• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Төтенше жағдай 08 Қазан, 2024

Дала өрті алаңдатып тұр

49 рет
көрсетілді

Жексенбі күні Қарқаралы ауда­нындағы Қоянды ауылының ма­ңы­нан өрт шықты. Сол күні жел күшейе түсіп, жалын 3 мың гек­тар­дан астам жерді шарпып үлгерді.

Әбден құрғап-қурап тұрған дала шөбі бой бермей жанып жатыр. Қатты екпінді жел, таулы жерлер өртті сөндіруде қиындық тудырып тұр. Өкінішке қарай, өрттің салдарынан қаза тапқан, зардап шеккендер бар.

Өрт сөндіру барысында ТЖД Өрт сөндіру және апаттық-құтқару қыз­метінің бірнеше қызметкері мен еріктілердің бірін күйік шалып, олар аудандық ауруханаға жеткізілді. Тағы бір зардап шеккен өрт сөндіруші тікұшақпен Қарағандыға апарды.

Өрт әрі күшейе түсіп, екінші күнге ауғанда Павлодар облысына қарасты Баянауыл ауданының аумағын да шарпыды. Өрт сөндіруге «Қазавиақұтқару» АҚ-ның тікұшақтары көмекке келді.

Сондай-ақ өртті сөндіруге Қарағанды облысы ТЖД мен жергілікті атқарушы органдарының күштерінен 386 адам, 64 техника, ТЖМ мен Қорғаныс министр­лігінің әскери қызметкерлері мен әуе кемелері жұмылдырылды.

Қарқаралы ауданында 2 жылжымалы тамақтану пункті жасақталды, олар азық-түлік, заттай жарақтармен қамтамасыз етілді. Сонымен қатар Қарағанды облысы ТЖД 8 721 2 51 72 23 жедел желі телефоны жұмыс істеп тұр.

Қарағанды, Павлодар облыстарының шекара аумағындағы өрттің жалпы ауданы 45 мың га құрады. Өрт ошағына жақын Баянауыл ауданына қарасты Желтау ауылынан 18 адам қауіпсіз жерге көшірілді, оның сегізі – бала.

Төтенше жағдайлар министрлігінің командалық орталығында осы жағдайға байланысты арнайы штаб құрылды. Өрт аумағына Төтенше жағдайлар вице-министрі Ерлан Нұрпейісов пен Қарағанды облысының әкімі Ермағамбет Бөлекпаев барды.

Өрт кезінде азаматтық қорғаныс қызметінің сержанты, 1991 жылы туған Қайрат Хали қаза тапты. Оның әріптестері 1994 жылы туған Саян Күмісбаев, 2000 жылы туған Олжас Әлімхан, 1996 жылы туған Серікбай Ақмедич те зардап шекті. Күйік шалып, зардап шеккендер шұғыл түрде емдеу орындарына жеткізілді.

Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев, оның орынбасары Әлібек Әлденей, Саран қаласының әкімі Еркін Баулықов қаза тапқан өрт сөндірушінің жақындарына көңіл айтып, марқұмның отбасына жерлеу іс-шараларын өткізуге барлық қажетті көмек көрсетілетінін хабарлады.

 

Қарағанды облысы