• RUB:
    5.05
  • USD:
    484.37
  • EUR:
    531.06
Басты сайтқа өту
Қоғам Бүгін, 09:35

Әлеуметтік қолдаудың тиімді құралы

32 рет
көрсетілді

Екі жыл бұрын елімізде әртүрлі саладағы ықтимал тәуекелдерді анықтау­ға мүмкіндік беретін Отбасының цифрлық картасы (ОЦК) қанат қақты. Әлеуметтік кодекс әкелген маңызды жаңашылдық қазірде азаматтар­дың мемлекеттік қолдау жүйесіне тең қол жеткізуін қамтамасыз ететін пәрменді құралға айналды. Көптеген отандасымыз өзіне тиісті мемлекеттік қызметтерді өтінішсіз тәртіпте алып келеді.

Проактивті, атаулы тәсілді жетіл­дірудің салмақты құралы халықтың әл-ауқаты мен өмір сүру сапасының жақсаруына пәрменді ықпал ететіні сөзсіз. Еске салып өтсек, Отбасының цифрлық картасы азаматтардың әлеу­меттік мәртебесіне байланысты кепіл­дендірілген мемлекеттік қолдаудың қандай да бір түрін алуға құқықтары жөнінде күнделікті электрондық хабарлама рөлін орындаумен қатар, әлеуметтік саясаттың орта, ұзақ мерзім­ді міндет-бағыттарын айқындауға қыз­мет етеді. Отбасы жағдайын жан-жақты бағалаудағы мемлекеттік күш-жігер­ді оңтайландыру халықтың әлсіз топ­тарын анықтауға көмектеседі. Қол­дау шаралары тіпті интернет платформаларына қолжетімділігі шектеулі азаматтарға да автоматты түрде жүзеге асырылады. Карта отбасының әл-ауқат деңгейін әлеуметтік, тұрғын үй жағдайы, денсаулығы негізінде есепке алады.

Қазірдің өзінде онда отба­сы­ның аумақтық орналасуы, денсаулық сақтау, білім, әлеу­меттік қорғау, басқа да өмір­лік қажеттіліктері туралы мәліметтер қамтылған. Әділ де тиімді әлеуметтік қолдау жүйесін қа­лыптастыруға бағытталған бас­тама арқылы бүгінде карта дерекқорына 20 млн азамат немесе 6 миллионнан астам отбасы туралы ақпарат жинақталған. Бұл мемлекеттік қаражаттың дұрыс бөлінуіне, нақты уақыттағы деректерге негізделген әлеуметтік көмек көрсетудің дәлдігін арттыруға мүмкіндік ашады.

Қарапайым әрі оңтайлы ОЦК жұмысын қазір жұртшылық жақсы біледі. Азаматқа қолдау шарасы қойылған қандай да бір өмірлік жағдайда, Мобильді азаматтар базасында көрсетілген нөмірге 1414 бірыңғай байланыс орталығынан SMS-хабарлама жіберіледі. Алушы өтінімді ресімдеуде ХҚКО немесе басқа мекемеге жүгінбей-ақ, уақытын едәуір үнемдей отырып, жылдам жауап алады. Өтінішті ресім­деу, әлеуметтік жәрдемақы немесе төлем тағайындау автоматты режімде жүргізіліп, келісім расталғаннан кейін белгіленген қара­жат алушының банктік шо­тына аударылады. Биыл жыл­ басынан бері мемлекеттік қыз­мет­­терді белсенді көрсетудің нәти­же­сінде 251 мыңнан астам адам SMS-хабарлама алып, оның 115 мыңы жәрдемақы мен тө­лем­дер­ді өтінішсіз алу мүм­кіндігін пайдаланған.

