• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Өнер 23 Қазан, 2024

Мароккодағы мереке

57 рет
көрсетілді

Республика күні қарсаңында Е.Рахмадиев атындағы мемлекеттік ака­демиялық филармонияның әртістері Марокко Корольдігіне гас­трольдік сапармен барды. Сапар аясында елордалық ұжымның Рабат қала­сында король V Мұхаммед атындағы ұлттық театр сахнасында және Эссауира қаласындағы Dar Souiri мәдени орталығында концерті өтті.

Қазақстан мен Марокко Ко­рольдігі ара­сын­дағы дипло­матиялық қаты­настар 1992 жылғы 26 мамырда орнаған еді. Ал Қа­зақстан елшілігі 2020 жылы ашыл­ды.

Қазақ музыкасының үздік үл­гілерінен тұратын концерт бағдар­ламасы Марокко жұртшылығын елі­міздің ежелгі тарихымен де, оның заманауи мәдениетімен де таныстыруға арналған.

«Жошы» этно-фольклорлық ан­самблі қазақ халқының өткені мен Ұлы даланың ежелгі рухын бейнелейтін «Алаш ұраны», «Рухты ел», «Жол­барыстың жортуы» атты авторлық аспаптық шығармаларын көпшілік назарына ұсынды.

Ал «Alem» заманауи хореография балеті бірегей халық биін көрсетті. Қазақ­тың дәстүрлі әнін филармонияның дарынды орындаушылары Жақсыкелді Маясаров, Рахат Бегасылов, Зинат Қасымова, Мәдениет саласының үздігі Данияр Мұқан орындады.

Академиялық ән бөлімінің орындаушылары Алтынбек Арыстанбек пен Фируза Рахметова Мәдениет сала­сының үздігі Роза Шотқалиеваның сү­йе­мелдеуімен халық әндерінен клас­си­калық арияларға дейінгі кең репертуарды, мінсіз дауыс пен шеберлікті көрсетті. Сондай-ақ Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айгүл Қоса­нова марокколық көрерменді дауыс диапазонымен және жанға жақын дала балладаларымен таңғалдырды.

Халықаралық байқаулардың лауреаты, скрипкашы Майя Медетбек Ванесса Мэйдің «Arabian girl» шығармасын орындап, араб мәдениетіне құрмет көрсетті. Музыкалық кештің толқынды сәті – Әкімхан Мәженов пен Рабаттың Үлкен оркестрінің марокколық «Mahla ifrane» халық әнін орындауы болды.

Кеш соңында Айгүл Қосанованың, «Alem» заманауи хореография балеті мен Рабаттың Үлкен оркестрінің өнерін үйлестірген Қ.Сарин мен Х.Ризабектің «Бақытты мекен» әні орындалды.

Қазақстан мен Марокко Корольдігін жақындастыратын ортақ тұстар көп – ғажайып ландшафтар, ата-бабалардың көшпелі өмір салты, діні, экономикалық байланыстары және екіжақты байланысты дамытуға деген зор ұмтылыс. Елордалық өнерпаздар көрсеткен мәде­ниет мерекесі осы бір абыройлы мақ­сатқа үлес қосқаны анық. Екі құрлық, екі ежелгі өркениет арасындағы мәдени көпір алдағы уақытта жалғаса беретіні сөзсіз.