Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жақында болған мәслихат депутаттарының форумында сөйлеген сөзінде мәслихаттар мен әкімдерді мемлекеттің жергілікті жердегі қос тірегіне теңеп, олардың үйлесімді жұмыс істеуі қажеттігін айтты.
Ескі Қазақстанда барлық деңгейдегі мәслихаттар әкімдердің «нотариат кеңсесіне» айналды деген өткір сын айтылып келді. Себебі «Екі қошқардың басы бір қазанға сыймайды» деген уәжбен мәслихаттың тұрақты төрағасы сайланбай, бұл жауапты лауазымды депутаттар қоғамдық негізде кезектесіп атқарған. Ал өкілді орган аппаратының сессиялар аралығындағы жұмысына мәслихаттың хатшысы жетекшілік жасайтын еді. Мұның өзі мемлекеттік биліктің өңірдегі қос тармағының бірінің маңызы мен ықпалын кемітіп, мәслихат депутаттарының заң жүзіндегі дардай мәртебесін іс жүзінде жұрдай еткен.
Осы орайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы 16 наурыздағы «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауында: «Азаматтардың өкілді билікке деген сенімін нығайту үшін мәслихаттарға баса мән берген жөн. Мықты мәслихаттар өзекті мәселелердің шешімін табуға және аймақтардағы тұрмыс сапасын жақсартуға әсер ете алады. Олардың рөлін арттырып, дербестігін қамтамасыз ету үшін мәслихат төрағасы лауазымын енгізген жөн», деді.
Мемлекет басшысының осы тапсырмасына сәйкес барлық деңгейдегі мәслихаттарда бұрынғы хатшының орнына төраға лауазымы енгізіліп қана қоймай, өңірлік өкілді органдардың тұрақты комиссияларының екі төрағасы тұрақты негізде жұмыс істейтін болып шешілді. Бұған қоса Президенттің бастамасымен мәслихаттардың ықпалын барынша күшейту мақсатында облыс және республикалық маңызы бар қала әкімдерін тағайындау тәртібі өзгертілді. Бұрын өңірлік мәслихат депутаттары Мемлекет басшысы ұсынатын бір ғана кандидатураға келісім беріп келсе, енді кем дегенде екі кандидатура баламалы негізде ұсынылатын болды. Бұл – шын мәнінде, өңір басшылары жанама сайлау арқылы қызметке келіп жатыр деген сөз. Сондай-ақ 2022 жылғы референдум арқылы Конституцияға енгізілген маңызды өзгерістерге сәйкес өңірлік мәслихат сайлауы – аралас жүйеге, ал аудандық мәслихаттар сайлауы мажоритарлық жүйеге көшірілді. Президенттің саяси реформасы аясындағы осындай жаңашылдықтар мәслихаттардың рөлі мен беделін арттыруға қолайлы мүмкіндік берді. Бірақ мәслихаттардың бәрі бірдей өздеріне берілген қосымша құқықтарды толық та, тиімді пайдаланып отырған жоқ.
Бұл ретте Мемлекет басшысы биылғы «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» Жолдауында шағын және орта бизнестен түсетін салықты өңірлердің өзінде қалдыру дұрыс шешім болып, кәсіпкерліктің дамуына едәуір серпін бергенін айта келіп, кейбір әкімдер жергілікті бюджетке түскен қосымша кірісті елге пайдасыз іске шашып, тиімсіз жұмсағанын сынағаны ойға оралады. Бұл сын әкімдердің қаржыны пайдасыз іске шашуына келісім берген мәслихаттарға да қатысты. Сондықтан да Мемлекет басшысы мәслихат депутаттарының форумында сөйлеген сөзінде жергілікті бюджет қаржысын дұрыс әрі тиімді бөлу мәселесіне депутаттар зор жауапкершілікпен қарауға тиіс екенін қадай айтты.
Өңірлік мәслихаттардың өз әлеуетін қалай пайдаланып отырғанын Ұлттық экономика министрлігіне қарасты Экономикалық зерттеулер институты екі жылдан бері Азия даму банкімен бірлесе әзірлеп келе жатқан Өңірлік әл-ауқат индексінен білуге болады. Оның маңызды көрсеткішінің бірі – халықтың жергілікті мемлекеттік органдарға, соның ішінде мәслихаттарға сенімінің деңгейі.
Аталған зерттеуге қарағанда, өткен жылы Түркістан облысының мәслихаттарына сенім деңгейі 36,5 пайыздан 72,4 пайызға дейін, яғни екі еседей көтерілген. Ал жергілікті әкімдіктерге сенім көрсеткіші 44,8 балдан 58,6 балға дейін өскен. Бұл түркістандықтар әкімдерден гөрі мәслихат депутаттарына көбірек сенім артып отырғанын көрсетеді. Жергілікті өкілді билік пен атқарушы органдардың бірлескен жұмысының нәтижесінде өңір тұрғындарының қаржылық әл-ауқаты 10 балдық көрсеткіш бойынша алдыңғы жылғы 6,12 балдан былтыр 6,21 балға дейін жақсарған.
