• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Саясат 11 Қазан, 2024

Қатармен байланыстың жаңа бағыттары

137 рет
көрсетілді

Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен палата отырысы өтіп, онда сенаторлар Қазақстан мен Қатар Үкіметтері арасындағы келісімді ратификациялады, депутаттық сауалдарын жолдады.

Екі елге тиімді келісім

Отырыс барысында Сенат депутаты Марат Қожаев ант беріп, палатаның Конституциялық заң­нама, сот жүйесі және құқық қор­ғау органдары комитетінің құрамына сайланды. Айта ке­тейік, Марат Қожаев Мемлекет басшысының Жарлығымен Сенат депутаты болып тағайындалды.

Күн тәртібіне сәйкес сенаторлар «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қатар Мемлекетінің Үкіметі арасындағы басым сала­лар­дағы жобаларды дамыту үшін ұзақмерзімді стратегиялық әріп­тестік орнату туралы келісімді ра­тификациялау туралы» заңды қарап, мақұлдады.

Келісім екі елдің телекоммуникация, энергетика, мұнай-химия және басқа да сала­лар­да­ғы бірлескен жобаларын іске асыруға, сондай-ақ сауда-эко­но­микалық ынтымақтастықты ны­ғайтуға арналған.

«Келісім еліміздің аумағында Қатар мемлекетімен бірлескен инвес­тициялық жобаларды іске асыру мақсатымен әзір­лен­ген. Ын­тымақтастық аясында теле­ком­муникация, энергетика, көлік, мұнай-химия, ауыл шаруа­шы­лығы және қаржы салаларына басымдық беріледі. Мақұлданған заң экономикамыздың дамуына, екі ел арасындағы серік­тестіктің одан әрі нығаюына оң септігін тигізеді деп сенеміз», деді Сенат төрағасы.

Құжат нормалары стратегия­лық инвестициялық жобаларды іске асыруға Қазақстан жабдықтарды, шикізаттар мен материалдарды әкелу кезінде кедендік баж­дарды төлеу жөніндегі міндет­те­мелерден босату түріндегі кедендік жеңілдіктер, сондай-ақ ұлттық заңнамада көзделген салықтық жеңілдіктер беретінін атап өткен жөн.

 

Инвестиция тарту – басты назарда

Палата отырысында М.Әшім­баев мемлекеттік органдар­ды экономикаға қатыс­ты жаңа жобаларды іске асыруда бел­сен­ділік танытуға шақырды. Қа­зір­гі таңда экономикамызды әртараптандыру және эконо­микалық өсімнің жоғары деңгейін қамтамасыз ету еліміздің алдында тұрған маңызды міндеттер екенін атап өтті. Оның айтуынша, аталған мақсатқа жетудің бірден-бір жолы – инвестиция тарту.

«Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев экономиканы әр­тараптандыру және эконо­ми­ка­лық өсімнің жоғары деңгейін қамтамасыз ету жөнінде нақты міндеттер жүктеді. Қазіргі таңда осы бағытта ауқымды жұмыс атқарылып келеді. Банктермен жұмыс істеп жатырмыз. Бұл бағытта инвестиция тарту – маңызды шарт. Жалпы, қазір Қазақстан ғана емес, бүкіл әлем­де инвестиция үшін үлкен күрес, бәсеке жүріп жатыр. Яғни қолайлы жағдай жасап жатқан басқа да мемлекеттер бар. Сол себепті біз өзіміздегі инвестициялық ахуалдың өзге мемлекеттерге қарағанда тартымды болуын немесе одан кем болмауын қамтамасыз етуіміз керек», деді М.Әшімбаев.

Палата спикері Қатар мем­леке­тінен инвестиция тарту мәселесіне назар аударып, жақын арада ұлттық экономикаға айтар­лық­тай қаражат құйыла­тынын, бұл еліміздің дамуына тың серпін беретінін тілге тиек етті.

«Бүгін қаралған келісім аясында осы бағыттар бойынша инвесторға мүмкіндіктер бері­леді. Осы ретте аталған жұ­мыс­тың бәрі ұлттық заңнама аясында жүргізілетінін айрықша атап өтуіміз керек. Үкімет бәрін ба­қылап отырады. Алдағы уақытта келісім және келетін инвестициялар еліміздің дамуы­на, халықтың әл-ауқатын арттыруға, экономикамызды жаңа белеске шығаруға қызмет етеді деп сенеміз», деді М.Әшімбаев.

 

Жасөспірімдер арасында қылмыс неге көп?

Палата отырысында сенаторлар Дархан Қыдырәлі мен Евгений Больгерт депутаттық сауалдарын жолдады. Д.Қыдырәлі жастар арасындағы қылмыс деңгейінің артуына алаңдаушылық білдірді. Сенатор қылмыстық жазаны қатаңдатумен қатар, Үкіметті барлық өңірдегі жастар саясаты басқармаларын қалпына келтіруге, жастар ресурстық ор­та­лықтарының жұмысын жан­дан­дыруға және отбасы мен жастар мәселелерімен айналысатын орталық және өңірлік атқарушы органдардың жұмысын үй­лестіру үшін Арнайы мемлекеттік агент­тік құруға шақырды.

