• RUB:
    5.04
  • USD:
    485.04
  • EUR:
    525.98
Басты сайтқа өту
Шаруашылық Бүгін, 10:23

Дақылдарды сақтау жайы талқыланды

29 рет
көрсетілді

Аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы Серік Егізбаевтың жетекшілігімен Қостанай облысында комитеттің көшпелі отырысы өтті. Депутаттар мемлекеттік органдардың өкілдерімен және астықты өңірдің шаруаларымен бірлесіп, ауыл шаруашылығы дақылдарын әртараптандыру, биылғы өнімді сақтау және өткізу мәселелерін талқылады.

Жиынды ашқан С.Егізбаев Ауыл шаруашылығы министр­лігі мен облыс әкімдіктері­нің алдында монокультура егіс­тігін қысқарту арқылы ауыл шаруашылығы дақыл­дары­ның алқаптарын әртараптан­дыруды қамтамасыз ету мін­деті тұрғанын атап өтті. Мем­лекет басшысы былтырғы Жолдауында осы бағыттағы жұмысты тағы да жандандыруды тапсырған еді.

– Қазірдің өзінде оң нәти­же­лер бар. Майлы дақылдар алқабы 2,9 млн гектарға дейін ұл­ғайтылып, ылғалды көп қа­жет ететін дақылдар алқа­бы қыс­қ­артылды. Мем­лекет бұл өзгерістерді тұқым, тыңайтқыштар мен өсім­діктерді қорғау құралдары­ның құнын арзандату, суару жабдықтарын субсидия­лау арқылы жүйелі түрде қолдап отыр. Бұл шараның барлығы фермерлердің өндірісі мен қызметінің тиімділігін қам­тамасыз етуге бағытталған, – деді комитет төрағасы.

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұл­танов өз баяндамасында Мем­лекет басшысының ауыл ша­руашылығы жалпы өнімінің көлемін 5 жылда екі есеге ұлғайту жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатымен министрлік Жол картасын қабылдағанын айтты. Оның аясында әр облыс әкімдігі үшін әртараптандыру, агротехнологияларды енгізу және басқа да кіші салалар бойынша көрсеткіштер әзірленген.

– Биыл егіс алқаптарының құрылымын нақты әртарап­тандыру бойынша барынша шаралар қабылданды. Бидай алқабы 450,3 мың гектарға қысқарды. Суды көп қажет ететін дақылдардың алаңы – күріш 6,9 мың га, мақта 10 мың гектарға азайды. Ал майлы дақылдар алаңы 135,5 мың гектарға, қант қызылшасы 9,4 мың гектарға ұлғайтылды, – деді Ауыл шаруашылығы вице-министрі.

Азат Сұлтановтың айтуынша, 2028 жылға қарай би­дай алқаптары 855 мың гек­тарға қысқаруға тиіс. Бұл ретте өнімділікті арттыру бойынша қабылданып жатқан шараларды ескере отырып, жалпы бидай түсімі төмендемейді деп болжанып отыр. Соны­мен қатар осы кезеңде рента­бельділігі жоғары ауыл шаруа­шылығы дақылдарының алқабы: майлы дақылдар – 3,7 млн гектарға, мал азығы 505 мың гектарға ұлғайтылады.

Бұл ретте жаңа егінді сақ­тау мәселесі өзекті күйінде қа­лып отыр. Вице-министр рес­пуб­ликадағы астық сақтау қой­маларының жалпы сы­йым­дылығы 30 млн тоннаны құрайтынын, бұл өткен жылдардағы тасымал­дау қал­дықтарын есепке ал­ғанда жоспарланған астықты сақтауға жеткілікті екенін айтты. Бүгінде жаңа егіннің 2,5 млн тоннадан астамы немесе 48 пайызға жуығы кептіріліп, өңделген және қоспалардан тазартылған. Министрлік об­лыстардың әкімдіктеріне кезек­ті болдырмау үшін астықты қабылдау және кептіру бойынша элеваторлардың тоқтаусыз тәулік бойы жұмыс істеуін қамтамасыз етуді тапсырды.

Сонымен қатар отырыс ба­рысында экспорт гео­гра­фия­сын кеңейту, өсімдік шаруа­шылығы өнімдерін жеткізуге экспорттық мемлекетаралық келі­сімшарттар жасау, логис­ти­каны ұйымдастыру, көктем­гі егіс пен егін жинау жұмыс­тарына жеңілдікпен несие беру, айналым қаража­тын толық­тыру, ауыл шаруа­шылығы тауарларының паркін сапалы жаңарту мәселелері қаралды.

Өз кезегінде агробизнес өкіл­дері элеваторларды ши­кізатпен толық қамтамасыз ету, вагондардың тұрақты жүруі, пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялауға және жаңа көктемгі егіс компаниясын қаржыландыруға қаражаттың жетіспеушілігі мәселелері талқыланып, оларды шешу жолдары ұсынылды.

Сөз соңында С.Егізбаев сала­лық қауымдастықтар мен бизнес өкілдерінің ұсыныстарын Азық-түлік корпорациясы мен министрліктер пысықтауы керектігін айтты. Комитет тиісті ұсынымдар дайындап, Үкіметке жолдайды.