Павлодар облысында ұялы телефонға немесе WhatsApp қосымшасына қоңырау шалып, өзін "Қазпошта" қызметкері ретінде таныстыратын алаяқтар пайда болған. Олар сізге интернет-дүкеннен сәлемдеме келгенін, оны алу үшін SMS-код жазу керегін айтады, деп хабарлайды Egemen.kz.
Артынша алаяқтар телефонға қайта қоңырау шалып, өздерін тәртіп сақшылары немесе банктің қауіпсіздік қызметкері ретінде таныстырады. Сондай-ақ өзінен бұрын алаяқтардың қоңырау шалып, SMS-код сұрап, несие рәсімдемек болғанын айтады.
- Ал алаяқтықтың алдын алу үшін олар өздеріне несие рәсімдеуді, алынған қаражатты өздері беретін түрлі банктік шоттарға аударуды сұрайды, – делінген полиция хабарламасында.
Полиция мұндай жағдайларда телефонмен сөйлесуді дереу тоқтату кергін ескертті. Сонымен қатар болашақта күмәнді нөмірлерден келетін қоңырауларға жауап бермеу қажеттігін еске салды.
- Бұл туралы "102" немесе банктің сенім телефонына хабарлау қажет. Банк пен құқық қорғау органдарының қызметкерлері ешқашан телефон арқылы жұмыс істемейді. Сақ болыңыз, – делінген полиция хабарламасында.
Айта кетейік, бұған дейін Қостанайлық ер адам банк деректері, логин пен құпиясөздерді сатып, вирустар таратқаны туралы жазған едік. Осылайша күдікті 1,5 миллион теңге табыс тапқан екен.