• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 02 Қараша, 2024

40 баланың сенімді қадамы

225 рет
көрсетілді

«Алматы облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеу­меттік бағдарламалар басқармасы» ММ-сі мүгедектігі бар балаларды оңалту қызметтерімен қамтамасыз ету мақ­са­тындағы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында «Ақ жол-М» үкіметтік емес ұйымы арқылы тірек-қозғалыс аппараты бұзылған, психоневрологиялық патологиясы бар 70 балаға жеке оңалту бағдарламасына сәйкес күндізгі күтім жасайды.

Оңалту орталығы мем­ле­кеттік тапсырыс­пен келетін 70 бала­дан өзге, 100-ден астам балаға қыз­мет көрсетеді. Жыл басынан бері инно­вациялық технологиялармен жабдықталған орталықта ем алу­шы балалардың денсаулығы ай­тар­лық­тай жақсарып, 40 шақтысының аяғынан тұрып, өздігінен қадам басуы еңбек ұжымы мен ата-аналарды зор қуанышқа кенелтті. Осыған орай, тұсаукесу рәсімі салтанатты түрде өтті.

Шараға Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова, «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының төрағасы Болат Жәмішев, Алматы облысы әкімінің орынбасары Рустам Исатаев, облыстық жұ­мыспен қамту және әлеуметтік бағ­дар­ламалар басқармасының бастығы Айгүл Ахметова, кәсіпкер, меценат Сырымбек Тау, «Нұр-Мүбәрәк» мешітінің бас имамы Қайрат Жолды­бай, ата-аналар қатысты.

«Ақ жол-М» орталығының құ­рыл­тайшысы Рушангүл Тоқта­ху­нова қонақтарға барлық кабинет пен емдеу үдерісін таныс­тырды. Орталық 2014 жылдан бері қо­ғамдық қордың қамқорлығы ая­сында жұмыс істейді, балалар мен жасөспірімдерге кешенді ме­дициналық, психологиялық, педа­гогикалық оңалту қызметтерін көр­сетеді. Р.Тоқтахунова орта­лық­­тың соңғы жылдардағы же­тіс­тік­теріне тоқтала келе, 2020 жыл­дың қаң­тарынан бастап «Ақ жол-М» қоры Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің 58 балаға арнаулы қыз­меттер көрсетуге мемлекеттік әлеу­меттік тапсырыс алатынын атап өтті. Орталықтың қамқорлығын­да 500-ден астам бала бар, он жыл ішін­де еліміздің әр өңірінен мыңнан астам бала оңалтудан өткен. Бала­ларға көрсетілетін медици­на­лық, әлеуметтік қызмет халық­тың қайы­рымдылық көмегі арқылы қаржылан­дырылады.

«Бұл жерге келмей тұрғанда балам өте ашушаң, көппен араласа алмайтын еді, үйден оқиды. Жасы 12-де. Осы орталық ашылғалы бері оның денсаулығында айтарлықтай оң өзгеріс пайда болды. Мұнда түрлі ем-шара қабылдаймыз. Қолөнер терапиясына келген сайын түрлі бұйым жасауды үйреніп жүр. Бүгін моншақ тастардан түзілген қол сөмкесін аяқтап шықты. Орталық ашып, балаларымыздың аяғынан тұруы­на, қатарға қосылуына жағдай жасап берген қамқоршы азаматтарға алғысымыз шексіз. Мұнда науқас балаларға барлық жағдай жасал­ған. Тамақтары да тоқ», дейді Талғар ауданының тұрғыны Баян Кәрім.

Жыл басында кеңейтіліп іске қосылған орталық өте сирек кезде­сетін заманауи құрыл­ғы­лармен жаб­дық­талған. Содан бергі он ай уақыт аралығында осында емделген балалардың жартысына жуығының аяғынан тұрып, қаз басқандарына орталықтың еңбек ұжымымен қатар, ата-аналар қатты қуанды. Себебі айлап емес, жылдап төсекке таңылған, науқасы ауыр баланың қалқайып тұрып, қадам басуы – тынымсыз еңбектің нәтижесі.

«Ақ жол-М» орталығындағы дәс­түрлі тұ­сау­кесер іс-шарасы ауыл ақсақалы Тыныш­бек Дүйсен­бековтің ақ батасымен басталды. «Нұр-Мүбәрәк» мешітінің бас имамы Қай­рат Жолдыбайұлы: «Осынау істі біз бірнеше жыл бұрын қолға алған едік. Бұл – халық­тың, елдің жәрдемімен салынған ғимарат. Бастапқыда осы жерде кіш­кентай ғана ғимарат болды. Біз отба­сымызбен ай са­йын көмектесіп тұрдық. Кейінірек кәсіпкер Сырым Таумен бірлесіп, ақылдаса келе, халыққа үндеу тастадық. Ондағы мақсат – осындай тағдыры бөлек бала­ларды өсіріп отырған ата-ана­ларға үміт сыйлау, оларға жәр­дем­десу. Өйткені отбасында науқас бір бала болса, ол үлкен қасірет екенін түсінуіміз керек. Оны емдету оңайға соқ­пайды. Қайда апарып емдетерін, не істерін білмей дағдаратын ата-анаға қолұшын беру – азаматтық боры­шымыз. Сондай ізгі ниетпен халыққа жолданған үндеудің нәти­же­сінде кәсіпкерлер мен жомарт жан­дар қолдап, қомақты қаржы жина­лып, осындай үш қа­батты еңселі ғимарат тұрғызылды. Ал Болат Жәмішев жетекшілік ететін «Қазақ­стан халқына» қоғамдық қоры орта­лыққа қажет ең қым­бат заманауи меди­циналық құрыл­ғылармен жаб­дықтап берді», дей келе, осы істің басы-қасында жүрген нағыз қаһар­ман азаматтар, ерлі-зайыпты Нари­ман Дугашев пен Рушангүл Тохта­хуноваға зор алғысын білдірді.

