Қарқаралы ауданы Бесоба ауылдық округіне қарасты Қызылту аулында фельдшерлік-акушерлік пункт ашылды. Жаңа нысанның құрылысы биыл басталған еді, жақында аяқталып, пайдалануға берілді.
Аудан орталығынан тоқсан шақырым қашықтықта орналасқан ауылда қазіргі уақытта екі жүздей адам тұрады. Мұндағы ауыл тұрғындарына дәл осындай медициналық нысан ауадай қажет еді. Көпшіліктің көкейінде көптен жүрген мәселе оң шешімін тауып, баршаны қуантты. Медициналық пунктте дәрігерге дейінгі қарау кабинеті, егу, таңу бөлмелері, медицина қызметкерлеріне арналған, акушерлік кабинеттер жұмыс істейді.
Нысанның салтанатты ашылу рәсіміне аудан әкімі Әділжан Арғынов, аудандық орталық аурухананың директоры Дәурен Сейтпанов, аудандық мәслихаттың депутаты Біржан Сапаров қатысып, халыққа құтты болсын айтты. Ауыл ақсақалы, тыл ардагері Төлеу Бұланбаев үлкендер атынан игі лебізін білдіріп, батасын берді.
ФАП құрылысы «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасының аясында атқарылды. Осы жоба негізінде Қарқаралы ауданында 2025 жылға дейін ашылады деп жоспарланған 17 медициналық нысан кезегімен ел игілігіне беріліп жатыр.
Қарағанды облысы,
Қарқаралы ауданы,
Бесоба ауылы