• RUB:
    5.03
  • USD:
    488.26
  • EUR:
    530.54
Басты сайтқа өту
Экология Бүгін, 09:10

Апаттың сын-қатері мен сабағы

25 рет
көрсетілді

Табиғи құбылыс адамға әрдайым пайда әкеле бермейді. Айтып келмеген апат материалдық құндылықтарды қиратып қана қоймай, халықтың қалыпты өмірін бұзады. Бүгінде климаттың өзгеруімен, қарқынды урбандалумен, индустрияландырумен ушыға түскен апаттар ауқымы қоғамның тұрақтылығын арттыру міндетін өзекті етіп отыр.

Ауа райының төтенше жағдай­ла­рының шамамен 75 пайызы климаттың өзгеруіне байланысты. Жыл сайын әлемде миллиондаған адам су тасқыны, құрғақшылық, жылу толқындары сияқты төтенше ауытқулардың әсеріне тап болады. БҰҰ-ның есептеуінше, 2030 жылға қарай жыл сайын шамамен 560 апат болуы мүмкін. Табиғаттың тосын мінезі орасан зор зиянымен қоса, елдердің дамуындағы, ғаламдық игіліктерді бөлу­де­гі теңсіздіктің өсуіне апарады. Дүлей апат салдарынан 2020 жылы әлемнің барлық елі шеккен жиынтық шығын 270 млрд долларды құраса, 2021 жылы 320 млрд долларға жеткен. Жыл сайынғы апаттан келген залал 400 млрд долларға жақындап қалғанын айтып дабыл қаққан мамандардың таяу кезеңге жасап отырған болжамы да көңіл көншітпейді.

Орталық Азияның өзге өңірлері сияқты, біздің еліміз де климаттың өзгеру қаупінің үдеуімен бетпе-бет келіп отыр. Топан су ауыр антропогендік зардаптармен, экономикалық шығындармен еліміздің барлық дерлік өңіріне қауіп төндіреді. Көптеген жылдағы ең ауқымды су тасқыны 300 миллиард теңге шығын келтірді. Абай, Қостанай облыстарындағы алапат орман өрті 100 мың гектардан астам алқапты жалмады. «Семей орманы» табиғи резерватындағы тілсіз жаудың салдарынан 15 адамның өмірі қиылды. Кейінгі жылдары жиілеп, дүмпуі күшейген жер сілкінісі де жұрттың құтын қашырып, санасын сан-саққа жүгіртті. Сын-қатерлер климаттың өзгеруіне салмақты қарап, табиғи апаттан сақтанудың неғұрлым тиімді тәсілдерін қабылдау қажеттігіне назар аударады.

Жыл сайын 13 қазанда әлем атап өтетін Халықаралық апаттар қатерін азайту күні өсіп келе жатқан табиғи, техногендік, биологиялық тәуекелдер жағдайында адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде, материалдық, мәдени құндылықтарды сақтауда мемлекеттер мен жұртшылық тарапынан ұдайы күш-жігер жұмсалуы қажеттігін еске салады. 1989 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясы бекіткен маңызды дата бұл проблеманың ауқымын, қаншалықты қауіпті үрдіс байқалатынын бағалауға шақырады. Негізгі мақсат – жаһандық мәдениетті ынта­­ландыру, апаттардың алдын алуға, олардың салдарын болдырмауға бағыт­­талған шаралардан халықтың хабар­дар­лы­ғын арттыру. Халықаралық стратегия тұрғындар арасында түсіндіру жұмысын жүргізудің, қолжетімді құралдарға қалың жұртшылықтың назарын аударудың маңыздылығын білдіреді.

Еліміздің Сендай негіздемелік бағ­дар­ламасы, Париж келісімі сияқты ха­лықаралық құжаттар шеңберіндегі мін­деттемелері климаттың өзгеруіне бейімделу, төменкөміртекті даму сала­сын­дағы, сондай-ақ табиғатты пайдалануды тұрақты реттеу мәселесіне қатысты шешімдерді енгізу жөніндегі іс-қимылды ширата түседі. Климаттың өзгеруіне байланысты сын-қатерлерді еңсеру барысында еліміз табиғи апаттарға төзімділікті арттыруға бағытталған жобаларды енгізіп жатыр. Соның бірі – Жапония үкіметімен, БҰҰ Даму бағдарламасымен бірлесіп жүзеге асырылған «Орталық Азиядағы апаттар мен климаттың өзгеру қаупіне қалалардың тұрақтылығын арттыру» жобасы. Ол климаттың өзгеруі мен табиғи апаттар қаупін азайту шараларын қала құрылысы мен дамуына ықпалдастыру мақсатында елімізде, Қырғызстанда, Тәжікстанда, Түрікменстанда, Өзбек­станда ынтымақтастықтың өңірлік тетіктерін енгізу арқылы кешенді тәсілді қолдануды көздейді. Тағы бір маңызды жоба климаттың өзгеруіне бейімделу мәселелерін еліміздегі стратегиялық жоспарлауға интеграциялауға бағыт­талған. БҰҰ Даму бағдарламасы Жасыл климат қорының қаржылық қолдауымен Экология және табиғи ресурстар министрлігімен серіктестікте іске асырылып жатқан жоба шеңберінде азаматтық қорғау, төтенше жағдайлар саласындағы, сондай-ақ орман, су, ауыл шаруашылығы секторларындағы ұлттық заңнаманы талдау мақсат етілген. Сонымен қатар ұлттық, аумақтық даму жоспарларына бейімделуді интеграциялауға жағдай жасалып, тәуекелдер анықталмақ.

Әлемдік қоғамдастық Сендай негіз­демелік бағдарламасын іске асыру шең­берінде, сондай-ақ одан тыс апаттар қатерін азайтуға қатысты қабылдап жатқан шаралар, негізінен халықты ерте ескерту жүйесін дамыту адам шығынын айтарлықтай азайтуға мүмкіндік берді. 2022 жылы БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш 2027 жылға қарай ерте ескерту жүйелері жер бетіндегі әрбір адамды қорғауы тиістігін ерекше айтты.

«Барлығына ерте ескерту» бастамасы БҰҰ ұйымдарының, үкіметтердің, азаматтық қоғамның, мемлекеттік, жеке сектордың даму серіктестерінің кең жүйесін біріктіреді. Қазірдің өзінде Қазгидрометті (болжау үшін), Дағдарыс жағдайындағы басқару орталығын (үйлестіру үшін), 112 Бірыңғай кезекші-диспетчерлік қызметті (шұғыл қызметтер көрсету үшін), сондай-ақ қазіргі уақытта әзірленіп жатқан су тасқынын болжау, модельдеуді қамтитын Бірыңғай мониторинг жүйесін дамыту арқылы нақты қадамдар жасалды.

Десек те елдің белсенді іс-қимылына қарамастан, жаңа қауіптер мен сын-қатерлер, өсіп келе жатқан климаттық тәуекелдер азаматтық қорғау саласындағы заңнаманы қайта қарап, одан әрі жетілдіруді, апат салдарын жоюдан олар­дың алдын алуға көшуді талап ететіні анық.