ОЦК арқылы мемлекеттік қол­дауға құқығы бар ел тұрғын­дары қосымша өтініш берусіз мемлекеттік жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдердің бірнеше түрін ресімдей алады. Оған: бала туу, бала күтімі жөніндегі жәрдемақы; еңбек ету қабілетінен айырылған жағдайдағы әлеуметтік төлем; жұмысынан айырылған жағдайдағы әлеуметтік төлем; асыраушысынан айырылғандағы әлеу­меттік төлем немесе жәрдем­ақы; мүгедектігі жөніндегі жәр­дем­ақы; мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған ата-анасына (қамқоршысына) жәрдемақы; көп­балалы отбасыларға жәрдем­ақы; «Алтын алқа», «Күміс алқа» алған көпбалалы аналарға жәрдемақы; атаулы әлеуметтік көмек, тағы басқа төлемдер кіреді. Бұдан бөлек, зейнетақы жасына жеткенге дейін 2 ай бұрын зейнетақы төлемдерін алу мүмкіндігі туралы, берілген/ұзартылған «қандас» мәртебесінің аяқталу мерзімі, жұмыс іздеу, тегін оқудан өту, жұмыспен қамту саласындағы мемлекеттік қолдаудың басқа да шаралары жөнінде автоматты хабарламалар тетігі іске қо­сыл­ған. Инновациялық жоба биыл Дубайдағы Дүниежүзілік үкімет саммитінде «Инклюзивті цифрлық трансформация» санатында үздік деп танылып, беделді GovTech сыйлығын иеленгені мәлім.

Отбасының тәуекел­дерін, әл-ауқат индек­сін белгілеумен, өмірлік қиын жағдайдың деңгейін талдаумен қатар, ОЦК мемлекеттік ор­ган­дар мен әкімдерге әлеу­мет­тік-экономикалық даму бағдар­ла­ма­ларын әзірлеу барысында өңірлердегі жағдайды саралауда да маңызды рөл атқарады. Қазір ОЦК деректері арқылы жүр­гізілген отбасылардың әлеу­­мет­тік әл-ауқатын бағалау негі­зінде әкімдерге дағдарысты күй­дегі (D), шұғыл әрекетті қажет ететін (E) отба­сылар санын азайту жөнінде KPI – тиімділіктің негізгі көрсеткішін анықтау қа­жет. Жылдық индикаторларды айқындай келе, осы санатқа жатқызылған отбасылар санын азайту жөнінде өңірлердің рей­тингін есептеу мақсатында тиісті әдістемелер әзірленді. Бұл ретте әкімдердің іс-қимылы пайыздық мәнде төмендеудің жыл­дық көрсеткішіне қол жет­кізуді ескеру арқылы бағаланбақ.

Қазіргі уақытта жергілікті атқа­рушы органдар деректері жаңартылмаған отбасылар мен D, Е санатындағы отбасылар санын азайту мақсатында табысы, активі, медициналық сақтандыруы жоқ адамдарды анықтауға, оларды тұрғылықты жеріне тұрақты тір­кеуге, қолдау көрсетіп, кеңес беруге кірісті.

ОЦК Smart Data Ukimet арқылы мемлекеттік орган­дар­дың 30 ақпараттық жүйе­сі­мен интеграцияланған. Қол­да­ныстағы цифрлық платформаны жаңғырту мемлекеттік, мемлекеттік емес ақпараттық ресурстармен қосымша қажетті интеграцияны жүзеге асыруды, әлеуметтік қызметкерлерге мобильді қосымшалар әзірлеуді көздеп отыр. Әлеуметтік картаны жаңғырту барысында қыз­мет­тер­дің интеграцияланған моделі адамдарға тиімді қолдау шараларын көрсетуде, өмірлік қиын жағдайдан тез арада шығаруда әртүрлі мекемелердің жұмысын шоғырландыруға, ешкімді артта қалдырмау қағидатын орындауға, деректерді жинау мен қайта өңдеуге, мониторинг саласындағы мемлекеттік функциялардың қай­талануына жол бермеуге, қо­ғам­ның нақты проблемалары мен қажеттіліктері негізінде бюд­жеттік жоспарлаудың тиімді­лі­гін арттыруға екпін береді.

Ең бастысы, қоғамның әрбір мүшесінің мұқтаждығы шешіліп, мақсатты шаралар игерілген кезде, отбасын өмірлік циклдің бар­лық кезеңінде қолдау институтын құру да шындыққа айналады.