Қазақ ән өнерінде дарынды дирижер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әли Алпысбаевтың есімі ерек. «Тойың тойға ұлассын», «Досым» секілді ел жүрегіне қоныстанған таңдаулы әндері халық жадында мәңгі қалмақ. Тіпті шығармалары шетел асып, қазақ өнерін аспандатып келеді. Оған дәлел тұңғыш рет өткен «Елге арнау» халықаралық әнші-вокалистер мен жеке аспапта орындаушылар байқауы.
Қазақстан композиторлар одағының 85 жылдығына орай ұйымдастырылған I халықаралық «Елге арнау» өнер додасына қатысқан өнерпаздар тек автордың шығармаларын орындады. Екі күнге созылған өнер бәйгесі елдің ерекше ықыласына ие болды. Сазгерліктің азабын татып, сыры мен сыны кетпейтін саз туындатудың машақатына төзу – үлкен махаббаттан туындаса керек. Осы жолға тұтас өмірін арнап келе жатқан өнер иесі салтанатты шарада халыққа ризашылығын жеткізді.
«Жетісу жұртына деген ықыласым шексіз. Мен сазгерлік, жалпы музыка өнеріне төтеден килігіп, тосыннан қосылған жан емеспін деп білемін. Ақ жөргекке әнмен оранып, күймен буылып, талбесікте ана әлдиін тыңдап өстім. Құлындай құлдыраңдап өскен шағым бүгінге дейін көз алдымнан кеткен емес. Сол кездегі ауылымның әжелері салған тамаша әуендер әлі де құлағымда жүр. Сол себепті, өнерге кездейсоқ келмедім деп айтуға тұтастай құқым бар», деді Ә.Алпысбаев.
Байқауға Өзбекстанның халық әртісі Фарух Садыков, Қырғызстанның халық әртісі Тілек Найманбаев, Қазақстанның халық әртісі Нұржамал Үсенбаева, қазақ музыка өнерінің майталмандары Жанат Шыбықбаев, Дүйсен Орынбай, Торғын Смайлова қазылық етті. Олар жүзге тарта қатысушының ішінен үздіктерді таңдады.
«Әли Демегенұлы – І.Жансүгіров атындағы өнер ордасын басқарғанда, ұжымды қанаттандырып қана қоймай, талай белеске бастаған басшы. Алпыстан асқан ел ағасы бағындырған асулардың өзі бір кітапқа арқау боларлықтай. Бүгінде М.Төлебаев атындағы филармонияның оркестріне дирижерлік етіп, кешегі Нұрғиса Тілендиев сынды тұлғалар салған сара жолдың саңлағы екенін дәлелдеп жүр. Бұл әрине, бір ғана жетістігі», деді Н.Үсенбаева.
Аталған өнер додасында жүлделі орынға ие болған жеңімпаздардың бәріне қаржылай сыйлық берілді. Топты жарған түркі балалары өнерін ортаға салып, жетісулықтарды бір желпіндірді.
Жетісу өңірінде «Әли – әуен, Әли – жыр» атты ән бар, осыған орай композитордың артынан ерген аңыз да жетерлік. Оңтүстік жаққа барған композитордың «Досым» деген тамаша әнін тыңдаған кәсіпкер азаматтың бірі авторға жеңіл автокөлігін сыйға берген екен. Мұның өзі ән қанатында тербелген азаматтың жомарттығы болса, тыңдарманды сондай күйге бөлеген туындыны өмірге әкелген сазгердің талантына жасалған құрмет деп білеміз.
Әли Алпысбаевтың бойында бабадан қалған тектілік бары анық. Оған дәлел, әрқашан мұқым елдің мәңгілік мұрасын жиі насихаттайтындығында. Сан мәрте концерттік сапармен Қытай, Түркия, Польша, Үндістан, Болгария және Ресейдің ірі қалаларында болып, көптеген халықаралық музыкалық форум мен фестивальдерге қатысты. Сонымен қатар дирижер-композитор ретінде отандық ірі сахналарда өзінің өнерін сан мәрте мойындатып, тыңдармандарын сүйсіндіріп келеді. Өзінің айтуынша, жүздеген әннің, әлденеше ірі күй-поэмалардың және домбыраға арнап жазылған 3 бөлімді концерттің авторы. Театрда сахналанған 10-ға жуық қойылымға музыка жазып, әндері мен шығармаларынан құралған «Ауылдағы той», «Әнімді сізге арнадым» атты жинақтары жарық көрген. Бұл ертеңге аңыз болар бір адамның шығармашылық әлеуетінің көрсеткіші, есімін әйгілеп тұратын дарынның ғұмырнамасы.
Жетісу облысы