Көшеген қазір Баян-Өлгейдегі батыр М.Ікей атындағы №1 онжылдық мектепте 11-сыныпта оқиды. Арманы – журналист болу. Соған сай мәнерлеп оқу, шығарма жазу сияқты сайыстарға үнемі қатысып тұрады. «Отандастар» қорының жазғы лагеріне келіп, атажұртта бірнеше күн болып қайтыпты.

Ақбота Өркен мен атақты журналист Мартина Войцеховская

Ал тұлбалық бүркітші қыз Ақбота Өркен туралы алдымен аустралиялықтар фильм түсіреді. Бірақ түсірілімнен кейін олар біздің кейіпкерімізбен мүл­де хабарласпаған. «Сондықтан ол фильм жарыққа шықты ма, жоқ па, ол жағынан хабарымыз жоқ», дейді Ақбота. Одан кейін Моңғолияның қара суығына қарамастан саятшылық маусымында бүр­кітші қызбен жолығуға 2017 жылы польшалық атақты тележүргізуші, альпинист, саяхатшы және жазушы Мартина Войцеховская (Martyna Wojciechowska) келеді. Полшадағы «National Geographic» журналының бас редакторы әрі әлемге жеті бірдей шыңды бағындырып таныл­ған тележүргізуші бұл жолы жай ғана қайсар қыздың бейнесін сомдап қай­тады, ол шалғай тауларда тірші­лік ететін жергілікті бүркітшілердің шынайы өмірін көрсетеді. Көшпелілер дәстүрінің болашағына алаңдаушылық білдіреді. Оны «Әлемнің үздік әйелі» атты туындыда автор әдемі келтіреді.

«Шалғайдағы ауылдардың жігіттері, ер-азаматтары қалаға жұмысқа орна­ласуға, жақсы өмір сүруді армандап жолға шыққанда, олардың дәстүрін сақ­тап қалу енді қаршадай қыздардың қолында» дейді журналист. Фильм кейін бірнеше байқауда Гран-при ұтып алған. Расында, өркениет көші адами құндылықтардың өзгеріп, салт-дәстүр, мәдениеттен алшақтап бара жатқаны тек көшпелілер үшін ғана емес, әлем үшін қауіпті құбылысқа айналғаны заңдылық. Бұны журналист туындыға арқау ете отырып, сол кезде небәрі 13 жаста болған Ақбота Өркеннің болмысын ерекше ашады.

Ақбота – отбасындағы төрт баланың кенжесі. Әкесі ұяда көргенін істеп, бала кезінен бүркіт салған, Қазақстанда дүниежүзілік бүркітшілер жарысында үшінші орын иеленген екен. Ал анасы – 40 жыл мектепте қызмет істеген ұстаз. Ақботаның үш ағасы да білім жолын таңдаған: үлкені – заңгер, екіншісі – Түркиядан білім алған сәулетші, үшіншісі – мылтық атудан спорт шебері. Қазір Қазақстанда тұрады. Кенже қыз Ақбота ғана жастайынан атасының дәстүрін жалғастырып, әкесімен бірге саятшылыққа шығып, бүркіт салған. Дегенмен қыз бала қанша қайсар болса да, табиғаттың жаратылысынан асып кете алмайтыны заңдылық. Ақбота бұл күнде бойжетіп, тұрмысқа шыққан. Жуырда ана атанады, бұйыртса, өзінің кішкентай балапаны болады. Сондықтан Баян-Өлгейде қазанның басында өтетін «Бүркітшілер фестиваліне» Өркен бүркітші өзі ғана қатысады. Бұл фильмнің үзіндісін қазір әлеуметтік желіден және Польшаның сайттарынан көруге болады.

Бір қызығы, Айшолпан, Айбота, Ақ­ботадан кейінгі Моңғолияның тауларын­да өткен талай сайыста бәс бермей жүр­ген бүркітші қыздардың есімі де ерекше.

