• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
23 Маусым, 2010

АСТАНА НУ ОРМАНДЫ АЛҚАПҚА ОРАНАДЫ

1052 рет
көрсетілді

Кеше Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Астана қаласының айналасындағы орманды алқапты аралап, ондағы жасыл желек бел­деуін құру жұмыстарымен танысты. Жұмыс сапары бары­сында Мемлекет басшысы БАҚ өкілдерімен баспасөз брифингін өткізіп, жасыл белдеу туралы әңгімеледі. Мен Астана төңірегіндегі жа­санды орманды жыл сайын ара­лай­мын. Аралаған сайын көңілім қуанышқа толады. Биылдың өзін­де мұнда 71 мың гектар жерге жа­сыл желек егілді. Қаланың ішінде егіліп жатқандары өз алдына. “Жасыл ел” деген бастамамен бүкіл Қазақстанда “Жасыл ел” қозғалысы мүшелері, жастар жыл сайын 51 мың гектар аумаққа ағаш отырғызады. Біз келер ұр­паққа жасыл орманға оранған әдемі ел қалдыруымыз керек. Тәуел­сіздігімізді орнаттық, мем­ле­кетті нығайтып жатырмыз. Қазақ­станды әлемге таныттық. Енді өзімізге, халыққа жайлы, таза, ауа­сы денсаулыққа шипасын ти­гізетін Қазақстан жасауымыз ке­рек. Бұл мақсаттағы жұмысы­мыз­ды ең бірінші, міне, елордамыз Астанадан бастап отырмыз. Осы орайда жыл сайын 5 мың гек­тар­дан ағаш егіліп отыратынынан барлығымыз хабардармыз. Ендігі мақсат – Астанадан Бурабайға қарай, ондағы орманды жасанды орманға әкеліп қосып, біртұтас ету. Сонда Бурабай мен Астана арасындағы өңір орманды алқапқа айналады. Орман болғаннан кейін, оның ішінде неше түрлі аң-құстар мен жәндіктер болуы тиіс. Мысалы, қоян, елік деген сияқты. Биылдан бастап орман ішіне қыр­ғауыл және тағы да басқа құс түр­лерін жіберіп жатырмыз. Бола­шақ­та гүл егуіміз керек, өйткені, гүл егілсе ара болады. Қарап тұр­сақ, флора мен фауна бірге жүре­тін нәрсе. Бірі болса, екіншісі өздігінен пайда болады. Жаңа жа­санды орман Астананың ауа райын өзгертті. Аса ыстық та бол­майды, бұрынғыдай тым суық та емес. Оттегінің молаюы денсау­лық­ты нығайтады. Бұл – өте қуа­нышты жағдай. Бүкіл Қазақ­стан­дағы қалалар, ауылдық жер­лер жасыл желек егумен шұғыл­дануы керек. Қазақ­станның 20 жыл­ды­ғы­на қарай таза облыс, таза аудан, таза ауыл – көгал­данған өлкеге ай­налады деп отыр­мыз. Сондық­тан бұл бас­тамамызды ел халқы қолдауы қажет, деді Елбасы. Мемлекет басшысы Астана төңірегін орманды алқапқа айнал­дыру жөнінде алдымен осы сала мамандарымен ой бөліскендігін атап өтті. Олардың сор дала екен­дігін алға тартып, ештеңе өс­пейді деген болжамдарын да айта кетті. Алайда, ғалымдардың көмегімен сәйкес ағаштарды аудандастыра оты­рып, әлемде осыған ұқсас жерлер іздестірілгенін, осылайша, Астана маңайы орманды алқапқа айналдырылғанын көлденең тартты. Өткен жылы Президент Нұр­сұл­тан Назарбаев жұмыс бабымен Ауыл шаруашылығы министр­лі­гін­де болғанында Шортанды кенті ауданында ағаш отырғызу жұмыс­та­рын кеңейтуді тапсырған-тын. Тапсырманың орындалуы бары­сын­да аталмыш аймақтағы 2,8 мың гектар жерге іздестіру жұ­мыстары жүргізіліп, нәтижесінде орман өсіруге жарамды 303 гектар жер анықталған. Оған қоса, би­ыл­ғы жылы қосымша орман екпе­ле­рін дайындайтын кәсіпорындар құрылып, олардың алдына алдағы жылдарда 1 479 гектар алқапты жа­сыл желекке бөлеу жоспары қойылып отыр. Қолда бар дерек­терге сүйенсек, ағымдағы жыл­дың өзінде Астана маңайында 5 000 гектар жерге ағаш және тал егу жұмыстары жүргізілген көрінеді. 