Бұдан кейін мәртебелі мей­­мандар сал­танатты түрде 40 ба­ла­­­ның тұ­са­уын кесті. Аналар ша­шу шаш­ты.­

«Балалардың тұсаукесер рәсі­­міне қаты­сып отырғаныма қуаныш­тымын. Қаңтар айынан бастап жұмыс жасап жатқан орта­лық­тың науқас балаларды емдеп, қадам басуына үлкен еңбек сіңіргенінің нәтижесін нақты көріп отырмыз. Мұндай орталықтар екі жылдан бері Семей, Тараз қалаларында да жұмыс жасап жатыр. Мемлекет бас­шы­сының тапсырмасымен 2025 жыл­дың соңына дейін 17 әлеуметтік қыз­мет көрсететін орталық ашы­лды. Ерекше айтатын мәселе, бұл орталықтар демеу­­шілердің жомарттығының арқа­сында іске асырылды. Ал «Қазақ­стан халқына» қоғамдық қоры орта­лықты инновациялық за­манауи құ­рыл­ғы­лармен жаб­дықтап, өте жоғары деңгейде сапалы қызмет көр­­се­туге жағдай жасап беріп отыр. Ал­маты облысы осынысымен ерек­­ше­­ленеді», деді министр С.Жақы­пова.

«Ғимараттарды салу өте үлкен жұмыс. Біз тек жабдықтарды сатып алып бердік. Бүгінде елімізде, облыстар мен қалаларды қоспағанда, 19 аудандық оңалту орталығы салынып жатыр. Сондай-ақ министр­лікпен бірлескен «Үйдегі оңалту» жөніндегі жобамыз әзірлену үстінде. Жабдықтарды мүгедек балалардың үйіне алып берсек, ата-аналар өздері емдейтін болады. Өйткені орта­лықтарға балалардың барлығы бара бер­­мейді. Сондықтан оңалту шара­ларын күн­делікті жасауда мұн­дай аппараттардың үйде болуы аса маңызды», деген Б.Жәмішев бұл жоба ата-аналарға үлкен көмек бола­тын­ын атап өтті.

Ауыр диагнозы бар балалар ем­де­летін орталықтарды «мейі­рім­ділік аралы» деуге болатынын, себебі мұнда жүрегі жұмсақ асыл азаматтар жұмыс істейтінін баса айтқан Алматы облысы әкімінің орынбасары Рустам Исатаев әкімдік тарапы­нан қолдау көрсетіле беретініне сен­дірді. Ата-аналар үмітін үзбей, бала­лардың болашағына сеніммен қара­уына тілектестік білдірген Талғар ауда­ны­ның әкімі Таңат Айдарбеков орта­лыққа теледидар тарту етті.

«40 баланың қадам басуы – 80 ата-ананың қуанышы. Осы ғима­рат­ты тұрғызуға қаншама азамат ерік­ті түрде атсалысты, көмегін берді. Өкінішке қарай, жыл сайын ден­сау­лығында кемістігі бар жүздеген бала туып жатыр, біз көмектеспесек, олардың тағдыры не болмақ?» дейді кәсіпкер Сырымбек Тау.

Қызылқайрат ауылындағы оңалту орталығына тек Талғар ауданы емес, Еңбек­шіқазақ ауданынан балалар келіп сауықтыру шара­ларын қабылдайды. АИС «е-Собес» базасында Талғар ауданындағы мүмкіндігі шектеулі балалардың арасында күндізгі болу орталығына баруға жататын 336 бала бар. Оның 185-і жүйке ауруына шал­дық­қандар, 151-і тірек қимыл аппараты бұзылғандар. Бүгінгі күнге «Ақ жол-М» оңалту орталығына баруға кезек­те тұрған балалар саны 30 болса, «Аяла» орталығына баруға 27 нау­қас кезегін күтуде екен.

Орталық ашылғалы бері осында табан­ды­лықпен еңбек етіп жүр­ген мамандар көп. Дәрігер-реаби­ли­толог Жазира Оспа­но­ваның жұмыс істеп келе жатқанына он шақ­ты жылдан асқан. Еңбек, музыка терапия­сы, денешынықтыру, жылумен емдеу, сен­сор­лық, басқа да түрлі ем-шара жасалатын ка­би­неттерде Патигүл Тұрғанова, Илхам Мах­мудов, Елмира Дуанаева, Ұлан Асхатұлы, ас­паз ісіне баулитын Гауһар Әбенова сынды білікті мамандар есімі ерекше аталады. Олар­­­дың мүгедек балаларды қоғамнан бө­ліп-жармай, ортаға бейімдеп, еңбекке аралас­тырып, тіптен қолынан келетін қолөнер бұ­йымдарын жасатып, тәттілер пісіртіп, табыс табуға сіңіріп жүрген еңбектері орасан зор.

Талғар ауданындағы «Ақ жол-М» ба­лаларды оңалту орта­лығында өткен тұсау­ке­су рәсімі мүгедек балаларға қуаныш сый­­­лаған ерекше маңызды оқиға бол­ды. Ұлт­тық дәстүрді дәріптеу, жарымжан ба­лаларға көңіл аудару, олардың қо­ғамда ор­нын табуына көмек көрсету мақ­са­тында ұйым­дастырылған іс-шара соңында бала­лар­дың қатысуымен концерт өтті. Бірқатар қыз­мет­­кер мақтау грамотасымен марапат­тал­ды.

 

Алматы облысы