Депутаттың айтуынша, биыл­ғы тоғыз айдың көрсеткіші бо­йын­ша кәме­летке толмағандар арасындағы қылмыс Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Ұлытау, Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау облыстары мен Астана, Алматы, Шымкент қалаларында арта түс­кен. Сенатор елімізде орын алған зорлық-зомбылықты, Ақ­тау­дағы жастар төбе­лесі мен Ақтөбедегі жасөспірімді аяу­сыз өлтіргенін және қоғамдық алаң­даушылық туғызатын басқа да оқи­ғаларды мысалға кел­тір­ді. Жастар ара­сындағы проблемалар бізде ғана емес, жалпы әлем жұртшылығының алаң­дау­шылығын туғызып отыр. Сон­дықтан дамыған елдерде жастар, жаңа ұрпақ туралы ауқымды зерттеулер жүргізіледі. Елімізде бұл тақырып ғалымдар назарынан тыс қалып тұр.

«Масс-медиадағы басым күш культі, танымал сериал­дар мен басқа да формалар ар­қылы агрессияның насихат­талуы қатыгездікті өршіте түсе­тіні аян. Әлеуметтік желілер арқылы кең тарал­ған ойындар жастардың танымы мен талғамын қалыптастырады. Сонымен қатар ата-ананың мейірімін сезінбеу, отбасындағы түрлі кикілжің мен зақым, білім ошақтары мен тәрбие орындарында жастарға со­циа­лизация моделін ұсына алмау сияқты себептерді де жоққа шығара алмаймыз. Тәлім­гер­дің айлығы төмен, сынып жетекшілігіне төленетін ақы аз. Орташа 10 мектепке бір инспектордан ғана келеді», деді сенатор.

Сондай-ақ депутат жастар­дың проблемасы әртүрлі минис­тр­ліктер құзыретіне бөлініп кеткенін, бірақ салаға жауапты Жастар комитетінің өңірлерде тікелей құрылымы жоқ екенін атап өтті. Кейбір салаларда бір­неше адам ғана жас­тар сая­­сатымен айналысады, бұл туын­даған мәселені оң шешуге мүм­кіндік бермейді. Жалақы төмен болғандықтан, Жастар ресурстық орталықтарында білік­ті кадрлар тұрақтамайды.

«Жастар саясаты бойынша бас­қар­маларды барлық өңірде қайта құру керек. Жастардың ресурстық орталықтарын жақсар­ту қажет және аймақтарда комью­нити орталықтарын ашу керек. Орталық және аймақтық атқа­рушы органдардың жұмысын жүйелеу үшін отбасы және жастар ісі жөніндегі комитеттің құзыретін күшейткен жөн», деді Д.Қыдырәлі.

 

Бизнесті қолдау саласындағы түйткілдер

Евгений Больгерт шағын және орта бизнесті қолдауға қатысты проблемаларға назар аударып, ұлттық экономиканың дамуына қауіп төндіретін түйткілдерді атап өтті. Сенатордың айтуынша, Өнеркәсіпті дамыту қоры арқылы қолжетімді несиелеу мәселесін шешу қажет.

Ол дамыған елдерде шағын және орта бизнес жұмыспен қамтудың 60%-ы мен қосылған құнның 50%-дан астамын қам­та­масыз ететінін айтты. Ал біз­дің елде шағын және орта биз­нестің үлесі небәрі – 35%, ал несие алуда 19%-ды құрайды. Бұл дамыған экономиканың осы маңызды құрамдас бөлігін қолдау деңгейінің аздығын көр­сетеді. Депутат бір жыл бұрын Үкімет Машина жасау саласын дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспарын бекіткенін, оның аясында өнер­кәсіпті дамыту қоры арқылы 600 млрд теңге бөлу көзделгенін атап өтті. Бұған қоса жоспарда «Даму» қорынан ШОБ несиесіне 50 млрд теңге субсидия бөлу қамтылған. Алайда 2024 және 2025 жылдарға бұл мақсаттарға республикалық бюджеттен қар­жы көз­делмеген.

«Өнеркәсіпті дамыту қорының мөлшері 7-ден 9%-ға дейін өсті. ШОБ осы қаржыландырудан зор үміт күтсе де, бизнестің үміті ақталмады және саланың болашағы дабыл қағуды талап етеді. Бұл ретте Кешенді жоспарда 2029 жылға қарай өндірісті 4,5 есеге – 3-тен 11 трлн-ға дейін ұлғайту, нақты көлем индексі жыл сайын кемінде 10% өсіммен 2,2 есеге ұлғайту туралы міндет қойылды. Егер оған жағдай болмаса, осы мақсатқа қалай жетуге болады? Кешенді жоспарға сәйкес және биылғы қарызды ескере отырып, машина жасау саласының несиесін қаржыландыруды және субсидиялауды қамтамасыз етуді ұсынамыз. Серпінді өңдеуші кәсіпорындардың өнеркәсіпті дамыту қорына 3%-дан аспайтын мөлшерлеме бойынша қолжетімді несие беру мәселесін шешу керек», деді Е.Больгерт.