Батыс Қазақстан облысы (БҚО) тұрғындарының жергілікті мәслихаттарға сенімі де 43,9 пайыздан 59 пайызға дейін артқан. Дегенмен БҚО-да әкімдіктердің беделі мәслихаттарға қарағанда әлдеқайда жоғары. Оларға деген сенімнің орташа көрсеткіші алдыңғы жылғы 55,3 пайыздан 71,1 пайызға дейін көтерілген. Мұның басты себебі былтыр Жайық өңірі тұрғындарының қаржылық әл-ауқаты 5,9 балдан 6,4 балға дейін жақсарғанында болса керек. Бұған қоса БҚО-да сыбайлас жемқорлық деңгейі 5,86 балдан 3,95 балға дейін төмендеген.
Жамбыл облысында мәслихаттарға сенім деңгейі 28,4 пайыздан 51,6 пайызға дейін көтерілген. Ал әкімдіктерге сенім 49,3 пайыздан 63,7 пайызға дейін артқан. Себебі Әулиеата өңірінде тұрғындардың қаржылық әл-ауқаты 5,27 балдан 6,91 балға дейін көтеріліп, жемқорлық 7,2 балдан 5,43 балға дейін азайған.
Абай облысының мәслихаттарына сенім деңгейі 49 пайыздан 51,2 пайызға дейін жоғарылаған. Ал әкімдіктерге сенім 55,3 пайыздан 58,2 пайызға дейін артқан.
Өзге өңірлердің мәслихаттары жергілікті тұрғындардың жартысының сеніміне де ие бола алмаған. Кей өңірде мәслихаттарға сенім деңгейі сәл артса, бұрынғы беделінен айырыла бастаған өкілді органдар да бар. Мысалы, Қызылорда облысының мәслихаттарына сенім деңгейі 19,4 пайыздан 42,1 пайызға дейін көтерілген. Ал қызылордалықтардың әкімдіктерге сенімінің деңгейі – 51,4 пайыз. Қарағанды облысының мәслихаттарына сенім көрсеткіші 31,8 пайыздан 44,5 пайызға дейін өскен. Ал көмірлі аймақтағы әкімдіктерге сенім деңгейі 8,2 пайыздан 48,8 пайызға дейін жоғарылаған.
Қостанай облысында мәслихаттарға сенім 37,8 пайыздан 36,6 пайызға дейін төмендеген, ал әкімдіктерге сенім 41,4 пайыздан 45,5 пайызға дейін нығайған. Осындай жағдай Павлодар облысына да тән. Ертіс-Баян өңіріндегі мәслихаттарға сенім 40,7 пайыздан 32,9 пайызға дейін азайған болса, әкімдіктерге сенім деңгейі 47,1 пайыздан 47,3 пайызға дейін артқан.
Тұрғындардың мәслихаттарға сенімі ең төмен өңір – Маңғыстау облысы. Әулиелі өңір тұрғындарының жергілікті депутаттарға сенімі былтыр 46,3 пайыздан 9,3 пайызға дейін құлдыраған. Әкімдіктерге сенім деңгейі де 56,6 пайыздан 13,7 пайызға дейін күрт төмендеген. Былтыр маңғыстаулықтардың әл-ауқаты 5,9 балдан 6,6 балға дейін артқанына қарамастан, қаржылық қиындықтарға тап болғандар әлі де көп. Ал өңірдегі сыбайлас жемқорлық көрсеткіші 6,04 балдан 8,17 балға дейін шарықтап кеткен.
Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Атырау, Жетісу, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Ұлытау облыстарының мәслихаттары да, әкімдіктері де өздеріне деген халық сенімінің мардымсыз деңгейін бұрынғыдан да төмендетіп алған.
Мегаполистерге келсек, Астана және Алматы қалалары тұрғындарының мәслихаттар мен әкімдіктерге сенімі азая түскен. Ал Шымкент қаласы тұрғындарының қаладағы әкімдіктерге сенімі төмендегенімен, қалалық мәслихатқа сенімі біршама артқан.
Экономикалық зерттеулер институты зерттеуінің нәтижелері тұрғындардың әл-ауқаты артқан әрі сыбайлас жемқорлық азайған өңірлерде мәслихаттар мен әкімдіктерге сенім нығая түскенін көрсетті. Алайда өңірлердің көпшілігінің мәслихаттары өздеріне заң жүзінде берілген жаңа мүмкіндікті толық пайдаланбай, халық алдындағы абырой-беделдерін көтере алмай отыр. Ал Президенттің мәслихат депутаттарының форумында берген, жергілікті өкілді органдар қызметінің тиімділігін арттыруға бағытталған тапсырмалары олардың әлеуетін күшейтіп, жұмысына соны серпін беріп, мемлекеттің өңірлердегі қос тірегінің қызметін нығайта түсуге тиіс.