• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Кино 29 Қазан, 2024

Фильмнің әрін келтірген әндер

78 рет
көрсетілді

Музыка – киноның ажырамас қосалқы бір бөлігі. Кино әуелде мылқау болып басталғанымен, кейін оны музыкасыз елес­тету мүмкін болмай қалды. Кезеңдердің сынағынан өткен кейбір фильм музыкасының ерекшелігімен есте ұзақ сақталып келеді. Мұның жарқын мысалын ертеректе түсірілген қазақ фильмдерінен де кездестіруге болады. Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық филармониясының «Қазақ киносына саяхат» атты концерт ұйымдастырудағы мақсаты да сол, ұлттық киноның өткен тарихына шолу жасап, аңызға айналған фильмдерде шырқалған ән мен күйді ұмыттырмай, көрермен жадында қайта жаңғырту болғаны анық.

Филармонияның жаңа мау­сым­дағы еркін форматта өткен ән кешін «бүгінгінің Біржан са­лы» атанған халықаралық бай­қау­лардың лауреаты Біржан Бәзіл­жан жүргізіп, әр орындала­тын шығарманың алдында фильмнен үзінді көрсетіп, ән шежіресінен сыр шертіп, тарихын көпшілікке таныс­тырып отырды. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұр­кен Әшіров пен Мәдениет қай­раткері Ержан Әлімбетов көрер­менді күмбірлеген күймен шал­қытса, Мәдениет саласының үздік­тері Гаухар Асылханқызы шы­ғар­маларды жетіген аспабы­мен сүйемелдеп, қоңыр дауыс иесі Мақ­пал Қазыбекқызы, халық­ара­лық байқаулардың жүлдегері Жанқожа Аяпов ескі әндерге жаңа реңк беріп, тамылжыған үнімен сахнаны бір серпілтті. Дәстүрлі өнер­дің айтулы алты өкілі орындаған әрбір ән көрерменнің өткен күнге сағынышын оятып, жастық шағына жетелеп, есті сөзбен өрнектелген ескі әндердің шымырлығына шын сүйсіндірді.

Концерттің әлқиссасы алғаш­қы анимациялық туындылар­дың бірі «Ақсақ Құлан» мультфильміндегі күй мен «Транссібір экспресі» фильміндегі «Жиырма бес» әні­мен басталып, қазақ кино өне­рінің төлқұжатына айнал­ған – Сұлтан Қожықовтың «Қыз Жібек», Болат Мансұ­ров­тың «Құлагер», Толомуш Өкеев­­тің «Көксерек», Абдолла Қарсақ­баевтың «Қилы заман», Шәкен Аймановтың «Атаманның ақыры», Едіге Болысбаевтың «Шаңырақ» кинофильмдеріндегі «Көңіл ашар», «Гәкку», «Әгугай», «Махаббат бекеті», «Көкшетау», «Дайдидау» атты ән-күйлерімен жалғасты. «Лекция-концертте» тақырыбы, мазмұны, музыкалық жанры мен стилі әртүрлі шығар­ма орындалып жатса да, көрермен ән үзіндісін алғашқы екі нотасынан-ақ танып қойып, экрандағы кейіпкермен қосыла шырқай жөнелгісі келгендей қанаттанып отырды. Мейірім мен махаббат тұнған шығар­маларды естіген бойда, көрер­меннің жүрек тамырын жылылық қуалай жөнелетінінің себебі бар. Бұл орындалған ән мен күйлер танымал болуды көздеп, бүгін жазылып, ертең ұмытылып кететін осы күнгі кейбір саундтректер емес. Бұл – нағыз өнер үшін қызмет еткен кешегі авторлардың жанының нәрі мен сөлі, жүрегінен бұрқылдап қайнап шыққан жанартаудың әлі күнге сөнбей, жайнап жатқан қызыл шоғы. Халық махаббатына бөленген сүйікті фильмдерде орындалған әр танымал ән бүгінде «ән» деген мағынасынан әлдеқайда биіктеп кеткенін, әрқайсысы – «дәуір үні, уақыт белгісі, кезең көрінісі» деген кең ауқымда айшықталатын өміршең сипатқа лайық туындылар екенін мойындатты.

Жүргізуші концертте композитор Нұрғиса Тілендиевтің, әнге арнайы сөз жазған ақындар Тұманбай Молдағалиев пен Қа­дыр Мырза Әлінің есімдерін жиі қай­талады. Өнердің классика­сына айналған «Қыз Жібек» фильмін­дегі «Ақжайық», «Менің атым –Қожадағы» «Саржайлау», «Туған жер» әндерінен композитор мен ақынның үйлесімді жұмысының нәтижесін, ең бастысы, ән мен мәтіннің фильм мазмұнына ажар беріп, атмосфера жасай алғанын шағын концерттегі киношеру көрерменге шын сезіндіре алды. Сол кезеңдерде аяғын қаз басып, еңсесін енді тіктеп келе жатқан отан­дық киноның өркендеуіне үл­кен жанашырлықпен үлес қосқан өнер алыптары «Фильмге музыка қалай жазылуы керек?» деген сұ­­раққа кәсіби адалдықпен нақ­­ты жауабын бергеніне осы фильм­­­дер дәлел. «Көңілашар», «Ата тол­ғауы», «Жекпе-жек», «Ар­ман» се­кіл­ді өлмес мұраны жазып қал­­дыр­­ған, жазылғанына жарты ғасыр­­­дан асып кетсе де, бүгінгі жас орын­д­ау­шылардың репертуарында жаң­ғырып жүрген шығармалар әлі талай мерекелік салтанатты кеш­­тер­дің сәніне айналатыны да сөзсіз.

 

АЛМАТЫ