• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Медицина 09 Қазан, 2024

Тұрғындар сапалы медициналық көмекке зәру

113 рет
көрсетілді

Ақтөбе өңірінде денсаулық сақтау саласында қалыптасқан ахуал, ме­д­ици­налық көмектің сапасы мен қолжетімділігіне қатысты алаң­да­тарлық жағдай көп. Тек осы жылдың тоғыз айы ішінде ана мен сәби өлімі көбейіп, қатерлі ісікке шалдыққан науқастар саны өскен.

Өткен жылдың қоры­тын­дысына сәйкес өңір­дің денсаулық сақ­тау саласы жеті көрсеткіш жөні­­­нен ақсап тұр. Оған ана мен сәби өлімі, тұрғындардың сапалы медициналық қызметке қол­­жетім­сіз­дігі, жылжымалы мобильді кө­мек­тің жетіспеушілігі, дәрі-дәрмек өнді­рісінің төмендігін жатқызуға болады. Осы жылдың тоғыз айында үш ана босану кезінде қайтыс болған. Бірінші жартыжылдықта 100 мың тұрғынға шаққанда қатер­лі ісікке шалдыққан 194,3 жағдай тіркеліп, осы дерттен болатын өлім-жітім деңгейі 100 мың тұрғынға шаққанда 51 адамға өскен.

Ақтөбе облысындағы 38-і мем­лекеттік, 54-і жекеменшік емдеу мекемесінде 4545 дәрігер, 9513 кіші, орта қызметкер жұмыс істейді. Аудан тұрғындарының денсаулығын 432 дәрігер қада­ғалайды. Соған қарамастан, әлі күнге дейін өңірде 215 дәрігер жетіспейді. Әсіресе акушер-гинеколог, анестезиолог, рентгенолог мамандарға қажеттілік басым. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында жергілікті бюджеттен М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университеті базасында дәрігерлер даярлауға 50 грант бөлініп, резидентурада оқып жатқан 98 жас маман ауылға жіберілді. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрбол Тымпиевтің хабарлауынша, жалпы тәжірибедегі дәрігерлер резидентураға түскенде негізінен тар бейінді мамандықтарды қа­лай­ды. Мұның бір кемшілігі – жергілікті бюджеттен медицина қызметкерлерін даярлауға грант саны көбейтілсе, жалпы тәжіри­бедегі дәрігерлерлер саны аза­йып кетеді екен. Екінші жағынан, тұр­ғындардың қалаға шоғырлану үдерісінің тым қарқын алуынан қаладағы емханалар мен ауруханаларда жүктелім көбейген.

Ақтөбе облысы тұрғындарының саны 941 мың адамды (613 мың ересек, қалғаны балалар) құраса, оның 25 %-ы ауылдық жерлерде тұрады. Осы жылы ауылдық жерлерге жұмысқа келген 50 ма­манның әрқайсысы 3 млн теңге сомасында төлемақы алды. Егер жас маман «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасымен келсе, 100 айлық есептік көрсеткіш мөл­шерін­дегі жәрдемақысымен қоса 2500 айлық есептік көрсеткіш сомасында тұрғын үй көмегін алады. Бірақ басты талап – тұрғылықты жерде кемінде бес жыл жұмыс істеуге тиіс.

Осы жылы бюджет есебінен 666 млн теңгеге медициналық құрал-жабдықтар сатып алынса, келесі жылы оның көлемін 3,6 млрд теңгеге көбейту жоспарланып отыр. 21 медициналық мекемеге жөндеу жүргізіліп, облыстық көпсалалы балалар ауруханасы, Әйтеке би мен Қарғалы аудандық ауруханаларының қазан­дықтары жаңартылды. Келесі жылы жүйке ауруларын емдейтін орталық, сараптама орталығы ғи­ма­ратта­рына жөндеу жүргізіледі. Ұлт­тық жоба аясында салынып жат­­қан 3 ауданаралық аурухананың жобалау-сметалық құжаттары осы қарашада мемлекеттік сараптамадан өтеді.

«Емханалар мен аурухана­лар­дағы құрал-жабдықтардың тозу деңгейі 75%. Бірнеше жыл бұ­рын М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина универ­си­те­ті­нің базасына берілген онкология орталығының ғимараты 1976 жылы салынған. Мұндағы сәулелі тера­пия жабдықтары да он жылдан бері пайдаланылып келеді. Облыста туберкулез орталығын салудың қажеті шамалы. Себебі бұл күндері өкпе сырқатына ұшыра­ған­дар саны 22 есеге азайды. Оның үстіне, қалада 300 кереуеттік фти­зио­­­пульмонологиялық орта­лық бар», дейді Денсаулық сақтау бас­қар­ма­сының басшысы Нұрбол Тымпиев.

Облыстық әкімдік қарауын­дағы Ахуалдық орталыққа түскен 951 шағым­ның тең жартысы дәрі-дәрмек тапшылығы мен емхана­лар­дың қызметіне қатысты. Сон­дай-ақ жастар арасында сала­мат­­­ты өмір салтын насихаттауға жер­­­­гі­лікті бюджеттен бөлінген қар­­жы екі жылдан бері игерілмей келеді. Басқарма басшысы осы іспен үкіметтік емес ұйым­дар айналысқанын, олардың мем­лекеттік тапсырыс алуға тап­сыр­ған құжаттары конкурс талабына сәйкес келмегендігін атап өтті. Бұл жұмыспен медициналық білімі бар аза­маттар айналысуға тиіс. Келе­сі жылы саламатты өмір салтын наси­­­хаттау жұмыстары денсаулық сақ­­­тау министрлігіне қарасты ұлт­­­тық орталықтар құзыретіне беріледі.

