Өңірдегі өзекті мәселе – қант қызылшасының алдағы тағдыры. Қазір мамандар шетелдік тәсілді пайдаланып, мол өнім алуды көздеп отыр. Бұл ретте тамшылатып суару технологиясының маңызы зор. Мәселе «Alem agro», «KWS» компанияларының ұйымдастыруымен «Кең дала» шаруа қожалығының қызылша алқабында өткен жиында талқыланды. Онда тұқым мен тыңайтқыш түрлері мен жаңбырлатып суару әдісі де сөз болды.
Ақсу, Көксу, Қаратал өзендерінің бойына алғаш қант қызылшасының тұқымы себілгеннен бері бір ғасырға жуық уақыт болды. Сол үрдіс ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, Жетісу өңірін еліміздегі қант қызылшасының отанына айналдырды. Биыл облыста 12 мың гектардан астам алқапқа қант қызылшасы егілді.
«Жетісулықтардың қант қызылшасымен айналысқанына ғасырға жуық уақыт болса да күтімді көбірек талап ететін дақылды өсіру бұрындары қол күшіне сүйенетін. Техниканың жетіспеушілігіне байланысты бұрынғы жылдары шаруашылықтар 8 мың гектардан астам алқапқа қызылша егетін. Осы жағдайды ескерген облыстық әкімдік қант қызылшасының өнімділігін арттыру мақсатында жер жыртатын, тұқым себетін, алқапты баптауға қолданылатын, жинауға арналған техниканың сан түрін жеңілдетілген несиемен шаруашылықтарға жеткізді. Соның нәтижесінде шаруалар заманауи техниканың күшімен егістік жұмыстарын толық игеруге мүмкіндік алды», дейді ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Әбілқайыр Бексұлтанов.
Биылғы жыл жауынды болды. Бұл қызылшаның өнімділігін арттыруға көмектескенімен арам шөптердің қаулап өсуіне де күш береді. Мамандардың айтуынша, біздің өңірде қурай шөптердің біржылдық, көпжылдық 40-тан астам түрі өседі. Бұрын қолданып келген классикалық гербицидтер осы шөптердің 90%-ын тұншықтырғанмен шырмауық, сары шырмауық, қамыс тұқымдас шөптерге қуаты жетпей, оны жоюда шаруалар қосымша қол күшіне сүйенетін. Осы келеңсіздікті болдырмау мақсатында былтырдан бері облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасы тарапынан немістер ойлап тапқан «Smart kambyza» бағдарламасын енгізу қарастырылыпты. Осыған орай конференция-семинар өтіп, шаруаларға түсіндірілген.
Осы тұста «Alem agro» компаниясының жетістігін ерекше атап кетуге тура келеді. Аталған компанияның тынымсыз еңбегінің нәтижесінде қант қызылшасын өсіретін шаруашылықтар жоғары сапалы тұқымдарға қол жеткізіп, өсімдіктерді қорғауды, сондай-ақ макро-микро тыңайтқыштарды пайдаланудың заманауи жолдарын үйренді. Өсімдіктерді қорғаудан бастап, өсімдіктерді қоректендіруге дейінгі кеңестерін пайдалана отырып, жоғары өнімділікке қол жеткізуге мүмкіндік алды.
«Ауыл шаруашылығы саласында қызмет етіп жатқанымызға 20 жылдан асты. Компанияға Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан елдерінде 240-тан аса адам жұмыс істейді. Ал еліміздің әр облысында өзінің өкілдігі бар. Олар 3 200-ден астам шаруа қожалығымен бірлесе ауыл шаруашылығын өркендетуге күш салып жатыр. Әр өңірде 30-дан астам филиалы болса, Алматы, Талдықорған қаласында компанияның 30-дан астам қоймасы шаруалар қажеттілігін қамтамасыз етуге дайын. Біздің ұстанымымыз – дұрыс сервис, білімді команда, шаруашылықтарға тұқымды еккеннен бастап, алынған өнімді сатуға дейін көмектесу. Өйткені Солтүстік, Орталық Қазақстан, Қостанай облыстарында бірнеше элеваторымыз бар. Осы арқылы жиналған өнімді сақтап, сатуға көмектесеміз. Осыған дейін тыңайтқыштарды сатумен айналыссақ, биыл «Ваidala» компаниясымен ынтымақтаса отырып, минералды тыңайтқыштар ұсынуға көштік», дейді «Alem agro» компаниясы оңтүстік дирекциясының директоры Думан Жүнісқан.
Қант қызылшасы бағытында жаңа технологиялар өндіретін, тұқым, тыңайтқыштың жаңа сорттарын жетілдіретін, суару құрылғыларын құрастыратын, қаржыландырумен айналысатын «Вaidala», «BKH AGRO», «METZER», «DAGROC», тағы да басқа кәсіпорын мамандары тәжірибесімен бөлісіп, «KWS» компаниясының өкілдері егіс алқабындағы жаңалықтарын таныстырды. Семинарда қант қызылшасын өсірумен айналысатын көрші облыстар мен аудан, қаладан келген жетісулық шаруа қожалықтарының жетекшілері, ауыл шаруашылығына жауапты мамандар, ардагер қызылшашылар емен-жарқын жүздесіп, ой-пікір алмасты.
«Бәрімізді бір ғана қант қызылшасының өнімділігін жоғарылатып, сапасын жақсарту мақсаты біріктіреді. Шаруашылығымыздың қант қызылшасы алқабы көктемде суарылып егілді. Күтіп-баптау жұмысы заманауи технологияның күшімен атқарылды. Оның нәтижесін өздеріңіз көріп тұрсыздар. Осындай алқаптарда жиі болып, ортақ мәселені талқылап тұрған жөн. Ол алдағы істерімізге береке береді», дейді «Кең дала» шаруа қожалығының жетекшісі Қалибек Алпысбаев.
Өңірде қант қызылшасын молынан егетін шаруа қожалықтарының бірі Сарқан ауданы, Қарабөгет ауылындағы «Әбілқасымов» шаруа қожалығы. Семинарға шаруашылықтың негізін қалаған Балтабек Әбілқасымов пен қожалықтың шаруашылық жұмысын үйлестіріп жүрген ұлы Нұрлан Әбілқасымов та келіпті.
«Алғаш 40 гектар жерге қант қызылшасын сеуіп бастаған едік. Биыл егіс көлемін 400 гектарға жеткіздік. Өткен жылы гектарынан 70 тонна өнім алдық. Қазір облыс әкімдігі тарапынан қант қызылшасын өсірушілерге көп қолдау көрсетіліп жатыр. Былтыр қант қызылшасынан мол өнім алып жүрген шаруашылықтарға сыйға берілген қызылша қазатын 2 комбайнның біреуі бізге тиді. Оның өзі үлкен қолдау», дейді «Әбілқасымов» шаруа қожалығының өкілі Нұрлан Әбілқасымов.
Жетісу облысы