Астана қаласында жас ұрпақты заманға сай біліммен сусындатып, ұлттық тәрбиеге баулитын «Sun study» атты орталық ашылды. Алаш арысы Сұлтанмахмұт Торайғыровтың «Қараңғы қазақ көгіне, өрмелеп шығып күн болам» атты өлеңін ұран етіп алған «Sun study» балаларды дамыту орталығының ашылу салтанатына елімізге белгілі ұстаздар, ғалымдар, зиялы қауым өкілдері мен мемлекет қайраткерлері қатысты.
Ұрпақтың бойына ұлттық рух сіңіруді мақсат тұтқан оқу ордасының ашылу салтанатында журналист-қаламгер Оралбек Жүнісұлы бата беріп, тұсаукесер лентасын Ғылым және жоғары білім министрлігі Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Ақерке Абылайхан, Ұлттық академиялық кітапхана директоры Ғазиза Құдайберген, Астана қаласындағы Музыкалық жас көрермен театрының директоры, театр режиссері Асхат Маемиров секілді жұртқа белгілі тұлғалар кесті.
Ғылым және жоғары білім министрлігінің өкілі Ақерке Абылайхан балаларды білімге баулудың өзектілігіне тоқталып, орталық жұмысына сәттілік тіледі. Режиссер Асхат Маемиров ұрпақ санасына заманға сай білім мен ұлттық тәрбиені қатар сіңіретін оқу орталықтарының еліміздегі барлық қалаға керек екенін тілге тиек етіп, жоба авторлары алдағы уақытта осы бағытта жұмысын жалғастырса деген тілегін айтты. Ал Ұлттық академиялық кітапхана директоры Ғазиза Құдайберген болашақта «Sun study»-дың шәкірттері биіктерді бағындырарына сенім білдіріп, орталыққа шағын кітапхана жасақтап беретінін сүйіншіледі.
«Sun study» балаларды дамыту орталығының идея авторы Арман Әубәкір: «Қазір кәсіп жасап, табыс табудың жолы өте көп. Бірақ бізде кәсіп пен ұлттық танымды бір арнаға тоғыстыратын жобалар өте аз болып тұр. Бүгінгі ұрпақтың шет тілдерін көптеп меңгергені дұрыс. Барлық ата-ана осы мақсатта балаларын оқытуға қаржы аямайтынын көріп жүрміз. Десе де мені «тіл біліп, техниканың тілін игерген бүгінгі буын ертең қазақ еліне, қазақ мемлекетіне қызмет ете ме?» деген сұрақ мазалайды. Ұлттық тәрбиемен сусындамаған жасөспірім қазақтық тамырын үзіп алса, Отанымызға қызмет ету былай тұрсын, жайлы мекенді аңсап, құрлық асып кетуі әбден мүмкін. Сондықтан біз ел келешегінің сәулелі болуын ойласақ, жапондар сияқты «шет тілін үйренемін» деп құлшынып тұрған балалардың бойына қазақы тәрбиені де қатар сіңіргеніміз дұрыс» дейді.
Сондай-ақ идея авторы бабаларымыздың тәуелсіз ел болу жолындағы ұлы күрестері мен сан ғасырлық ерен еңбегі құмға сіңген судай болмауы үшін де бүгінгі кәсіпкерлердің қамсыз отыруға хақы жоқ екенін алға тартты. «Алаш идеясын ту еткен ұлт қайраткерлері өз заманында ең мықты білімге қол жеткізіп, бастарына қандай қауіп-қатер төнсе де шетелге бас сауғалап кеткен жоқ. Керісінше, өздері игерген білімді заманның қиындығына қарамай ұлттық бағытқа бұрып, бүгінгі тәуелсіз мемлекетіміздің іргетасын қалауға аянбай күш-жігерін жұмсады. Мәселен, отызға да толмай өмірден озған Сұлтанмахмұттың «Қараңғы қазақ көгіне, өрмелеп шығып күн болғысы» келуі оның ұлттық рухының кемелдігін көрсетпей ме? Сол Сұлтанмахмұтқа тән рухты ұрпақтың санасына жаңғырту үшін балаларды дамыту орталығының атауын «Күн орталығы», яғни «Sun Study» деп атадық. Атауы ағылшынша қойылғанымен, мән-мазмұны қазақша, «біздің тәлімгерлер келешекте қазақтың көгінде күн болып жарқырап тұрсын» деген ниетпен жұмысымызды бастап отырмыз», деді Арман Әубәкір.
