• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Ұстаз 05 Қазан, 2024

Құрметке лайықты мамандық

181 рет
көрсетілді

Жеңісбай Қабаржан – Алматы қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде биология пәнінен сабақ береді. Мәскеу мемлекеттік тамақ өндірісі университетін азық-түлік биотехнологиясы мамандығы бо­йынша тәмамдаған. Жақында Жеңісбай Қабаржанның жетек­ші­лігімен осы мектептің 10-сынып оқушысы Ерасыл Жұмабаев 8-11 сынып оқушыларына арналған республикалық ғылы­ми жобалар конкурсында І дәрежелі дипломға ие болды. НЗМ оқушысының өсімдік сығындыларын пайдалану арқылы нан өн­дірісін дамыту технологиясы инновациялығы жағынан және өндірістік әлеуетімен қазылар алқасының назарын аудар­ды.

«Нан өндірісі технологиясын өсімдік компоненттерін қол­дану арқылы алу» жобасына Жеңісбай Қабаржан мен Ерасыл Жұмабаевқа авторлық куәлігі берілді. «Биология сабағында өткен тағам өнеркәсібінде биотехнологияны пайдалануға қа­тысты тақырып Ерасылды қат­ты қы­зық­тырды. Оқушының бұл салаға қызыққаны соншалық, ол дереу өз тәжірибесін бас­тап кетті. Зерттеу жұмысы Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің агрохабында кәсіби деңгейде Альбина Ержанқызының жетекшілігімен жалғасты. Ерасыл зерт­ханадағы жұмысын нанның дәру­мендік құрамына, сапасына өсімдік қоспаларының әсерін зерттеуден бас­тады», дейді Жеңісбай Кенжетайұлы.

Ерасыл бастапқыда көптеген қиын­­дыққа тап болғанын айтады. Тіптен зерттеуді тас­тап та кеткісі келген. Бірақ ғы­лыми жетекшілерінің қолдауы әрі өзінің еңбекқорлығының нәтижесінде жобаға тың идея, жаңа тыныспен оралды.

«Нәтижеге жетуіме ғылыми жетек­шім Альбина Ержанқызы мен ұстазым Жеңісбай Кенжетай­ұлының көмегі зор болды. Олар мені үнемі жаңа бастамаларға жігерлендірді. Жаңа технологияларды енгізу жұмысымның ажырамас бөлігіне айналды. Бас­қарудың автоматтандырылған жүйе­сін пайдалану арқылы ашытқы жасауға кірістім. Өндіріс нәтижесінде fogeltrauben жүзім сортынан saccharomyces cerevisiae ашытқысын бөліп алдым. Нан пісіру өнері тек техникалық әдісімен шектелмейтініне зерттеу барысында көз жеткіздім. Нәтижесі дәстүрлі әдістерді заманауи аспаздық ағымдармен үйлестіре отырып, бірегей рецепт жасауға әкелді. Жаңа қоспаларды қосу тәжірибесі және арнайы диеталық нұсқаларды әзірлеу шы­ғармашылығыма шабыт берді. Күнделікті дастарқанның әрін де, сәнін де келтіретін сапалы нан тағамын әзірлеуге бірқатар технологиялық әдісті меңгеру қажет болды. Алғашында шы­ғар­ма­шылық пен нақты ғылымды үйлестірудің тетігіне қатысты көп іздендім. Әсіресе шикізат таңдау кезеңі қиындық туғызды. Оған ұнның түрлерін зерттеп, құрамын, соңғы өнімге дейінгі өндірістік кезең туралы ақпарат жиыс­тырдым. Нан пісіру технологиясында температура мен ылғалдылықты басқарудың қыр-сырына қанығып, қытырлақ және жұмсақ целлюлозаның пайда болуының оңтайлы жағ­дайын қарастырдым. Дәл осы кезеңде ұннан дәмді нан пісірудің құпиясын ашуға тура келеді. Соңғы нәтижеге жету барысында көптеген сынақ пен қателік кездесті», дейді Ерасыл.

Дүкен сөрелерінде нан өнім­дерінің сан түрі самсап тұр. «Нан өнімдері технология мен жаңа үдеріс нәтижесінде ғана пайда болмайды екен, ол өндіру­шінің шеберлігі, өнерімен тығыз байланысты» деген Ерасыл бұл салада жинаған тәжірибесін же­тістік деп қабылдап қана қой­май, әлемде кәсібін зор сүйіс­пеншілікпен атқарып жат­қан жандар мен сапалы білім алуы­на, жаңа тақырыптарды игеруіне қолдау көрсететін ұстаз­дар еңбегіне зор құрметпен қараудың маңызды екенін айтты.

 

АЛМАТЫ