• RUB:
    5.01
  • USD:
    523.58
  • EUR:
    549.71
Басты сайтқа өту
Таным 29 Қазан, 2024

Француз ғалымы Бекмахановты неге іздеді?

238 рет
көрсетілді

Джордж Вашиңтон универ­си­тетінің Гельман кітапхана­сында сақтаулы тұрған өзге Ба­тыс елдерінде басылған ескі кітаптарда да қазаққа қатыс­ты деректер жетерлік. Соның бірі – 1959 жылы Па­риж­де жарық көрген француз зерттеушісі Марсел Эгре­таудтың «Шығыс Совет: Қа­зақстан, Өзбекстан, Қырғыз­стан, Тәжікстан, Түрік­мен­стан, Әзербайжан» атты ең­бегі. Аталған кітабында шы­­ғыс­танушы ғалым сол кез­де­гі кеңес одағына қарасты рес­публикалардың қоғамдық-әлеуметтік жағдайы туралы нанымды зерттеу жасағанын түсіндік. Ал бізге керегі аталған кітаптағы қазаққа қатысты деректер еді.

«Үстемдік нысандарындағы кей айыр­ма­шылықтар революция­ға дейін Қазақ­стан мен Қырғыз­стан­да бір миллионнан астам орыс қоныс­танушыларының орныққан­дығын, ал Түркістан өлкесінің басқа жерлеріне небәрі 500 мың орыс, отырықшы, мем­лекеттік қызмет­ші қоныстанғанын түсіндіреді». (Марсел Эгретауд, Совет шығысы, Париж, 1959, 57 б). Автордың бұл ақпараты өткен дәуірдегі Түркістан алқабына ағыл-тегіл қоныс аударған орыс отырықшыларының нақты қанша мөлшерде екенінен жіп ұшын береді. Бұл мәлімет әр жерде әртүрлі жазылып жүрген болуы да мүмкін, бірақ бізге француз ғалымының мына дерегі де құнды.

Кітаптың келесі беттерінде де патша өкіметінің орыс отырық­шыларына жергілікті халықтың қолынан жерді қалай алып бергені жөнінде айтылады. «Қазақстан, Қыр­ғызстан, Түрікменстан хал­қы­ның 50-70 пайызын көшпелі мал­шылар құрайды. Орыстың отар­лауы оларға нағыз қасірет болды, жаулап алынғаннан кейін он­дағы көшпелі халықтың тағды­ры Алжирдің көшпелі тайпалары­ның басынан өткен қасіретпен бір­дей екенін айту қиын. Шынын­да да, осы мәселе бо­йынша ғалым, капитан Леуһраукс жазған­дай: «көш­пелілердің малы олар үшін тіршіліктің қайнары» (Capitaine Lehuraux, Le Nomadisme et la civi­lisation, 1931) еді. Ал патша өкі­мет­і орыс отырықшыларына Қазақ­станның солтүстік шекарасы сияқ­ты егістікке қолайлы жерлерді бер­ді. Алайда кең-байтақ жерлерге қо­ныс аударған қазақтар бұл жер­лерді жазғы жайы­лым ретінде пайда­ланғаны белгілі. Көшпелі мал шаруашылығы осылайша негізгі жемшөп базасынан айырылып, мал саны күрт азайып кетті. Дәл осындай жағдай Қырғызстанда да қайталанды, бір ғана Пішпек уезінде (қазіргі Қырғызстан астанасы) қырғыздардан 712 мың гектар жер тартып алынды».

Сонымен бірге зерттеуші ғалым Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде Орталық Азиядағы шаруалардың кедей­лікке ұшырауы тым артып кет­кенін де тілге тиек етеді. 1916 жылы патшаның «жергілікті ха­лық­ты реквизициялау» туралы жар­­лығы оларды күтпеген майдан да­ласына апарғанынан дерек кел­ті­реді. Көшпелі халықтардың ер­кек­терін майдан даласындағы стратегиялық жұмыстарға әскери жұмысшы ретінде пайдалану туралы жарлық шыққанда, жағдайдың тіптен күрделенгенін, осының салдарынан ұлан-байтақ Түркістан өлкесіндегі шаруалардың жалпы көтерілісі басталғанын, бұл жағ­дайдан сескенген патша үкіметі жер­гілікті губернаторлардың қара­ма­ғына орасан зор репрессия күш­терін жіберіп, көтерілісшілерді аяу­сыз жаныштағанын жазады. «Кей зерттеушілер бұл көтерілісті «реак­циялық жарылыс» деп атады. Өз сапарымда мұндай жағдайды көр­­ме­дім де, естімедім. Сонымен бірге Ташкент мұражайында осы оқи­­ғаның халықтық сипатын көрсе­те­тін құжаттарды көзім шалды. Ал­­матыдағы алаңда, дәл қала орта­лы­ғында аталған көтеріліс басшы­ларының бірі Амангелді Имановтың атқа мінген айбынды мүсінін көрдім. 1916 жылы Қазақстанда отаршыл билікпен ымыраға келген феодалдар, байлар, болыстар мен манаптар, молдалар бұл көтерілістің ауқы­мынан өздеріне қауіп төніп тұрғанын сезіп, көтерілісті тез басуға тырыс­ты. Аталған көтерілісті діни және ұлттық өшпенділікке айналдырды», дейді ол.