Жоба авторы қазір ата-аналардың көбі жұмыста болғандықтан, балаларының оқу үлгерімі мен үй тапсырмасын қадағалауға мүмкіндігі жоқ екенін, соның салдарынан жеткіншектер телефонға телміріп, мағынасыз таспалар көріп, ілім мен ғылымды игеретін алтын уақытын әлеуметтік желілерге рәсуа етіп жатқанына алаңдайды.
«Sun study» балаларды дамыту орталығы баланың сабаққа дайындалуына, ұлттық құндылықтарды бойына сіңіріп, ағылшын тілін терең меңгеруіне барлық жағдай жасайды. Мәселен, орталық жанынан шахмат ойнау, домбыра тарту секілді өнерлерді де үйрететін түрлі клуб ашып жатырмыз. Қазір телефонға деген тәуелділік салдарынан тілі шықпай қалған сәбилеріміз өте көп. Олармен арнайы логопед мамандары жұмыс істейді. Сонымен қатар балдырғандарды мектепке дайындау да орталықтың басты жұмыстарының бірі болады», деді «Sun study» балаларды дамыту орталығының атқарушы директоры Гүлфайруз Мықтыбекова.
«Sun study» балаларды дамыту орталығының әр оқу бөлмесі Алаш арыстарының атына берілгені де қонақтарды таңғалдырды. Алаш ардақтыларының атын иеленген бөлмелерге кірсеңіз, тұлғаларымыз туралы мол мағлұмат алып, олардың жарғақ құлағы жастыққа тимей халыққа еткен еңбегін танып білуге болады. Мысалы, Әлихан Бөкейхан бөлмесінің қабырғасына «Тірі болсам, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын», Мағжан Жұмабай бөлмесінде «Қарағым, оқу оқы, босқа жүрме! Ойынға құр қаларсың, көңіл бөлме», Міржақып Дулатұлы бөлмесінде «Халыққа жастар басшы бол! Қараңғыда жетектеп», Ахмет Байтұрсынұлы бөлмесінде «Басқадан кем болмау үшін біз білімді, бай һәм күшті болуымыз керек» деген секілді нақыл сөздер жазылған.
«Қазіргідей интернеттің қарыштап дамыған заманында жеткіншектердің көбі қиялдан туған түрлі персонаждарды қаһарман санайды. Отанды, елді, ұлтты сүюі үшін шәкірттеріміз Алаш арыстарына еліктеп өсуі керек. Бала кездегі қиял, түбі ұлы арманға айналары хақ. Біздің басты мақсатымыз – жас ұрпақтың арманына қол жеткізудің жалғыз жолы ілім мен ғылым іздеу екенін түйсіндіру. Әр бөлмеге арыстарымыздың атын беру арқылы оқушыларымызға кімдерді қаһарман санап, кімдерге еліктеу керегін көрсеткіміз келді. Қазақтың біртуар тұлғаларының қабырғадағы көркем безендірілген бейнелеріне күнде қарап, жалпы халықтық нақыл сөзге айналып кеткен ойларын оқып өскен жеткіншек болашақта сөзсіз Әлихан, Ахмет, Міржақыптардай тұлға болуды армандайды. Қазір оқушыны кітаптағы жазылған біліммен ғана тәрбиелеу аздық етеді. Оқу орнындағы әр зат, әр бұйым, әр деталь бала санасына сілкініс жасап, оларды ойландыра алуы қажет. Біздің оқу бөлмелеріміз сол талапқа жауап беріп тұр», дейді Гүлфайруз Мықтыбекова.