Түркістан облысы Жедел басқару орталығының полицейлері түнгі сағат 03:00 шамасында жол ережесін өрескел бұзған онға жуық жүргізушіні анықтады, деп хабарлайды Egemen.kz.
Түркістан қаласының Ж.Майкотов – Алматы көшелерінің қиылысында Lexus РХ330, Hyundai Elentra, Daewoo Nexia, Lada, ВАЗ 2114 көліктерін тізгіндеген онға тарта жүргізуші темір тұлпарларының нөмірін алып тастап, кортеж жасап жүргені анықталды.
Бұл дерек бойынша бірден жақын аумақта жүрген патрульдік полицияға хабар берілді. Оқиға орнына жеткен автоэкипаж жол ережесін бұзған көліктерді тоқтатуға белгі берді. Алайда олар полицияның заңды талабына бағынғысы келмеді. Осы сәтте тағы бір экипаж көмекке барып, жан-жақты жүргізілген шаралар нәтижесінде құқықбұзушыларға тұсау қойылды.
Тексеру кезінде көліктердің жол ережесін сақтамай, тұрғындардың түн тыныштығын бұзғаны белгілі болды. Бейнежазба жасау үшін құқықбұзушылыққа барған жас жігіттермен профилактикалық түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде, құқық бұзған жас жүргізушілердің автокөліктері айыптұраққа жеткізілді.
Аталған көлік иелеріне бірнеше баппен, яғни мемлекеттік тіркеу белгілері жоқ және қарсы бағытқа шығып көлік басқарғаны бойынша әкімшілік шара қолданылды.