• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
29 Қаңтар, 2015

Әнші тағдыры – әнінде

1023 рет
көрсетілді

Жаныңды жадыратар әндерді, әншіні тыңдаған кездер еш­қа­шан да естен кетпейді. Ән де, әнші де рухани қазына ғой. Біздің ұрпақ, ХХ ғасырдың 60-70-жылдарында аға буын әншілер өнерін тыңдап, олардың орындау шеберлігін санамызға құйып өстік. Бұл үрдіс кейінгі 80-90-жылдарда да жалғасын тапты. Жасөспірім кезімізде аудан ор­талығындағы, ауылдағы мәде­ниет ошақтарына алыстағы әсем қаламыз Алматыдан әншілер, күй­шілер, бишілер гастрольдік сапармен жиі-жиі келетін. Олар өз өнерлерін көрсетіп, шалғайдағы әнсүйер қауымның ыстық ықыла­сына бөленетін. Қазір ойлап отырсам, сол алыстағы ауыл сахнасынан өнер көрсеткен аға буын өкіл­дерінің үні құлақта, бейнелері көз ал­дымда. Олардың қатарында Қали Жантілеуов, Ғарифолла Құрман­ғалиев, Байғали Досымжанов, аға­йынды Ришат және Мүсілім Абдул­линдер, Нұрғиса Тілендиев, Әзи­долла Есқалиев, Бақыт Қараба­лина, Ләззат Сүйіндікова, Бақыт Әшімова, Зейнеп Қойшыбаева... осылай есім­дерін жалғастыра беруге болады. Қазіргі ардақты аға буын әнші­лерім­із – бұлбұл үнді Бибігүл Төле­генова, Ескендір Хасанғалиев, Нұрғали Нүсіпжанов, Сара Тыныш­тығұлова, кейінгі орта буын өкілі Роза Рымбаева, Әлібек Дінішев, Алтынбек Қоразбаев, «Дос-Мұқа­сан» вокальді-аспаптар ансамблі, т.б. өнерлерін сахнадан бірнеше мәрте көріп тыңдасақ та олардың әндеріне, әншілік өнеріне деген ынтық сезімдер еш ортаймайтыны белгілі. Тек арамызда жүрген өнер шеберлерінің сол жылдардағыдай алыстағы әнсүйер қауым мен гаст­рольдік сапарларда жүздесуі сиреп, жұрт­шылықпен арасы алыстап барады. Бұған орталықтағы немесе қалалық өнерсүйер қауымды қосып отырғаным жоқ. Алыс ауыл­дардағы тыңдармандар бел­гілі өнер шебер­­лерінің ән-биіне шөлір­кеп, жүзде­се­тін, кезде­сетін күн бола ма екен дейді. Әр адам­ның өз әншісі болады. Мен үшін сондай шын өнер жұлдызы Сара Тыныштығұлова дер едім. Мәскеуде 1967 жылы шілде айын­­да сол кездегі Одақ астанасы­ның М.Горький атындағы орталық мәде­ниет және демалыс бағындағы жаз­ғы «Жасыл театр» сахнасынан қазақтың халық әнінің әсем сазы төгіліп тұрып еді. Талғампаз мәс­­кеулік ән­сүйер қауым алқызыл көй­лек киген қараторы қазақ қызы­ның қоңыр үнді әсем әнін бар ынтасы­мен тыңдап отырды. Ол сол жыл­дар­да­ғы Қазақстанның дәстүрлі мәдени күн­деріне қатысушы «Қазақ­кон­церт» бірлестігінің жас орын­дау­шысы Сара Тыныш­ты­ғұлова болатын. Иә, Сара да барша замандастары сияқты ән әлеміне қызыға ұмтылған тұсы еді. Өзі дүниеге келген бұрынғы Талдықорған (қазіргі Алматы) облысы Бөрлітөбе ауданындағы Лепсі өзенінің жағасы – жер жәннаты Жетісу әнге деген құмарлығына табиғи үйлесім тауып өнерге ерте жетелеген екен. Бастауыш сыныпта оқып жүргенде-ақ мектеп сахнасына шығуы – үлкен өнердің алғашқы соқпағына түсуіне жол ашыпты. Ұландар (пионерлер) слетінде «Отан» әнін сәтті орындап үздік өнерпаз атаныпты. Мектепті бітіріп, алыстағы ауылдан әсем Алматыға келіп, филармонияда атақты әнші Жамал Омарова сыны­бында оқып, ән әліппесін үйре­ніп танылған екен. Сол жылдары жазылған ұлы сазгер Шәмші Қал­даяқовтың «Менің Қазақстаным» әнінің алғаш тұсауын кескен әнші  ұстазы Жамал Омарова болса, Сара да сол жылдары бұл атақты әнді өз репертуарына енгізіпті. Сара өткен ғасырдың 60-жылдары Мәскеудегі Бүкілодақ­тық эстрада студиясына қабыл­данып, музыкалық білімін жетілдіреді. Ұстазы – Ресей халық әртісі Ирма Яунзем. Сара: «Ұстазым дүниежүзі халықтарының 60-тан астам тілінде ән айтатын, со­ның сыныбында оқып 20-дан аса тілде ән салуды үйренуім мен үшін үлкен өнер жетістігі еді», дейді. Мен өзім сүйіп тың­дайтын әнші туралы деректерді жинап жүре­мін. Себебі, руханият сала­сы­ның өкілдері ұлт қазынасы ғой. Мәскеу эстрада студиясынан кейін Сара Тыныштығұлованың орындаушылық шеберлігі қазақ ән өнеріне жаңа ырғақ әкеліп, нағыз эстрада әншісі ретінде үлкен биікке жетеледі. 