Қазақстанның Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, әнші Жүсіпбек Елебеков атындағы IX Республикалық дәстүрлі әндер орындаушыларының байқауы жоғары деңгейде өтті. Биылғы байқау ән алыбының 120 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр.
Ән додасының шымылдығы «Сарыжайлау» кинотеарында ашылды. Төрелік етуге келген Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, профессор Қайрат Байбосынов:
– Мен – Жүсіпбек Елебековтің алғашқы шәкіртінің бірімін. Жәнібек Кәрменов, қазір осында отырған Ғалым Мұхамедин де – төл шәкірті. Композитор Тұрсынғазы Рахымов сәл кейіндеу келді. Жүсекең өмір бойы жинаған әндерін бізге үйретті. Біз бәрін мұқият бойымызға сіңірдік. Ол кісінің бір кереметі бәріміздің болашағымызды болжап кетті. Кімнің әнші болатын, болмайтынын дөп айтатын. Қазір сол Алматыдағы эстрада студиясы Ж.Елебеков атындағы эстрада-цирк колледжі деп аталады, – деді байқау алдындағы баспасөз мәслихатында.
Дәстүрлі ән додасында Астана, Алматы, Шымкент, Тараз қалаларынан, Жетісу, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Абай, Ақмола өңірлерінен өнерпаздар келіп, бақ сынады. Әр өңірден іріктеліп келген кіл мықты талантын көрсетіп, жұлдызын жағуға талпынды.
Сонымен, ән алыбы Қайрат Байбосынов бастап, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Ғалым Мұхамедин, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жақсыгелді Кемалов, Жүсіпбек Елебековтің ұлы Естай Елебеков, Мәдениет саласының үздігі Талғат Абуғазин, «Құрмет» орденінің иегері Қайрат Кәкімов, Мәдениет қайраткері Абылай Қармысов, «Құрмет» орденінің иегері Сержан Мұсайын сынды азаматтар қазылық қылып, бағасын берді.
Марапаттау рәсімі кезінде облыс әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей жүлдегерлерді құттықтады.
Сонымен, Қазақ ұлттық университетінің студенті Дария Бекпенбетова, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының студенті Мадияр Өмірғали, Қазақ ұлттық өнер университетінің студенті Шерхан Тұяқ, Жетісу облысынан келген Сәбинұр Қаһарман, Нұрмұхан Жантөрин атындағы Атырау облыстық филармониясының әншісі Алида Хуанова байқаудың дипломаттары атанды.
Мейірхан Адамбеков атындағы арнайы сыйлыққа Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының студенті Бақтияр Орал лайық деп танылды. Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясының әншісі Өмірхақ Шешхан Манарбек Ержанов атындағы арнайы сыйлықтың иегері атанды. Ғаббас Айтбаев атындағы арнайы сыйлық Қазақ ұлттық консерваториясының студенті Нұрдана Сәлімханға, Қали Байжанов атындағы жүлде Қазақ ұлттық консерваториясының студенті Айбек Тәттімбекке бұйырды. Игілік Омаров атындағы арнайы сыйлық Қазақ ұлттық өнер университетінің студенті Ақниет Серғазинаға, Рымтай Бөдесов атындағы арнайы сыйлық Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының студенті Ұлжан Әбілхасимоваға табысталды.
Жүлделі үшінші орынға Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының студенті Аружан Сағындық, Бұқар жырау ауданынан қатысқан Қуандық Төкенов, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының студенті Сәулет Аманғазин лайық деп танылды. Ал екінші орынды Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының студенті Аида Сраил, Нұрмұхан Жантөрин атындағы Атырау облыстық филармониясының әншісі Жасұлан Базарбаев алды. Бірінші орын Қазақ ұлттық университетінен келген Камал Майдановқа бұйырды. Ал айтулы ән байқауының бас жүлдесін Қазақ ұлттық өнер университетінің студенті Бек Мыңбай жеңіп алды.
Қарағанды облысы