• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Аймақтар 18 Қазан, 2024

Ондықтан озық шыққан үшеу

108 рет
көрсетілді

Ұлытау облысында «Бір ауыл – бір өнім» бағдарламасының жеңімпаздары анықталды. Бренд комитеті комиссиясының мүшелері финалға өткен ондықтың ішінен үш үздікті таңдады. Кезінде Жапон елінде ойлап табылған бұл жоба кейінгі жылдары елімізде де қанатын кеңге жайып келеді. Өңірлерді дамыту, әсіресе, ауылды жерлердегі кәсіп көзін көбейту мақсатын көздейтін жобаның облыс экономикасын көтеруге тигізетін үлесі де артып келе жатқаны байқалады. Өйткені облыста жыл сайын бағдарлама бойынша өтетін байқауға қатысушылар қатары көбейе түсті. Бренд комитеті таңдау жасаған облыстағы үш үздік шыққан кімдер?

 

Олардың бірі Анар Құрманова «Саяжан» жеке кәсіпкерлігіне жетекшілік жасайды. Анар негізгі мамандығы бойынша Қарағанды қаласы мектептерінде мұғалім болып, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ берді. Айлықтың шайлыққа жетпейтіні оны кәсіпкер болуға мәжбүр етті десе де артығы жоқ. Ол Жаңаарқа ауданындағы Ақтүбек ауылынан Астанаға сүт, қымыз сатуға шықты. Қызыл ірімшік, құрт қайнататын болды. Кейін ол кәсібін одан әрі кеңейте түсті. Ақтөбе жаққа қонаққа барғаны мұндай жақсы болар ма? Сол сапарында Анар талқаннан жасалған женттің дәмін татып, аузының суы құрыды. «Өзім ғана көріп қайтқаным болмас» деген ол сол сапарында жент жасаудың жолын үйреніп алды. Міне, содан бері сүт өнімдеріне қоса жент те жасайды.

– Мен бағаны шектен тыс қымбаттатпағанды жөн санаймын. Өйткені өнімнің тезірек өткені керек. Ал, «Бір ауыл – бір өнім» деген бағдарлама ауылдағы біраз ағайынды қозғалысқа түсірді. Өзіміз өнім өндірмей, экономиканы өрге сүйреу мүмкін емес десек, әрқайсымыз соған тамшыдай болса да үлесімізді қоса білуіміз керек – дейді Анар.

 

Мейірхан Игенов те облыстың Жаңаарқа ауданында тұрады. Оның жеке кәсіпорны «Қасиет» деп аталады. Бұл атаудың да өзіндік мәні бар. Өйткені, Мейірхан үшін ұлттық құндылықтарды қастерлеу ең басты қасиет саналады. Ол қайыстан қамшы өруді кәсіпке айналдырып отыр.

Кезінде үлкендердің бірі «Қарағым, біз кетеміз, сонда ісімізді сендер жалғамағанда, кім жалғайды? Әл-қуатымыз бар кезде білгенімізді үйретіп кетейік» деп жанына шақырған еді. Сөйтіп, қамшы өрудің қыр-сырын үйреткен болатын. Қолының да ебі болғасын ба, ол қамшы өруді тез игеріп алды. Нарық талабына сәйкес қамшы да кәсіпке айналды. Қазір Мейірхан Игеновке өз елімізден ғана емес, шетелдерден де тапсырыстар түсіп жатады екен. Өйткені оның қолынан шыққан әрбір қамшы бір-біріне ұқсамайды. Өрімі өз алдына, сабын өрнектеуге келгенде де Мейірханның шығармашылық ізденісі керемет.

– Бір қамшыны жасап шығуға кемі бір апта уақыт кетеді. Қамшы – қолға ұстай салатын жай ғана мүлік емес. Бұл – ата-бабамыздан қалған ұлттық құндылықтарымыздың бірі. Сондықтан, қамшы істегенде оның әдемі, тартымды, ұстауға да ыңғайлы болмағын ескеремін, деген Мейірхан кешеден бүгінге жеткен ұлттық қолөнерді, зергерлікті, ісмерлікті ертеңгі ұрпақтың қолына табыстап кетуді өзінің парызы санайтынын да жасырмайды.

 

Жесең тісіңе , жемесең түсіңе кіретін жарықтық жылқының етін бұқтырғанды бұрын ести қоймаған едік. «Бір ауыл – бір өнім» бағдарламасының арқасында мұны да көрдік. Байқауға бұқтырылған жылқы етін алып келген Мархаббат Жараспаева болып шықты.

– Бірде әкем «мерекелік дастарқанның үлкен дәмін өзім дайындаймын» деді. Қазақта еттен артық үлкен дәм бола ма? Ол дәмді әкем қалай дайындайды? Сонда қазанға етті өзі салып, қамырын иелеп жүре ме? Алғашында ешқайсымыз ештеңе түсінбедік. Сөйтсек, әкеміз жаңа сойылған жабағының етін алды да, 3-4 см қалыңдықта кесіп, тұз-бұрышын, басқа дәмдәуіштерін қосып, бұқтырып қойды. Содан соң шыны ыдысқа, яғни банкіге салып, су толы кәстрөлде бірнеше сағат қайнатты. Өз шырынына піскен етіміз бұрынғы жеп жүрген етімізден де әлдеқайда дәмді болды. Міне, содан бастап халыққа жылқы етін бұқтыру арқылы дайындап, ұсына бастадық, дейді Мархаббат Алиярқызы.

Ұлытау жағының еті онсыз да дәмді болып келеді. Өйткені, бұл өңірде жусанның бірнеше түрі өседі. Ал жусанға жайылған малдың еті өте дәмді. Сол дәмді етті одан әрі дәмдірек етіп ұсыну, әзірге кәсіпкер Мархаббаттың ғана қолынан келіп тұр.

– Біз облыста «Бір ауыл – бір өнім» байқауын бірнеше кезеңнен өткіздік. Ақырында ең озық деген ондықтың арасынан үздік үшеуін анықтадық. Олар алдағы уақытта республикалық байқауда біздің облыстың намысын қорғайтын болады, –дейді Ұлытау облысы «Атамекен» Кәсіпкерлер палатасының директоры Гүлмира Қаженова.

Ауыл адамдарын кәсіпкерлікке тарту арқылы жұмыссыздықты жоюға да, елдің жағдайын жақ­сар­туға да болады. Бұған «Бір ауыл – бір өнім» бағ­дарламасы аясында шаруаларын жолға қоя бас­таған жекелеген адамдардың тірліктері дәлел.

 

Ұлытау облысы