Бұған дейін Алтайдың биігін барыс мекендемейді, тек көшіп қана жүреді деген пікірлер жиі айтылар еді. Кеше ғана екі күшігін ерткен ілбістің бейнесі сыңаржақ пікірді жоққа шығарғандай болды. Аршатының өр жағындағы тауда үш барыс бірдей бірінші рет фототұзаққа ілінген.
Есімізде, Алтай сілемдерінде барыс ең алғаш 2014 жылы суретке түсіріліп, елді елең еткізген-ді. Содан кейін де Аршаты орманшылығының қызметкерлері таутеке тебіндеген шапшыма тіктерге фототұзақ құрып, барыспен қатар, әртүрлі аң-құстардың бейнелерін әмбеге ұсынған. Одан кейін де Катонқарағай аулының тұсындағы Сарымсақты жотасынан қар барысы қылаң берген. Кешегі ілбіп басқан ілбістер де Зоология институтының қызметкерлері мен Аршаты орманшылығының инспекторлары құрған фототұзаққа түскен. Үш барыс түнгі уақытта камераның дәл алдынан өткен. Жүрістері өте сақ.
– Өзіміз де таңғалдық. Барыс екі күшігімен түсіп қалыпты. Мұндай жағдай бірінші рет болып тұр. Демек олар осы жақты тұрақты мекендейді деген сөз. Бұған дейін біздің аумаққа кіріп-шығып жүреді дейтінбіз. Фототұзаққа күшіктерімен түсуі – қазір осы жақты тұрақты мекендеп жатқанының дәлелі, – дейді Катонқарағай мемлекеттік табиғи ұлттық парк директорының орынбасары Арнас Ауғонбаев.
Ұлттық парк мамандарының болжауынша, қазіргі уақытта бұл аумақ – 13 барыстың мекені. Оларды қорғау, бақылау жұмысы күн тәртібінен түспек емес. Жалпы, парк аумағында аң-құстың қай түрі болсын көбейіп келеді.
Шығыс Қазақстан облысы,
Катонқарағай ауданы