Саран индустриалды аймағында орналасқан «Silk Road Electronics» тұрмыстық техника шығарумен айналысады. Жалпы ауданы 61 мың шаршы метрден астам өндіріс аймағында түрлі цех жұмыстары ретімен жолға қойылған. Оның ішінде эмальдау және ұнтақты бояу цехы, термопласт-автомат цехы секілді өндірістің негізгі күшін құрайтын аймақ бар. Кәсіпорын басшылығы жақында жаңа көбік пластик өндіру цехын іске қосуды жоспарлап отыр.
Баға мен сапа үйлескен
Кәсіпорын «Artel» брендімен теледидар, электрлі су жылытқыш, шаңсорғыш, асүй тоқпеші, ауасорғыш, кір жуатын машина, желдеткіш секілді тұрмыстық техника түрлерін шығарып жатыр. Бүгіннің өзінде 113 мың техника саудаланып үлгерген. Кәсіпорын өнімдерді сауда желілері мен интернет арқылы өткізіп отыр. Атап айтсақ, тұрмысқа қажетті техника түрлері «Sulpak», «Technodom.kz», «Evrika», «Mechta.kz», «Alser», «Darmart Astana» секілді ірі сауда нүктелерінде сатылып жатыр.
– Компания – еліміздегі тұрмыстық техника шығаратын жалғыз өндіріс орны. Алдымызда үлкен меже бар. Құрылысты аяқтағанымызға көп бола қойған жоқ. Ескірген ғимаратты қайта қалпына келтіруге зауытты заманауи қажетті жабдықтармен қамтамасыз етуге көп күш жұмсадық. Саудаға енді ғана кірістік. Алғашқы көрсеткішіміз жаман емес. Бастысы, нарықты бағамен жаулағалы тұрмыз. Біздің өнім құны сырттан әкелетін тұрмыстық бұйымдармен салыстырғанда әлдеқайда төмен. Сапасына да баса мән береміз. Ірі сауда нүктелерінен бөлек, интернет арқылы да сауданы күшейтіп жатырмыз. Әсіресе «Kaspi.kz» қосымшасы секілді онлайн сауда платформаларын тиімді пайдаланамыз. Сату бөлімі менеджерлерінің біліктілігі арқасында өнімдерді ТМД елдеріне де экспорттаймыз. Бұл – компанияның алға қойған басты мақсаттарының бірі. Егер шетел нарығына шықсақ, онда кәсіпорнымыз мол табысқа кенеліп, мыңдаған жұмыс орнын ашуға мүмкіндік болады. Осылайша, өңір экономикасын өркендетіп ғана қоймай, ел қазынасын еселейміз, – дейді «Silk Road Electronics» ЖШС директоры Александр Критский.
Іргесі енді бекіген кәсіпорын алпауытқа айналған жағдайда жылына 1 млн 100 мың тұрмыстық техниканы нарыққа шығарады. Сәйкесінше, еңбек күшінің қажеттілігі артып, 1 500 жаңа жұмыс орны ашылады. Бұған компания басшылығы табандылықпен, еңбекпен қол жеткіземіз деп отыр.
Жұмысшы біліктілігі – әуелгі міндет
Кәсіпорындағы жұмысқа жұмысшылар алдымен Саран, Шахтинск, Қарағанды қаласынан қабылданыпты. Қазірдің өзінде 250-ден аса адам тұрақты жұмыс істейді. Қызметкерлерді оқытып, біліктілігін жетілдіруге компанияның Өзбекстандағы серіктесі қолдау көрсетіпті. Алғашқы 15 адам Ташкентте тағылымдамадан өткен. Бұл үрдіс үзілмей, әлі де жалғасып келеді. Өзбекстаннан білікті мамандар Саранға арнайы келіп те оқытып жатыр.
Алғашқылардың бірі болып Ташкенттегі тағылымдамадан өтіп, жұмысқа орналасқан Мирас Сайын – қазір кәсіпорынның білдей бір жауапты маманы.
