Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев агроөнеркәсіп кешенін одан әрі дамыту мен азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстарына басымдық беруді тапсырған еді. Биыл астықты аймағымыздағы егін ору науқаны табысты жүргізілді. Облыс бойынша 909,3 мың гектар алқаптан орташа түсімі гектарына 15 центнерден 1,3 млн тоннадан аса астық жиналды. Бұл – өңірдегі өте жоғары көрсеткіш.
Президент «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында «Биыл егіс науқанына екі есе көп қаражат бөлінді. Алайда агроөнеркәсіпке бөлінетін бүкіл ақшаның 70 пайызы – мемлекет қаржысы. Аталған салаға коммерциялық банктердің қаражатын да тарту қажет. Диқандарға өсімі аз несие беру үшін мемлекеттік қаржы институттарын субсидиялау шаралары қолға алынды. Банктерге қатысты осындай тәжірибені қолдану керек», деп еді.
Биыл Үкімет көктемгі егіс пен астық жинау науқанын оңтайлы жүргізуге қажетті жағдайдың барлығын жасады. Саланы жеңілдікпен қаржыландыру көлемі бірінші рет 3 есеге ұлғайтылып, рекордтық көрсеткішке, яғни, 580 млрд теңгеге жеткізілді. Бұл қаражат диқандарды тікелей несиелендіруге, пайыздық мөлшерлемені төмендетуге және форвардтық сатып алуға жұмсалды.
Жалпы, агробизнеске мемлекет тарапынан тұқым мен тыңайтқыш сатып алудан бастап, экспорттық қолдауға дейінгі барлық кезеңде жан-жақты көмек көрсетіледі. Агрошаруашылықтарды қомақты қолдаудың нәтижесінде тек егін емес, картоп жинау жұмыстарында да көшелі көрсеткіштер бар. Шаруашылық құрылымдары 11,3 мың гектар алқаптан 299 мың тоннаға жуық өнім алды. Аймақтың ішкі қажеттілігі артық мөлшермен қамтылды.
– Бұған, ауыл шаруашылығы техникаларын дер кезінде дайындау, жанар-жағармай материалдарымен қамтамасыз ету және мемлекеттік қолдау негізінде уақтылы ұйымдастырылған дайындық іс-шаралары ықпалын тигізіп, 9 айдың қорытындысына сәйкес ауыл шаруашылығының жалпы өнімі өндірісінің нақты көлем индексі 116,7 пайызды құрады, – дейді облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Саят Мусин.
Биыл егін ору науқанына 2 021 астық, 68 картоп комбайны және 74 картоп қазғыш техника, сонымен бірге 3 500-ден астам техника қырман жұмысына қатысты. Минералды тыңайтқыштардың құны үшін 81 ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілеріне 2 млрд 113 млн теңге сомасында субсидия төленді.
Астық оруда, жоғары түсім көрсеткішіне Абай, Бұқар жырау, Нұра және Осакаров аудандарының шаруашылықтары қол жеткізсе, картоп түсімінің жоғары көрсеткішіне Нұра, Шет және Осакаров ауданындағы шаруашылықтар ие болып отыр. 33,6 мың гектар алқаптан 23,4 мың тонна майлы дақыл жиналды. Алынған шаруашылық өнімдерін сақтауға арналған қоймалар көлемі де жеткілікті. Аймағымызда картоп пен көкөністерді сақтау үшін сыйымдылығы 340 мың тоннаны құрайтын 137 картоп-көкөніс қоймасы бар.
– Өңіріміз мұндай табысқа алғаш рет кенеліп тұр. Тоқсаныншы жылдардан бері аста-төк түсім түспеп еді. Бұл – әуелі өңірдегі диқандардың еселі еңбегі. Мемлекетіміздің қолдауы болмаса мұндай мардымды көрсеткішке қол жетпес те еді. Әсіресе минералды тыңайтқыштарды субсидиялау бойынша көп көмек көрдік. Өздеріңіз білесіздер, осы жыл шаруаларға оңай болған жоқ. Дәнді дақылдар түрлі «сырқаттармен» бетпе-бет келді. Егін орағының сапасына кері әсерін тигізді. Осыған қарамастан көңіл көншітер көрсеткішке қол жеткіздік. Сәйкесінше, орақ науқанын толығымен абыроймен аяқтадық. Шаруашылығымыз құрылғалы алғаш рет біз 65 мың тоннадан аса дәнді дақыл, мың тонна майлы дақыл, 27 мың тонна картоп жинадық. Шаруашылығымыз тыңайған жерлерді игерген кезден бастап дәнді дақылдармен айналысып келе жатқан болса, картоп өсіруді тек тоғызыншы жыл игеріп келеміз. Бұл – біздің барлық білімі мен дағдысын осы нәтижелерге қол жеткізуге жұмсаған фермерлеріміздің еңбегі. Республика көлемінде өте жақсы өнім алдық, үшінші класс астығымыз 40 пайыздан асады. Сондықтан кәсіби мерекеміз қарсаңында ауыл еңбеккерлерінің мерейі таси түседі деген сенімдеміз, – дейді «Шахтер» ЖШС директоры Георгий Прокоп.
«Шанс» ЖШС басшысы Игорь Жабяк толассыз жауған жаңбыр ырысымызды еселеп, несібемізді молайтты дейді.
– Жауын-шашынның пайдасы мол болды. Кейінгі жылдардағы қуаңшылықтан соң қарызданып-қауғаланып қалған шаруалар қауымы жиған өнімін өткізіп, еңселерін бір тіктейтін болды. Осылайша, агроөнеркәсіп кешені тұтасымен күш алғаны ерекше қуаныш. Ендігі шаруа – өнімді терең өңдеу. Осы бағытта да межелі нәтижеге қол жеткізсек, – дейді «Шанс» шаруа қожалығының басшысы Игорь Жабяк.
Бүгінде шаруашылықтар тарапынан күзгі тыңайтқыштар алуға шарттар жасалып жатыр. Егін жинау жұмысын жүргізумен астықты кептіруге бөлінген 15 мың тонна арзандатылған дизель отынын тасып алу кестеге сәйкес жүргізіліп, шаруашылықтарға литрі 245 теңгеден босатылып жатыр. Қазірдің өзінде 13 700 тонна дизель отыны тасылып алынды. Астықты кептіруге тағы 1 031 тонна бөлінді.
Диқандар келесі жылдың қамына да кірісіп кеткен. Астық алқабында дәнді дақылдар және картоп тұқымдарының қажетті көлемі толығымен қамтылды. Өсімдік шаруашылығы саласын мемлекеттік қолдау шеңберінде шамамен 5 млрд теңге сомасында субсидия төленді.
– Бұған қоса, көктемгі егіс пен егін жинау жұмысын жүргізуге «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы 17,2 млрд теңге сомасына 567 шаруашылықты қаржыландырды. Жыл басынан агроөнеркәсіп кешені саласына 21,4 млрд теңге сомасына немесе 111,0 пайыз инвестиция тартылды. 9 айда ауыл шаруашылығы саласын мемлекеттік қолдау аясында, 2 491 шаруашылық құрылымына 16,3 млрд теңге сомасында субсидия төленді, – дейді басқарма басшысы.
Сөйтіп, биыл Қарағанды облысының ауыл шаруашылығында рекорд орнады. Аймақ аграршылары егінге төнген қауіпке қарамастан, астық пен картоп жинау бойынша жоғары көрсеткіштерге қол жеткізді. Бұл жетістік аймағымыздағы агросаласының айтарлықтай дамып жатқанын айқындайды.
Қарағанды облысы