• RUB:
    5.18
  • USD:
    514.93
  • EUR:
    536.04
Басты сайтқа өту
Мәдениет 24 Қазан, 2024

Ұлттық би өнеріне құрмет

146 рет
көрсетілді

Республика күні қарсаңында Ақтауда Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Алмас Бекбосыновтың туғанына 100 жыл толуына арналған ауқымы үлкен, бірнеше іс-шараларды құрайтын халық­аралық би фестивалі өтті. Фестивальға Ал­маты қала­сынан келген Алмас Бекбосы­новтың туыстары Сара және Ақ­марал Бекбосыновалар, Қазақстанның Халық әр­ті­сі Гүлжан Тал­пақова бастаған қазылар алқасы мен қонақтар, сондай-ақ Әзербайжан, Қырғызстан, Түркия, Өзбекстан және Қазақ­стан­н­ың түкпір-түкпірінен 24 өнерпаз қа­тысты. Фестиваль ая­сын­да биші Алмас Бекбо­сы­новтың өмірі мен шы­ғар­машылығынан сыр шерте­тін көрменің ашылуы, оның өмірі мен шығармашылығы туралы деректі фильмнің тұсауке­сері, дөңгелек үс­тел, шеберлік сағаттары және конкурс өтті.

Алдымен Ақтау қала­сын­­дағы Достық үйі ғима­ра­­ты­ның фойе­­­сінде біртуар әр­тіс Алмас Бекбо­сыновтың ту­­ға­нына 100 жыл толуына ар­нал­ған халықаралық би фес­­тивалі аясында әртістің өмірі мен қыз­ме­тін баяндай­тын ар­найы жасақталған көш­пелі көрменің ашылуы болды. Би әлемінен сыр шерткен көр­­менің лентасын қию мәрте­бесі Қазақстанның халық әртісі Гүлжан Талпақоваға және Алмас Бекбосыновтың туысы Сара Бекбосыноваға беріліп, көрмені таныстыру Мәдениет саласының үздігі Серік Сариевке ұсынылды.

Қазақтың өнер көкжиегін­дегі жарық жұлдызы, тұңғыш қазақ­тың ұлттық-сахналық биімен бірге классикалық жанрды на­си­хаттаушы, биші, балет­мейс­­тер, режиссер Ал­мас Бекбосыновтың шығар­ма­­­­шылығына арналған ша­ра өнер­паздың өмірі мен шы­ғар­­­машылығына арналған дерек­ті фильм көрсетілімімен жалғасты.

Ұлттық би өнерінің дамуы­на байланысты азаматтардың қатысуымен ұйымдастырылған дөң­ге­­лек үстелге сарапшылар, құр­­­метті қонақтар, қала, аудан­­дардағы хореографтар қатыс­ты. Дөңгелек үстел жеке орындау­шылық жанр және оның аспек­тілеріне арналды. Жеке орындау жанры бойынша сарапшылар мен келген қонақтар ойларымен бөлісіп, қорытындысы бойынша шешім қабылданды.

Бұл іс-шаралардан соң Қа­зақстанның еңбек сіңірген әртісі Алмас Бекбосыновтың туғаны­на 100 жыл толуына арналған халықаралық би фестивалінің ашылу салтанаты өтті.

«Сіз бен біз бүгін ерлердің арасынан шыққан тұңғыш кәсіби балет бишісі Алмас Бекбосы­нов туралы тың туындыны тамашала­дық. Ке­нен Әзірбаевтай тұлға­ны тудыр­ған топырақтан жарал­ған Ал­мас Бекбосыновтай тума та­лант­тың өмір жолы және шы­­ғармашылығымен таныс­тық. Қазақ классикалық би өне­рін биікке шығарған, небәрі 50 жыл өмір сүріп, актерлік ше­­бер­лігімен елден ерек бол­ған Алмастай тұлғаның рухын құрметтеп, біздің шақыруы­мыз­ды қабыл алып, іс-шараның ой­да­ғыдай өтуіне қолдау көрсет­кен­деріңізге алғыс білдіре­мін» деген Маңғыстау облысы әкімі­нің орынбасары Т.Әбішев фести­валь жұмысына сәттілік тіледі.

Би фестивалі аясында қазы­лар алқасы мүшелерінің фестиваль қатысушыларына, кәсіп­­тік оқу орындарының студент­тері мен Маңғыстау облысы би ан­­самбльдерінің әртістеріне ше­бер­лік сабағын өткізді. Фес­­ти­валь ережесі бойынша қатысу­шылар екінші кезеңде өзге ұлт биін билеп сынға түскен болатын.

Фестиваль қорытындысы бойынша қазылар алқасы үздік деп таныған қатысушыға өз ат­­тарынан арнайы жүлделер бел­­гілеп, Қазақстанның халық әртісі, қазақтың би өнерін әлем­нің 52 мемлекетіне танытқан өнер иесі Г.Талпақова, ҚР білім беру ісінің құрметті қызмет­кері, Мәде­ниет саласының үздігі, «Ерен еңбегі үшін» медалі­нің иегері Ғ.Бейсенова, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, өнер­тану кандидаты, профессор, «Ы.Алтынсарин», «Халық ал­ғысы» төсбелгілерінің, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Т.Ізім, Мәдениет қайраткері, педагогика ғылымдарының докторы, профессор А.Құл­бекова, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, «Еңбек даң­қы» төсбелгісінің иегері Ғ.Әб­диева, Мемлекет­тік «НАЗ» би театрының директоры, Хорео­графия өнері қай­рат­керлері қоғамының төр­ағасы, Мәдениет қайраткері Е.Ағымбаев, Мә­де­ниет қайрат­кері, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Т.Қы­лышбаев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, педагогика ғылымдарының кандидаты З.Әжібекова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құр­мет» орденінің иегері Ә.Есекеев атынан сыйлықтар табысталды.

ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының арнайы жүлдесін ТҮРКСОЙ халықаралық ұйы­мы­­ның режиссері А.Нұрмұ­хаме­д­­ұлы Атырау облысынан келген өнерпаз Қаракөз Мұ­рат, маңғыстаулық Есдәулет Аман­­гел­­діұлы, Ақмола облысынан келген Камила Бекмұхан­бетоваға табыстады.

«Жақсының аты өлмейді» дегендей, өмірден өтсе де өнердегі ізі өлмеген тұлғаға арналған ауқымды іс-шара арқау болып, талай талантты жас­тың мерейін тасытты. Бұл, яғни Алмас Бекбосыновтың есімін жаңғырту – қазақтан шық­қан бишілердің тағдыры мен тәлімін түгендеп, тірілтіп жүр­ген биші жігіт Серік Сариевтің кезекті жобасы.

 

Маңғыстау облысы