«Дәрілік заттар химиясы» халықаралық қоғамы Қарағандыға қоныс аударады. Себебі Италияда өткен ғылыми конференцияда ұйымның президенті болып академик, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Фитохимия» ғылыми-өндірістік орталығының бас директоры Серғазы Әдекенов сайланды. Мұның игілігі көп. Бастысы, отандық дәрі өндірісінің әлеуеті артады.
Жақында «Дәрілік заттар химиясы» халықаралық қоғамы Италияның Неаполь қаласында Халықаралық ХХV ғылыми конференция ұйымдастырды. Оған әлемнің 17 елінен 125 ғалым қатысты. Сол келелі кеңес барысында Халықаралық қоғам президенттігіне ұсынылған академик Серғазы Мыңжасарұлының кандидатурасы бірауыздан қолдау тапты. Бұл – еліміздің дәрі өндірісі мен фармакология саласындағы әлеуетке, қабілетке көрсетілген зор құрмет.
Қоғамның жаңа президенті Неаполь конференциясында еліміздегі эндемикалық өсімдіктерінен алынатын бірегей дәрілік препараттар жөнінде ағылшын тілінде баяндамасын сәтті жасады. Соның нәтижесінде, құрамында Джиованни Аппендино (Италия), Джерон Дикшат (Германия), Павел Драшар (Чехия), Яцек Моржицки (Польша), Оразио Таглиатела-Скафати (Италия), Икуро Абе (Жапония), Дин Гуо (Қытай), Мирослав Стрнад (Чехия), Агнешка Войткилевич (Польша) секілді есімі әлемге әйгілі ғалымдар бар Халықаралық қоғамның атқарушы органы еліміз өсімдіктерінің дәрілік қасиетіне зор мән беріп, біздегі дәрі-дәрмек өндірісіне зор қызығушылық танытып отыр. Бұл да отандық дәрі-дәрмек өндірісіне үлкен олжа.
Испанияның Кадис университетінің профессоры Антонио Сала Пералта еліміз өсімдіктерінен алынатын паразиттерге қарсы қоспалар белсенділігіне ерекше мән берген екен. Италияның Жаңа технологиялар, энергетика, тұрақты экономикалық даму жөніндегі ұлттық агенттігінің докторы Францеско Пенара елімізде өсетін көк сағыз өсімдігінің қасиетіне қызығушылық танытты. Қытайлық профессор Рен Тан (Нанкин университеті) отандық эндемикалық өсімдіктерден алынған нейропротекторлық алкалоидтарға байланысты бірігіп жұмыс жасауды ұсынды. Мажарстандағы Сегед университетінің профессоры Жолт Сакони қатерлі ісікке қарсы белсенділігі бар субстанцияларды жасауға еліміздің эндемикалық өсімдіктерінен алынатын дәрілік заттар негізінде стереоселективті синтездер жүргізу жөніндегі ойымен бөлісті. Францияның Шампань-Арденн Реймс университетінің профессоры Георгс Массиот отандық «Арглабин» препаратын Еуропа нарығына шығаруға ұсыныс білдірді.
Осыншама сан салалы мән-маңызы, тиімділігімен ерекшеленген Халықаралық конференция барысында академик Серғазы Әдекенов Италияның INDENA фармацевтикалық компаниясының өкілдері Лука Пагни, Лука Сеналди, Пиетро Аллергини мырзалармен еліміздегі шикізаттан жасалатын фитопрепараттардың бірлескен өндірісін ұйымдастыру жөнінде келіссөз жүргізді. Бұл келісім де шикізат өндірісінің өрісін кеңейтеді.
Осылайша, жаһан қызығып отырған Арқаның қызыл жусаны мен Е.Бөкетовтің төл шәкірті, академик Серғазы Мыңжасарұлы әлемдік деңгейде мойындалды. Соның арқасында дәрілік заттар химиясының Халықаралық қоғамы Арқаға қоныс аударып жатыр. Алдағы уақытта фармацевтика дамудың жаңа деңгейіне көтеріліп, тың жобалардың тынысы ашылады. Елдегі дәрі өндірісі мол игілікке кенеліп, қомақты инвестицияға қол жеткізетін болады. Бұған қоғамның жаңа президенті де нық сенімді.
– Бұл – менің ғана абыройым емес, еліміздің фармацевтикалық өндірісінің беделі. Халықаралық деңгейдегі мәртебелі ұйымның тізгінін ұстау маған да, елімізге де «жіліктің майлы басындай» мансап қана емес. Ол – еліміздің дәрі өндірісі саласының технологиялық жаңғыруы, инвестициялық мүмкіндік. Яғни отандық дәрі өндірісінің әлеуеті бұрынғыдан да арта түседі. Сол орайда фармацевтермен бірлесе, бар күшімізді жұмсап, еңбек етеміз, – деді академик Серғазы Мыңжасарұлы.
Қарағанды облысы