Облыстық мәслихат депутаты Еламан Итеғұловтың айтуынша, Ақтөбе облысы медициналық құрал-жабдықтармен жабдықталу деңгейі жөнінен жоғары орында деп көрсетілсе де, бар­лық меди­циналық мекеменің жабдықтары ескірген. Бұған мониторинг қоры­тындысы дәлел. «Емханалар мен ауруханалардың медициналық қондырғылармен жабдықталу деңгейі айқындал­ма­ған. Бірінші кезектегі сатып алу басымдықтарын анықтау қажет», дейді депутат.

Сондай-ақ денсаулық сақ­тау мекемелері медициналық құ­рал-жабдықтарды сатып алу ережесін ескермейді. Соның бір дәлелі – Денсаулық сақтау басқармасы бір жылдың ішінде 22 қосалқы мердігер мен жеке ұйымдармен 1000 келісімшартқа отырған. Басқарма басшысы келесі жылдан бастап жаб­дық­тарды сатып алу жүйесі орта­лықтандырылатынын, осы арқылы жеткізушілер саны азаятынын айтады. Зертханалар жұмысы да орталықтандырылады.

Қатерлі ісікке шалдыққан науқас­тарды емдеу – өте өзекті мәселе. Бірнеше жыл бұрын 120 кереуеттік онкология орталы­ғы М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина универ­сите­тінің база­сына көшірілді. Осы мекемені денсаулық сақтау бас­қармасына қайтару туралы Денсаулық сақтау министрлігіне хат жіберілді. Ақтөбеде ядролық орталық салу күн тәртібінде тұр.

Қазақстан онкология және радиология ғылыми зерттеу инсти­ту­тының басшысы, Денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс бас онкологі Диляра Қайда­ро­ва Ақтөбе облысында қатерлі ісік­ке шалдыққандарды ерте анық­тау көрсеткіші төмендеп кет­ке­ніне, онколог мамандардың жетіс­пеу­шілігіне назар аударды.

«Ақтөбе облысында онколо­гиялық науқастарды емдеу өте өткір күйде қалып отыр. Соның ішін­де науқастарды ерте анықтау көр­­сеткіші төмендеп кетті. Қатерлі ісік­тен өлім-жітім көрсеткіші 4,5%-ға өскен. Аудандық ауруханалар­дағы онколог дәрігерлердің тең жартысы бұл жұмысты қосымша атқарады. Басқа облыстарда онко­логиялық қызмет дербес мекеме болса, осы өңірде онкология­лық қызмет университет базасында қалып отыр. Университет мамандар даярлау сұранысын қам­­тамасыз етіп отырған жоқ. Заманауи емдеу тәсіліне көшу керек. Ауылдарға бару керек. «Қазақстан халқына» қоры сатып алып берген қымбат маммограф та бос тұр. Қаржыландыру бар, бірақ жұмыс көрінбейді. Осы жабдықты күтіп ұстауға, елді мекен тұрғындарын медициналық тексерістен өткізуге облыстық бюджеттен 100 млн теңге бөлінген, бірақ жұмыс орындалмаған», деді Д.Қайдарова.

Медициналық-фарма­цев­тика­лық бақылау депар­та­ментінің бас­шысы Әлия Латыпованың ­айтуынша, осы жылдың тоғыз айында тұрғындардан түскен 204 шағымның 67%-ы стационар­лық, амбулаторлық қызмет сапа­сына, 24%-ы педиатрия, 13,5%-ы­ хирур­гияға қатысты болған. 6 ша­ғым құқық қорғау органдарына жіберілді. Кемшіліктер негізінен науқасқа жедел көмек көрсетпеу, дер кезінде есепке алмау, ауыр науқастардың жағдайын анықтауда облыстағы дәрігерлермен консилиум жүргізбеуден көрінеді.

Денсаулық сақтау саласына қатысты тұрғындардың шағымы жылдан-жылға өсіп бара жатқаны да назар аудартады. Мәселен, 2022 жылы – 56, 2023 жылы –150, 2024 жылы 144 шағым түскен. Ә.Латы­­пованың айтуынша, сегіз айда заңсыз фармацевтикалық қыз­метпен айналысқан үш мекемеге 3 млн теңгеден астам айып­пұл салынды. Лицензиясы жоқ бала­бақ­шалар мен колледждер де анықталды.

Жекеменшік емханалар мен ағзаны тазарту орталықтарының қызметін де бақылауда ұстаған жөн. «Бізде медициналық орталықтар көп ашылып жатыр. Өткен жылы плас­тикалық операция мен косме­ти­калық орталықтарға қатысты шағым көп түсті. Алайда мекемеге қатысты шағым түспесе, басқарма өздігінен тексеріс жүргізе алмайды. Бұл шағын және орта кәсіпкерлік нысанына қысым көрсету болып табылады», дейді Ә.Латыпова.

Ақтөбе облысында салынады деп жоспарланған ядролық орталық құрылысын «Shevron» компаниясы қаржыландырады. Науқастардың сапалы ем алуына жақсы жарақтандырылған дербес орталық қажет.

 

Ақтөбе облысы