Айтолқын

Олар – Айгерім Әскерқызы, Аймөлдір Дайынбек, Айтолқын Далайханқызы деп жалғаса береді. Аттары Ай мен Ақ-тан басталған Алтайдың алтын қыздары жыл сайынғы бүркітшілер фестивалінде бас қосады. Дегенмен әлі де біз білмейтін бір таудың қуысында бүркіт салып жүрген арулар болуы да мүмкін. Болашақта ол «дузкаларды» анықтап, бар болса танысу – басты мақсат. Өйткені 2017 жылы түсірілген төмендегі суретте олардың саны он шақты.

Негізі жергілікті халық Алтай сұмы­нында Айботадан бөлек тағы үш бүркітші қыз бар деген. Моңғолия қазақтары жаз жайлауға шығатынын ескерсек, оларды бір жерден тауып алу қиын. Дегенмен Жалаңаш жайлауында біз тағы біреуімен таныстық. Ол – Айгерім Әскерқызы. Ата-анасының айтысына қарағанда, бір-екі жыл бұрын сингапурлық режиссерлер Айгерім туралы фильм түсіру үшін хабарласқан екен. Бірақ әзірге хабарсыз жатқан көрінеді. Дегенмен Айгерімге нағыз көшпелінің ұрпағы екенін фильм түсіріп дәлелдеудің қажеті жоқ-ау. Ол жуырда Алтай сұмынында өткен Бүр­кітшілер фестивалінде бас жүлдені жеңіп алып, сыйлыққа мотоцикл ұтып алды. Қазір Алтайда білім алып жатыр.

Сингапурлық режиссерлер деген­нен шығады, олар Айгерім туралы фильм түсірмесе де, өткен жылы моңғолия­лық бүркітшілерді жинап, бейнеролик тү­сірген. Шығарманың арқауы – «бүр­кітші қыз». Басты рөлде біздің келесі кейіп­керіміз, 4 жасынан бастап сұңқар ұстаған Аймөлдір Дайынбек бар. Тағы бір қызығы, роликтен бүркітші қыз Айбо­та­ның атасы Көшеген ақсақалды да көруге болады.

Аймөлдір Дайындек

Аймөлдір сұңқарды екі жылдай ұшы­рып, одан кейін әкесімен бірге аңға бүркіт сала бастаған. Сақсайда туған. Бүгінде Моңғолияда құсбегілікпен айналыса­тын 500-ге таяу қазақ болса, соның 300-ден астамы сақсайлық. Сақ­сай – бүркітшілердің шоғырланған сұмы­ны. Соған қарағанда бұл жерде бүркіт­ші қыздардан жалғыз Аймөлдір болуы мүмкін емес. Аймөлдір – өткен жыл­ғы бүркітшілер фестивалінде «Алтын қыран – 2023» сайысында бас жүлде, «Алтын аспан – 2023» сайысында күміс жүлде ұтып алған қайсар қыз.

Тағы бір қыран ұстап, көзге түсіп жүрген қырағы қыздарыңыз – Айтолқын Далайханқызы. Айтолқын 13 жасынан бас­тап бүркітші қыздарға еліктеп жа­рыс­тарға шыға бастаған. Он жеті жасында үлкенді-кіші тойлардың жеңім­пазы атанды. Сегіз жыл қатарынан қыз қууда бәйгенің бәсін бермеген бүркітші қыз.

Моңғолиядағы бүркітші қыздардың қатары осылайша жыл сайын көбейіп келеді. Көшпелілер өмірінің бөлшегі болған «Бүркітшілер фестивалі» биыл Өлгейде жиырма бесінші рет өткізіледі. Соған сай бұл жаққа бүркітші қыздар мен құсбегілік өнерді, көшпелі қазақ өмірін көруге асығатын туристерде шек жоқ. Моңғолия десе бүгінде әлем көшпелілерді көз алдына елестетеді. Ал Бүркітшілер фестивалі жыл сайын дәстүрлі ойындардың түрін қамтыған үлкен мерекеге айналып барады.