«Бұл әулеттегі мұғалімдер шетінен физик, математик,арасында қазақ тілі мен әдебиетін таңдағандары да бар» деп сырттан сипаттамасын естіген әулеттің өкілі Шайзат Тілеуованың ұстаздық өтіліне биыл 37 жыл толыпты. 1987 жылы Қызылорда қаласындағы қазіргі Қорқыт Ата атындағы университеттің физика-математика факультетін тәмамдаған жас маман туған ауылы Қоскөлге қайта оралған еді. Содан бері ешқайда табан аудармастан осындағы №11 мектепте еңбек етіп келеді.
Ол алғашында математикадан сабақ беретін, кейін мектептегі маман тапшылығына байланысты химия пәні бойынша қайта даярлаудан өтті. Сөйтіп, қазіргі кезде екі пәнді қатар оқытып жүр.
Қоскөл – облыс орталығынан шалғайда орналасқан ауыл. Қазір қайта интернеттің көмегімен алыс та жақынға айналып қалды. Әйтпесе, бұрын басқа әріптестермен тәжірибе алмасудың өзі әжептәуір күшке түсетін. Облыс, аудан орталықтарына жету қиямет болатын. Бүгінгі таңда ауылдың іргесінен Жезқазған-Бейнеу теміржолы өтіп жатыр. Бір жағы бұл да жақсы болды. Әрине, қандай жағдай болса да, мұғалімге жүктелетін міндет ешқашан жеңілдемейді. Шайзат Дүйсенқызы мектептегі оқу ісінің меңгерушісі ретінде әріптестеріне осыны үнемі ескертіп отырады. Өйткені бүгінгі шәкірт – ертеңгі маман. «Шыбықтың түзу өсуі – бағбанынан» десек, ұрпақтың заманға сай қалыптасуы – ұстазынан.
Шайзаттың ойынша, ұстаз да үнемі ізденіс үстінде болуы керек. Үздіксіз ізденіс, тынымсыз еңбек қана мұғалімнің мерейін көтереді, абыройға жеткізеді. Ол «ұстаз дегеніміз – оқушыдан ешқашан білгенін іркіп қалмайтын, қолынан келген көмегін аямайтын адам» деп түсінеді. Соған өзі де лайықты болуға әрқашан ұмтылады. Сол талпынысы текке кетіп те жатқан жоқ. Ол 2021 жылы «Халық алғысы», 2023 жылы «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Басқа да марапаттары қаншама.
«Менің мұғалім болуға, соның ішінде математика, физика пәндеріне деген қызығушылығыма үлкен тәтеміз Ақшекеннің, ағам Боранбай мен жеңешем Роза Орынбетқызының ықпалы зор болды. Өйткені олардың бәрі де физик-математиктер-тұғын. Тіпті мен де олар оқыған институтта оқыдым. Ақшекен тәтем – Қызылорда облысындағы құрметті педагогтердің бірі, қазір зейнеткер. Ол кісі Тасбөгет кентіндегі №172 орта мектебін 15 жыл бойы абыроймен басқарды. Соның алдында тәтеміз 13 жыл сол мектепте оқу ісінің меңгерушісі болған еді. Боранбай ағам мектепте 40 жыл ұстаз болды, қазір өмірден өтіп кетті. Ал Роза жеңешемнің де ұстаздық өтілі 40 жылдан асады», дейді Ш.Дүйсенқызы.
Бұл әулетті ұстаздар әулеті десе әбден-ақ жарасымды. Қазіргі кезде Жезқазған қаласы білім бөлімінде әдіскер болып қызмет істейтін Лаура Боранбайқызының мамандығы – басқа ұлт мектептеріндегі қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. «Біздің әулет әрқашан білім саласымен тығыз байланысты болды. Ата-анам барлық саналы ғұмырын өскелең ұрпақты оқыту мен тәрбиелеуге сарп етті. Олар оқушыларға тек білім беріп қана қоймай, өмірде қажетті құндылықтарды сіңіруге тырысты. Біз кішкентай кезімізден мұны көріп өстік. Менің бір өзгешелігім, әке-шешем физика-математика пәндерінің маманы болса, мен қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болуды таңдадым», дейді ол.
Бір ғажабы, әулеттегі педагогтер қатарын шаңыраққа түскен келіндер де көбейтті. Келіндердің үлкені Гүлбану Алдашқызы – қазір Сәтбаев қаласының Ә.Марғұлан атындағы №15 орта мектебінде оқу ісінің меңгерушісі, педагог-зерттеуші. Басқа ұлт мектептеріндегі қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып істейтін Гүлбанудың еңбек өтіліне биыл 41 жыл толды. Ширек ғасырдан аса ұстаздық тәжірибесі бар Шынар Тұрмағанбетқызы да – осы әулеттің келіні. Ол Сәтбаев қаласы Ы.Алтынсарин атындағы №19 орта мектепте қазақ тілінен сабақ береді. Ал «мұғалім келіндердің» кішісі Жазира Қонақбайқызы Қоскөлде тұрады. Оның Шайзат тәтесімен бірге ауыл мектебінде, математика пәнінің мұғалімі болып келе жатқанына он жылдан асып барады.
Ел аузында жиі айтылатын «Ұстаз деген – ұлы болып туғандар, ұлылықты ұлықтаған имамдар» дейтін сөз бар. Әсірелеп айтылғандай естілгенімен, бұл сөздің ақиқаттан еш алшақтығы жоқ десе де болады. Ұлы болып туып, ұлылықты ұлықтап жүрген педагогтердің ұясы іспетті Тілеуовтер әулетінің жалпы еңбек өтіліне биыл 220 жыл толды. Бірақ бұл олардың ұстаздық жолының шегі емес екені анық. Өйткені өмір жалғасып жатыр.
Ұлытау облысы