2009 жылы Астананың жасыл аймағында орманды алқап жасау жұмыстары жүргізілген болатын. Нәтижесінде, ғарыштан түсірілген суреттерді негізге ала отырып, мұнда орман шаруашылығын ұстау және одан әрі дамыту жөніндегі іс-шараларды қамтитын жаңа жоба әзірленді. Астананың жасыл белдеуінде отырғызылатын көшеттерді дай­ын­дап, тұқым өсіретін “Ақ қайың” тұқымбағы жұмыс жа­сауда. Онда жыл сайын 9 млн.-ға жуық қарағай, балқарағай, қайың, шегіршін, жиде, терек, алма, тал секілді ағаштардың 26 түрі өсі­рі­леді. Тұқымбақ көлемі 110 гектар, ал оның коллекциясында ағаш пен бұтаның 70 түрі зерттеуден өткізілуде. Қосымша көшет тұ­қым­дарын алу мақсатында Шор­танды орман шаруашылығында көлемі 69 гектарды алып жатқан “Дамса” атты екінші орман тұ­қым­бағы құрылды. Онда там­шы­латып суару әдісі арқылы бағалы ағаш көшеттерін, атап айтсақ, қарағай, балқарағай, шырша, қайың, боз арша, аша, жөке се­кіл­ді 20 түрлі ағаш түрін өсіріп, жы­лына 3,3 млн. көшет беруге мамандануда. Ал 2003 жылдан бері “ҚазОШҒЗИ” ЖШС Астана қаласының жағдайында сортаң және батпақты жерлерде орман екпелерін құру технологиясын пысықтауда. Елбасы өзі аралап көруді жос­парлаған жасыл белдеудің екінші бір нүктесі, Қызылжар орман ша­руашылығының бас орманшысы Бекболат Хасеновтің айтуынша, дәл қазіргі таңда Астана мен Бу­ра­бай арасында ағаштар қарқын­ды отырғызылу үстіндегі жерлер. Ор­маншылар осыған дейін көшет­терді жүйек-жүйекпен егіп келсе, енді олардың табиғи ор­ман­мен араласып, массивке, яғни біртұтас ну орманға айналуы үшін жұмыс істеуде екен. Бұл үшін Ерейментау бағытындағы 6 мың гектар орман алқабының топы­рағы дайындалып жатқан көрі­неді. Оңтүстік бағыттағы Қабан­бай батыр көшесінің арғы жа­ғын­да 5 мың гектарға көшет отырғызу жүргізілуде. Жақында Аршалы орман шаруашылығы ашылыпты. Жаңа орман шаруашылығы 2011 жылға дейін өз аумағын құнарлы топыраққа айналдырмақ. Қазіргі таңда Астананың жасыл белдеуін құруда 5 орман шаруашылығы тер төгуде, олардың қатарында 2 үлкен тұқымбақ бар. Оның бірі Елбасының өзі арнайы барған Шортанды орман шаруашылығы аймағында орналасқан “Дамса” тұқымбағы болып табылады. Астана қаласы төңірегінде жа­сыл белдеу құру жұмыстарын жал­ғастыру мақсатында 2008 жылы оны 2015 жылға дейін жал­ғастыруды көздейтін техникалық-экономикалық негіздеме әзірлен­ген болатын. Оған сәйкес 2015 жылға дейін 75 мың гектар жасыл белдеуге отырғызылатын ағаштар дайындалмақ. Халықтың дем­алы­сы мен оларға жайлы жағдай жа­сау мақсатында ландшафты-ре­к­ре­ациялық үлгідегі орман екпе­лерін өсіріп шығару мен оларды отырғызу орындарын анықтау мақсатында 6 бағытта жұмыс жүр­гізіліп жатыр. Ал “Жасыл аймақ” РМК тұқымбақтары тез өсетін ағаш пен бұта тұқымдастардың түр-түрін кеңейту және оларды жасыл аймақ пен қала ішін көгал­дандыруда қолдану жұмыстарын жүргізуде. Мұның барлығы айналамызды қоршап тұрған Табиғат-ананың одан әрі құлпыра түсуіне қызмет ететін болады. Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК,  Венера ТҮГЕЛБАЙ, Суретті түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.