1968 жылы Болгарияның астанасы Софияда өткен жастар мен студенттердің Бүкілдүниежүзілік фестиваліне қатысып, лауреат атанды. Сара, сонымен бірге, бір­­неше түркітілдес халықтардың, атап айт­қанда, якут, қырғыз теле­фильм­деріне түсуге шақырту алып, өз сөзі­мен айтқанда «түсі қоңыр ұлттар бей­несіндегі кейіп­к­ерлерді» орындап, өз шебер­лігін шыңдай түсті. Қазақ өнерінен нағыз шоқжұл­дыздай жарқырап орын алатын, жастардың эстрадалық «Гүлдер» ансамбліне ол өз үлесін қосты. Ан­самбль жетекшісі Гүлжиһан Ғалиева Сарадай талантты әншіні дер кезінде танып, өз бауырына алды. Сол жылдардағы «Гүлдер» қазақ өнерінің, қазақ сахнасының жалын­даған жастық шақтың думан­­датқан қуанышы мен мере­кесі болатын. Әнші Сара сах­наға шыққанда, зал толы көрермендердің ықыласы мен қошемет көрсетуі бөлек еді. Мен үшін Сара әлі де сол жылдардағы жастық қалпында қалған сияқты. 1968 жылы Сара «Жастық шақ жол бойында» атты ансамблімен Батыс Қазақстан облысына гастрольдік сапармен келді. Облыс орталығы Оралда, аудандарда да болып бір­неше өнер кешін өткізді. Сол күндері қараша айының соңына таман аудан орталығы Жымпиты кентінде болып, концертін берді. Үлкен шабытпен өткен концерттен соң, әншімен кездесіп, қолымдағы арнайы алып келген кітабыма қолтаңба жазғызып алдым. Онда: «Жолдығали! Оқуда үздік болып, болашақта үлкен табыстарға жетуіңе тілектес апаң Сара Тыныштығұлова Жымпиты поселкесі. 24 ноябрь. 1968». – деп жазып қолын қойған еді. Бұл автограф мен үшін қымбат саналатын, көп­теген ақын-жазушылар өнер ше­бер­лерінің қолтаңбасы жазылған өз­ге де кітаптарым арасында қимас та қым­бат естелік ретінде сақтаулы тұр. Әнші 70-жылдардың ортасында өз алдына дербес «Жалын» атты вокальді-аспаптар ансамблін ұйымдастырып, жеке концерттік бағдарламалар бойынша өз шығар­машылық өнерін халыққа ұсыны­п, бірнеше жаңа әндерді орындап, тың­дар­­ман қауымның жүрегіне жол тауып, рухани байлығын еселей түсті. Сол жылдардағы, атап айт­қанда, 1974-1978 жылдардағы кон­церт­тік бағдарламасы және жеке орындаушылық шебер­лігі үшін С.Тыныштығұловаға Қазақстанның халық әртісі деген жоғары атақ беріледі. Әнші концерттік бағдарла­масымен Еуропа, Оңтүстік-Шығыс Азия елдері – Германияда, Бельгия­да, Финляндияда, Венгрияда, Моң­ғолияда, Пәкістанда, Бирма­да, Малайзияда, Сингапурде, Вьетнам­да, Шри-Ланкада, т.б. елдерде болып, қазақ ән өнерін дүниенің төрт бұрышындағы әнсүйер қауымға насихаттап құрметке бөленеді. Өз халқының осындай әншісі болу зор бақыт емес пе?! Саңлақ әншіні соңғы жылдары сахнадан өте сирек көретін болдық. Оның қоңыр үнін, жанға жылы дау­сын сағынғандай күй кешеміз. Өткен жылы «Қазақстан» ұлттық телеарнасының «Айтуға оңай» бағ­дарламасына қатысып, өз пікірін айтты, әнін ұсынды. Халқымыздың сүйікті әншісі Сараның сахнадан шырқаған әнін концерт залынан көзбе-көз тыңдамағаныма ширек ғасырдан асып барады екен. Иә, әнші тағдыры әнінде... Былтырғы жылдың қараша айын­да Астанада өткен қазақтың дүл­дүл ақын қызы Ақұштап Бақты­герееваның мерейтойлық кешіне қатыс­қан С.Тыныштығұлова ақын сөзі­не жазылған «Ән бақыт» атты әнді орындап бергені туралы «Еге­мен Қазақстаннан» (18 қараша, 2014) оқыдым. Сахна киелі.  Сол сах­наны әншінің сағынатын кездері бола­тыны шындық. Осы мақаланы жазуыма журналист С.Мәметтің: «...Қазақ ән өнерінің бір жұлдызы Сара Тыныштығұлова: «Осы жұрт­ты Ақұштаптың арқасында көргеніме бақыттымын! Бұл күнде біз ұмыты­лып барамыз ғой!» – деп бір назының шетін шығарып,.. әуенді асқақтатты», деген сөздері себеп болды.  Жолдығали ӨТЕЕВ. Батыс Қазақстан облысы, Сырым ауданы, Аралтөбе ауылы.