• RUB:
    4.73
  • USD:
    511.22
  • EUR:
    540.05
Басты сайтқа өту
Зерде 09 Қазан, 2024

Мұхтар мен Әлкей

167 рет
көрсетілді

Биыл қазақ халқының дарынды тумасы, ұлттық археология мектебінің негізін қалаушы, фольклортанушы, өнертанушы, шығыстанушы, Қазақстан Ғылым академиясының академигі Әлкей Марғұланның туғанына 120 жыл толып отыр. Осы орайда мына бір ұлылар үндестігі хақында айтпай кетуге болмас. Өйткені, бұл оқиға болашаққа үлгі һәм қазіргі біздің айтып жүрген ұрпақ сабақтастығының айқын көрінісі іспетті.

Үлкен оқымысты Әлкей Хақан­ұлы: «Мені тікелей ғылымға әкелген бірден-бір адам – Мұхтар» дегенді көзі тірісінде жиі айтып жүріпті. Тіпті бұл сөзі хатқа түсіп, тасқа басылыпты. Ғұла­маның осы сөзін жазып алған – қазақ баспасөзіне еңбегі сіңген танымал журналшы Жарылқап Бейсенбайұлы.

Жақаң бұрынғы «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінде еңбек етіп жүрген жылдары академик Әлкей Мар­ғұлан сексеннің сеңгіріне шығады. Бұл – 1984 жыл. Содан ғұлама қарияға жолығып, сұхбат алуға журналшы аға­мыз барады. Екеуара керемет әңгіме өр­биді. Бұл жазба газетте жарияланып, кәдімгідей резонанс тудырады. Міне, содан бері де 40 жылдың жүзі болыпты.

«Жақсылық жерде қалмайды, ілім отқа жанбайды» дегендей, сұхбаттың толық нұсқасы «Кең ойдың кемел биігі» деген тақырыппен Ж.Бейсенбайұлының 2022 жылы «Өрнек» баспасынан жарық көрген таңдамалы шығармаларының 5-томына жариялаған екен.

1924 жылы Семейде педагогика­лық техникумның ІІІ курсында жүргенімде, бізге сол кезде Ленинград университетінде оқитын Мұхтар Әуезов келіп, әдебиеттен сабақ берді, – деп сөзін бастапты ғалым атамыз. – Бұған дейін де Мұхтардың есімі көбімізге таныс еді. Ол 1917 жылдан әдебиет майданында көрі­не бастады ғой. Сол шақтан-ақ өзінің әде­мі мақалалары, әңгімелерімен Мұхтар оқу-білімге енді ұмтылған жастар жүрегін жаулап алған еді. Осындай адам­ның техникумға сабақ беруге келгені бә­рімізді қуантып тастады. Мұхтардың ол кездегі қияпаты қандай. Әдемі бұйра шашты, сұңқардың көзіндей сүзіле терең қарайтын тұңғиық қара көзі бар. Маңдайынан ақыл мен ойдың лебі аң­қыған, жүрек сезімі романтикаға бө­ленген, сөйлегенде саспай, майын тамыза сөйлейтін, сөзі шөлдеген адамның мейірін қандыратын тау бұлағындай, сыпайы, көркем бір жігіт. Күн сайын педтехникумға келіп, әдебиетті оқыт­қаны­мен тынбай, қаладағы әртүрлі мә­дени шараларға да қатысады. Абай, Гоголь туралы дәрістер оқиды, баяндама­лар жасайды, өзі редактор болып «Таң» журналын шығарады. Төңірегіне өңшең бір талапты жастарды жинауға құмар. Мұхтардың басшылығымен ай сайын Абай кешін өткіземіз. Бәріміз Ертіс бойлап, сауық құрып, таң атқанша Абай әндерін шырқайтынбыз», – деп еске ал­ған екен Әлкей атамыз дос-ұстазы Мұқаң жайында.

Әлекең  IV курсқа көшкен жылы (1925) Мұхтар екеуі бір пәтерде тұрыпты. Тіп­ті Әуезовтің «Кінәмшіл бойжеткен», «Ескіліктің көлеңкесінде», «Қаралы сұлу» сияқты әдемі әңгімеле­рін жазған кезінің куәсі болған. Атам қазақтың «Алтынның қасындағы жез сар­ғаяды» дегеніндей, Мұхтардың әсерінен Әлкей де әдебиетке құмартады. Соның нәтижесінде, Ә.Марғұлан 1946 жылы «Қазақ халқының эпикалық шы­ғар­малары» атты тақырыпта еңбек қор­ғап, филология ғылымының докторы атанады. Яғни Әлкей Хақанұлының ал­ғашқы тұғырлы білімі археология, этнография емес, қазақ фольклоры екен.