– Саран қаласында бос жұмыс жәрмеңкесі өткен болатын. Ол кезде кәсіпорын әлі ашыла қоймаған. Сол жерден ұсыныс түсті. Келістім де Ташкенттегі тұрмыстық техника шығаратын жеті бірдей зауыттан тәжірибе толықтырып келдім. Аз уақыт ішінде асүй пешін құрастыратын цехты басқаруды сеніп тапсырды. Біздің цехта 25 жұмыскер бар. Асүй пешінің «Artel», «Shivaki», «Arg», «Apetito» брендімен 62 түрін құрастырамыз. Күніне 350–400 пеш әзірлейміз. Оларды толық құрастырып, техникалық тексерістен жіті өткізіп, еш кедергісіз жұмыс істейтініне көз жеткізіп, қаптап, құжатын сәйкестендіріп, қоймаға жөнелтеміз, – дейді М.Сайын.
Сарандық Мария Руль бас аспаздың көмекшісі болып жұмысқа тұрады. Ол цехтың қайнаған жұмысына кірісіп кететінін сол сәтте білмеген еді. Іскерлігімен көзге түскен Марияны кадр бөліміндегі мамандар кеңсе жұмысына тартады. Кейін цех жұмысына қызығып, сонда ауысады.
– Қазір шаңсорғыш цехында жұмыс атқарамын. Біздің учаскеде 20–25 маман жұмыс істейді. Күніне 300-дің үстінде шаңсорғыш шығарамыз. «Artel», «Vesta», «Shivaki» брендімен техниканың төрт түрін құрастырамыз. Менің міндетім – дайын шаңсорғышты әбден тексеріп, құжатын рәсімдеп, базаға енгізу. Дегенмен құрастыру жұмысын да жетік білемін, – дейді Мария Алексеевна.
Бос жұмыс орны бар
Кәсіпорын жұмысшыларға барлық жағдайды жасап отыр. Жоғары жалақы, үй мен жұмыс арасында автобуспен тасымалдау, тегін түскі ас, толық әлеуметтік пакет ұсынады. Тәжірибе толықтырып, білім арттырамын дегендерді арнайы оқытады. Онда да күнбе-күн жалақысы жүріп жатады. Зауытта әлі де бос жұмыс орындары бар.
«Silk Road Electronics» ЖШС ресми сайтында жүк тасушы, логистика маманы, электрмонтер, жүк көлігін жүргізуші, жүк тиегіш көліктің жүргізушісі, әмбебап жұмысшы, тазалық маманы, слесарь, газ қазандығының операторы, сантехник, менеджер, метролог, техникалық бақылаушы, меддәрігер секілді бос орынға хабарландыру тұр. Жұмыс жөнімен компанияның ресми сайтында көрсетілген мекенжайға баруға, сонда көрсетілген телефон нөміріне хабарласуға болады. Сондай-ақ әлеуметтік желідегі парақшалары арқылы байланыс орнату мүмкіндігі де бар.
Кәсіпорын келешегі
Компания жақын күндері көбік пластик өндіретін зауыт ашуды, штамптау учаскесінің әлеуетін толық пайдалануды жоспарлайды. Бұл арқылы өндірісті кеңейтіп, техника құрастыру тиімділігін арттырады.
– Біздің компания әлемдік нарыққа энергияға тиімді, пайдалануға өте ыңғайлы тұрмыстық техниканы шығарып жатыр. Қызметкерлеріміз өндіріс кезінде техникалық инновациялардың игілігін кәдеге жаратуға ұмтылады. Өнім көпшілік талғамынан шығып, көзге тартымды көріну үшін дизайнына да ерекше мән береміз. Әлемдік бренд қалыптастыру мақсатында тәжірибемізді әрдайым толықтырып, ізденістен қол үзбейміз. Біздің компанияны көп жұмыс күтіп тұр. Отандық брендті күні ертең әлем мойындап жатса, онда Қарағандының да, Саранның да өндірісі ұлғаяды, – дейді серіктестіктің қоғам және мемлекеттік мекемелермен байланыс басқармасының жетекшісі Диляра Талғатқызы.
Қарағанды облысы,
Саран қаласы