Алматының орталығында орналасқан мына бір ғимараттың ел тарихында алар орны бөлек. Азаттықтың алтын бесігіне баланатын ару шаһардағы дәл осы нысанда 1990 жылы 25 қазанда Мемлекеттік егемендік туралы декларация қабылданды. Жоғарғы кеңестің кеңсесі болған ғимарат – талай тарихи оқиғалардың шежіресі қатталған мекен. 1991 жылы «Тәуелсіздік туралы» Конституциялық заң да осы жерде бекітілді. Астананы елордаға ауыстыру туралы шешім де осында қабылданды.
Елдігіміздің еңселі мерекесі қарсаңында «Egemen Qazaqstan» газетінде Республика күнінің маңызы мен мәні, оны атап өтудің жөн-жобасы туралы дөңгелек үстел өткені мәлім. Сол жиында Қазақстан қоғамдық даму институтының басқарма басшысы Нұрбек Матжани біз айтып отырған бұрынғы Жоғары кеңестің ғимаратын тәуелсіздік атрибуты ретінде пайдалануға болады деген ұсыныс білдірген еді. Тәуелсіздік тарихының бастауында тұрған кешен ел тарихындағы елеулі оқиғалардың куәсі ғана емес, ұлтының өткеніне өгей көзбен қарай алмайтын жас ұрпақты тағылымға ұйыстыратын таптырмас орын болуға тиіс екені бұған дейін де айтылған.
«Негізі біздің тарих АҚШ-пен өте ұқсас. Америка алғаш рет Филадельфияда егемендігін жариялады. Кейін ел астанасы жаңадан салынған Вашингтонға көшірілді. Филадельфияда атақты «Тәуелсіздік ордасы» атты ғимарат бар. Бұл нысанды әлі күнге дейін ел президенттері, сенаторлар, конгресмендер, саясаткерлер бағдарламалық сөз сөйлейтін кезде рәмізді орын ретінде таңдайды. Таяуда ғана Камала Харрис пен Дональд Трамп та осы жерде дебатқа түсті. Біз де Алматыдағы Төле би көшесінде орналасқан бұрынғы Жоғары кеңестің ғимаратын «Тәуелсіздік ордасы» деп атасақ, ұтар едік. Бәлкім, балаларды, жасөспірімдерді, студенттерді жыл сайын сол жерге апару, оның макетін ауыл-аймақ, мекеме-мектепке дейін таратып, насихаттау, танымал ету Республика күнінің бір нышаны ретінде мерекенің мәртебесін биіктетеді деп есептеймін», деген еді Н.Матжани.
Тәуелсіздік жаршысына айналған ғимараттың іргетасы 1938 жылы қаланған. Соғыс жылдарында тұралап қалған құрылыс жұмысы кейіннен қайта жалғасып, 1957 жылы ғана пайдалануға берілді. Ал 1972 жылы оған қосалқы екі ғимарат салынып, бүйірлік залдар кеңейтілген. Ғимарат сәулетші Борис Рубаненконың жетекшілігімен «Моспроект» шеберханасында жобаланыпты.
Ғимарат бір-бірімен кең жолдар арқылы байланысқан үш композициялық томнан тұрады. Олардың ортасында ғимараттың негізгі бойлық осі бойында орналасқан Жоғарғы кеңес залы бар, ол екі тікбұрышты ауланы құрайды. Негізгі қасбеттің архитектуралық шешімі – жарық пен көлеңкенің тиімді ойынын жасай отырып, үлкен 8 бағаналы кеңістіктіктен тұрады.
1980 жылға дейін бұл ғимаратта Жоғарғы кеңес, Министрлер кеңесі және Қазақ КСР Компартиясы Орталық комитеті орналасты. 1982 жылы ғимарат қала құрылысы және сәулет ескерткіштерінің тізіміне қосылды. Тәуелсіздік алғаннан кейін Алматы облысының әкімдігі осында орналасты. Енді бұл – 2001 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін Қазақстан-Британ техникалық университеті (ҚБТУ). 2016 жылы ҚБТУ (Жоғарғы кеңес) ғимаратының қабырғасына «Қазақстан Республикасы мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заңның қабылданғаны туралы мемориалдық тақта ілінді.
Ел тарихындағы елеулі оқиғаға куә болған сол тұстағы депутаттар мен мемлекет қайраткерлері де Н.Матжанидың ойын қуаттайды. Мәселен, Қазақ КСР халық депутаты болған академик Ораз Баймұратов нысанды егемендіктің маңызды атрибуты ретінде бағалау тарихқа жасалған құрмет деп есептейді.
«Бұл сәтті сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Ол кездегі депутаттар, шын мәнінде, әр салада көшбасшы болған, елшіл, мемлекетшіл, рухани қуаты мықты қайраткерлер еді. Бостандық деп бұлқынған, болашаққа ұмтылған халқымыздың арман-аңсары арнасын тапқан күн еді бұл. Талай қилы кезеңді бастан өткеріп, өз босағаңда өзгеге жәутеңдеуден асқан сор бар ма? Тәуелсіздік таңы атқанда қуанбаған жүрек жоқ шығар. Айтып отырған ғимарат – расында, ел үшін тарихи қастерлі орын болуға лайық жер. Оның әр қабырғасында бүтін бір халықтың арманы, жаңа кезеңнің бастауы, маңызды шешімдердің жаңғырығы жатыр. Мұны тек тарихи ескерткіш деп атап қоймай, күтіп баптауға, мемлекеттік деңгейде маңыз беруге ұмтылуымыз керек», деді О.Баймұратов.
Университет ұжымы айтулы ғимаратта білім алатын шәкірттерге мұндағы аудиториялардың киелі орын екенін, ғимараттың тарихы туралы үнемі ақпарат беріліп отыратынын жеткізді. Бірер жыл бұрын ғимараттың орталық залында демеушілік қаражатпен жөндеу жұмысы жүргізіліпті.
«Біз барлық ережені қатаң сақтадық, өйткені ғимарат – тарихи ескерткіш ретінде мемлекет қорғауында. Ең бастысы, біз коммуникацияларды қалпына келтірдік: жылу, желдету, жаңа дыбыстық жүйе орнатылды. Қазір бұл – мәжіліс залы емес, университеттің қажеттіліктеріне, оның ішінде студенттік іс-шараларға арналған зал. Жарық ауыстырылды, барлық люстра қалды, оларға жаңа жарықдиодты шамдар қойды. Паркеті қайта жылтыратылды. Дөңгелек залдың төбесіндегі күмбезге күн батареялары орнатылды. Дөңгелек залда ескі орындықтардың төсеніштері ауыстырылды. Өйткені таза былғарының тозығы әбден жеткен. Жарамсыз болды, ескі қаптаманы сақтай отырып, жаңа түсті дерматиннен әзірленді. Ғимараттың дәліздерінде кеңестік декор элементтері, ескі шамдар, терезелер сол қалпында сақталған», дейді ғимаратқа ие болып отырған университет өкілдері.
АЛМАТЫ