Автор осы кітабын жазуға Ор­талық Азиядағы мемлекеттерге, со­­ның ішінде Қазақстанға арнайы сапар­мен келгенін, сол тұстағы елдегі маңыз­ды тұлғалармен кездесіп, сұх­баттасқанын келесі деректерден білеміз. «Қазақстанның Халық ағар­ту министрі А.Закариннен ұлты қазақ па екенін сұрағанымда, сұра­ғымның өзі артық болып шықты. Бұл қайратты жігіттің дала перзенті екені даусыз. Ол: «Иә, қазақпын, таза қазақпын, еш қоспа жоқ!» деп күліп жауап берді». Асқар Закарин 1908 жылы Торғай маңындағы 1-ауыл­да дүниеге келген. Оны жерінен айырылған көшпелі малшылардың күйзелісін басынан өткізген ұрпақ­тың өкілі деуге негізіміз бар. Бала кезінде революциялық аласапыран күндерді ол өз көзімен көріп өсті». Марсел Эгретауд осылай дей келе, А.Закариннің балалық ша­ғы­ның қиындықта өткенін, панасыз қалған басқа балалар секілді жетімдер үйінде өскенін баян етеді. «Оның (А.Закарин) тағдыры француз тіліне енді ғана аударылған Ғабит Мүсіреповтің романындағы оқиғаға ұқсайды. Ол да ескі күндерді еске түсіреді», дейді. Даланың да, ана мен баланың да жүрегіне жара, көңіліне қаяу салған кешегі керанау да тас­бауыр күндерді алыстағы француз тарихшысы өз дәуірінің оқырманына осылай жеткізгісі келгені шындық. Қалай десек те, оның отаршыл идеяның құрсауында қалған Орталық Азяидағы көшпелі­л­ер өміріне, тағдырына назар аударғанын аңдай аламыз.

Міне, Марсел ханым аяңдап, Ал­матыдағы Жазушылар одағына бас сұқты. Оның өз заманы туралы қазақ зиялылары мен руханият ардагерлері қандай ойда екен деген сұраққа жа­уап іздегені шүбәсіз. Қай елде, қайсы ғасырда болсын, зиялы дейтін атқа ие болған қауым ұлтын езгіден, жерін жат жұрттан қорғауға ұмтылатыны оның да санасында сап алтындай ұялағаны да. Осы тұста хәкім Абайдың «Әркімді заман сүйремек, заманды қай жан билемек?» дегені ойға түседі. Абай заманындағы ұлт зиялылары мен кеңес кезіндегі қазақ оқығандары­ның арасын нендей ой, қандай мақ­сат жалғайтыны өз алдына бөлек әңгіме. Ал Алматыға келіп, сол за­манғы қазақ оқығандарымен кездесуге ниеттенген француз ғалымының ойындағы сансыз сауалдың шеші­мі қалай болғаны тіптен жұмбақ. Мүмкін ол да, ұлы Абайдың ойын қайталап «...замана оны билемек» деп күбір еткен болуы бек мүмкін.

«Танымал қазақ жазушысы, «Бота­гөздің» авторы Сәбит Мұқа­новпен Қазақстан Жазушылар ода­ғының бас кеңсесінде ұзақ әңгіме­лестім. Сәбит Мұқанов – қазақ халқының жан сезімін жақсы суреттеген жазушылардың бірі. Ол қазір елу сегіз жаста. Оның әкесі малшы болған. Тағы сонда жұмыс істейтіндердің бірі маған өздерінің балалық кезі, жастық шағы, бектер, әкімдер заманы туралы айтып берді. Бірақ олармен бұл тақырыпта ұзақ әңгімелесу оңайға соқпағанын айта кету керек. Әсіресе олармен кездесу тым қиын», деп жазады ол өз ойымен бөлісіп.