Көп кешікпей, 1925 жылы Мұхтар Ленинградтағы оқуын жалғастыруға үлкен қалаға аттануға қам жасай­ды. Ол жалғыз кетпейді. Техникум бітір­ген Әлкей дос-шәкіртін ертіп алады. «Мені­мен бірге жүр, Күншығыс институтына түскенің дұрыс», дейді Мұқаң.

«Әдебиетке, фольклорды зерттеуге деген құмарлық жетелеп, сол жылы Күншығыс институтының түркология факультетіне түстім. Онымен қоса Ленинград университетінің қоғамдық ғылымдар факультетінің Шығыс бөлі­мінде тыңдаушы болып та тіркелдім. Ол кезде бұл оқу орындарында Бартольд, Самойлович, Марр, Крачковский, Оль­денбург, Бакланов, Мещанинов сынды ірі ғұламалар дәріс береді. Бәрі де – білім­дері жойқын адамдар. Мұхтардан кейін олардың тікелей әсері мені біржола ғылым жолына түсірді», деп еске алады Ә.Мар­ғұлан атамыз 2004 жылы «Білім» баспа­сынан жарық көрген «Марғұлан тура­лы естеліктер» жинағының (құрас­тырушылар: Марғұлан Д.Ә., Марғұлан Д.А.) 96-бетінде.

Ленинградқа келгеннен кейін де екі дос Васильев аралындағы жетінші ли­ния­ның бойында бір пәтерде тұрады. Әлекең ауық-ауық уақыт тауып Мұхтар оқитын Ленинград университетінің әде­биет фа­культетіне барып, профес­сор Си­пов­ский­дің дәрісін тыңдауды әдет етеді.

Бір күні Мұхтар екеуіміз профессор Сиповскийдің лекциясына қатысып отырғанбыз. Есіл-дертіміз оқытушының сөзінде болып ештеңе байқамаппыз. Бір қарасам, Мұхтардың шашының арасында шиыршықталған қағаз қыстырулы тұр. Бір жапырақ қағазға: «Сіздің шашыңыз біздің лекция тыңдауымызға кедергі жасап отыр», деп жазылыпты. Қызықты дәріс үстінде де Мұхтардың әдемі бұйра шашы арқамызда жайғасқан нұр жүзді арулардың назарын аудара берсе керек. Сөйтсем, олардың арасында өзіміздің болашақ жеңгеміз Валентина да бар екен, – деп еске алыпты Әлкей Марғұлан.

Осы екі тұлғаның достығы туралы тағы бір үлкен ғалым Шапық Шөкин 1984 жылы 80 жасқа толған әріптесі Әлкей Марғұлан туралы жазған естелігінде төмендегідей мәлімет келтіріпті: «1921 жылы Семей техникумының директоры қызметін атқарып жүрген Әбікей Сәтбаев туған ауылы Далбаға келіп жүріп, 16 жастағы Әлкей Хақанұлын көріп, оны техникумға оқуға түсірді. Осы жерде Мұхтар Әуезовпен танысады. Ол Мұқаңа білмекке деген құмарлығымен, жастығына қарамастан гуманитарлық мәселеде ой-өрісінің кеңдігімен қатты ұнайды. 1924 жылы Мұхтар Әлкейді өзінің туған жері Шыңғыстауға қонаққа шақырады. Сонда өздерінің уақытты қалай жақсы өткізгенін, құмай тазылармен қасқыр аулауға шыққандарын, Әлекең жыр қылып айтатын. Әлкей техникумды бітірген соң Мұхтар Омар­ханұлы Ленинградтағы Герцен атын­дағы пединститутқа жолдама алып береді. Кейін өмір-тіршіліктің әр алуан кезеңдерінде олар достық жұбын жазбай, бір-бірінен жәрдем-көмегін аямай өмір сүрді. Олар дүниетанымда да, қоғамдық және әдеби үдерістерді танып, оны бағалауда және болжауда да ой-пікірлері бір жерден шығатын. Олардың қимас достығы мен жақсы қарым-қатынасы 40 жылға созылып, тек 1961 жылы Мұхаң қаза тапқаннан кейін ғана үзілді», деп жазыпты («Әлкей Марғұлан туралы есте­ліктер». 52-53 б.).

Ал мына өздеріңіз көріп отырған суретте жалындап тұрған – екі жас, екі дос. Бірі – қазақтың әдебиетін әлемдік деңгейге көтерген Мұхтар Әуезов болса, қасындағысы – ұлттық археология атасы, жанкешті ғалым Әлкей Марғұлан. Бұл фото 1926 жылы Ленинградта түсірілген көрінеді.