• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Референдум 2024 09 Қазан, 2024

Халықтың 71,12 пайыз қолдауы

23 рет
көрсетілді

Орталық референдум комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров аумақтық референдум комиссияларының хаттамалары негізінде 6 қазанда өткен республикалық референдумның түпкілікті қорытындысын жариялады. Республикалық референ­думның қорытындылары бойынша ОРК отырысына бейнеконференция байланысы режімінде облыстардың, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының аумақтық референдум комиссияларының төрағалары мен мүшелері қатысты.

Нұрлан Әбдіров «Респуб­ликалық референдум туралы» Конституциялық заң­ның 21, 31-баптарында белгі­ленген өкілеттіктерге сәйкес, Орта­лық референдум комиссиясы жалпы республика бойын­ша референдумның қорытын­дыларын шығаратынын, бұл туралы хабарды бұқаралық ақпарат құралдарына беруді қамта­масыз ететінін хабарлады.

Облыстардың, Астана, Алматы және Шымкент қала­ларының аумақтық комиссия­лары тиісті әкімшілік-аумақ­тық бірліктерде референдум­ның нәтижелерін анықтады. Барлық аумақтық референдум комиссиялары дауыс­тарды санағаннан кейін екі күн ішінде дауыс беру нәтиже­лері туралы хаттамалар­дың түпнұс­қаларын Орталық референдум комиссиясына жеткізді. Орталық референдум комиссиясы ұсын­ған хаттамалар негізінде бүкіл­халықтық да­уыс берудің қорытындыларын анықтады. 

ОРК төрағасының айтуынша, референдумда дауыс беруге қатысқан азаматтардың 71,12 пайызы, яғни 5 561 937 адам Қазақстанда атом электр стансасын салу мәселесін қолдаған. Ал 2 045 271 азамат қарсы дауыс берген.

– Жарамсыз деп танылған бюллетендер саны – 130 267. Жауаптардың екі нұсқасы да таңдалған, яғни жарамды деп танылған, бірақ дауыс санау кезінде есепке алынбайтын бюллетендер саны 82 729 бюллетенді құрады. Осылайша, Қазақстанда АЭС салу туралы референдумда қойылған мәселе бойынша шешім қабылданды деп саналады, – деді Н.Әбдіров.

Референдумға ел азаматтарының 12 284 487-сінің қатысу құқығы бар. Олардың арасында 7 820 204 63 адам (66 пайыз) дауыс берді.

– Референдумға қатысу құқығы бар азаматтардың жартысынан көбі дауыс беруге қатысты. Осылайша, республикалық референдум туралы Конституциялық заң нормаларына сәйкес, референдум өткізілді деп саналады, – деді ОРК төрағасы.

Референдум қабылдаған шешім­­нің міндетті күші болады және актілермен қосымша растауды талап етпейді. Орталық референдум комиссиясы «2024 жылғы 6 қазан­дағы республикалық референдумда дауыс беру қоры­тындылары туралы» қаулы қабылдады.

Отырыс барысында Н.Әбдіров шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың байқаушыларының бағалауы бойынша референдум қолданыстағы ұлттық заңнама­ға және Қазақстан қабылдаған халықаралық міндеттемелерге сәйкес өткізілгені, азаматтық қоғам өкілдерінің белсенді қатысқаны және азаматтардың саналы таңдау жасауы үшін барынша қолайлы жағдайлардың қамтамасыз етілгені атап көрсетілгенін айтты. Атап айтқанда, аумақтық референдум комиссияларының деректері бойынша, дауыс беру күні референдум учаскелерінде 244 аккредиттелген қоғамдық бірлестіктердің, ком­мерциялық емес ұйымдардың байқау­шылары мен бұқаралық ақпарат құрал­дарының 1 427 өкілі қатысты. Соны­мен қатар шет мемлекеттер мен ха­лық­аралық ұйымдардың 177 байқау­шысы, шетелдік бұқара­лық ақпарат құралдарының 200 өкілі қатысты.

Референдум өткізу барысын­да азаматтардың ерік білдіруі үшін кешенді жағдайлар жасалды, мүге­дектігі бар адамдардың дауыс беруіне қолжетімділігін жеңілдету бойынша бірнеше оң бастама іске асырылды.

Референдумды дайындау мен өткізуге 246 аумақтық, 10 323 учаскелік комиссиялар жұмысқа тартылды. ОРК төрағасы барлық деңгейдегі референдум комиссиялары 70 мыңнан аса мүшесінің жер­гілікті жерлердегі адал жұмы­сын атап өтіп, олар жалпы өздеріне қойылған күрделі міндетті тиісінше орындап шыққанын айтты.

Референдум өткізу барысында Орталық референдум комиссиясы барлық деңгейдегі комиссияға, сон­дай-ақ саяси партияларға, бұқара­лық ақпарат құралдарына және аза­мат­тық қоғам ұйымдарына арнал­ған жал­пыұлттық каскадты оқы­ту бағдар­ламасын енгізіп, референ­думды ұйымдастырушылар үшін 3 700 оқыту іс-шарасын өткізді.

Отырыс соңында Н.Әбдіров референдумды ұйымдас­тыру­шыларға дайындау мен өткізу бойынша атқарған жұмысы үшін, халықаралық бай­қаушылар­ға, қоғамд­ық бірлестік­тердің, ко­ммер­ция­лық емес ұйым­дар мен бұ­қара­лық ақпарат құралдары­ның өкіл­деріне дауыс беру үдерісінің ашық­тығы мен жариялылығын қамта­­масыз етуге жәрдемдескені үшін, ал азаматтарға белсенді азамат­тық ұстанымы үшін алғысын білдірді.