Зерттеуші ғалымның назарынан Қазақстандағы тарихи жағдай да тыс қалмаған. Кітабының келесі беттерінде ол қазақ тарихшысы Ер­мұхан Бекмаханов туралы былай дейді: «Кейбір антисоветтік үгіт­шілер кеңестік Шығыс халықтары басынан өткерген ескі ұлттық езгінің табандылығын жаңа формада «дәлел­деу» үшін белгілі бір фактілерді негіз етті. Солардың бірі – қазақ зиялыларын жаппай «тазарту» болмақ, оның ішінде тарихшы Бекмаханов өз елінің өткені туралы жазғаны үшін ұлтшыл аталып, өз көзқарасын айтқаны үшін кінәлі болды. Мен осы автордың кітабын өзіммен бірге алып жүрдім, оның сол кезде айтқан пікірін естіген адамдармен кездестім. Сол үшін Бекмахановтың хабарын Алматыдан сұрадым. Халық ағарту министрі А.Закарин мені жұбатып, тарихшымен алда кездесетінімді айтты. Бекмаханов қазір Алматы универ­ситетінің профессоры, 1957 жылы жаңа кітап шығарды». Автор Бек­махановпен кездесе алды ма, жоқ па, ол туралы ештеңе жазбаған. Соған қарағанда, кездесе алмаған болуы керек.

Біз Марсел ханымның аталған кітабынан еліміздің өткен дәуірдегі мал шаруашылығы жағдайы жөнін­де де ақпараттар оқыдық. Оның дерегінше, 1916 жылы Қазақстандағы қой саны 18 миллион болған, ал 1958 жылы бұл көрсеткіш 30 миллионға өскен, ал 1963 жылға қарай елде 50 миллионға жеткен».

Өз кезегінде Орталық Азияда­ғы мемлекеттердің руханият сала­сын­­дағы жетістіктерін айта келе, оған үлес қосып жүрген мық­ты тұл­ғалардың атын атап, еңбек­те­рін оқырманға ұсынады. «Шығар­машы­лығы өз елінің алқауына бөленіп, алыс шетелдерде де үлкен беделге ие қаламгерлер бұл жақта да баршылық. Шолоховпен тең дәре­жеде тұрған, ең үздік кеңес жазу­шыларының бірі Мұхтар Әуезовтің шығармашылығы және оның танымал тарихи романы «Абай жолын» аудару барысында Луи Арагонның: «бұл – біздің алдымызда тұрған ең өзекті міндеттердің бірі» деп айтуына себеп болды; Әуе­зовтің жерлесі Сәбит Мұханов – он шақты жақсы шығарманың, оның ішінде қазақ қызының өмірін сурет­тейтін «Ботагөз» романының, «Өмір мектебі» өмірбаяндық шы­ғармасының авторы». Бұл оның Мұхтар Әуезов пен Сәбит Мұқа­новтың шығармашылығына берген оң бағасы екені анық. Осыған дейін Мұхтар Омарханұлының қа­ламгерлік қуаты мен деңгейі туралы алуан түрлі мақтаулар мен теңеу­лер айтылғаны анық. Ал француз ғалымы оған «Шолоховпен тең дәре­жеде тұрған жазушы» деген үлкен баға бергені көңіл қуантарлық жағдай болмақ.

Сонымен, Марсел Эгретаудтың аталған кітабын парақтап шығып, ішінде жазылғанын айттық. Оның Алматы сапары, қазақ даласында­ғы күндері туралы егжей-тегжейлі ақпараттар болмаса да, сонау алыс­тан елімізге келіп, Бекмахановты іздеп, Мұқановпен кездесіп, көңілге түйгендерін кітап қылып жазғанына тәнті болдық. Тарихшы ғалым Ермұхан Бекма­хановпен ол кездесе алды ма, жоқ па, ол өз алдына бөлек әңгіме. Ал басына іс түскен осынау тұлғаны ол неге іздеді, осының өзі үлкен тақырып. Осыдан жетпіс жыл бұрын жарық көрген бұл кітаптың қазақ мәдениеті мен тарихы үшін құндылығы күнсайын арта түсері даусыз.