• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 05 Қараша, 2024

Ерекше жандар елеусіз қалмайды

130 рет
көрсетілді

Биылғы 1 қазандағы мәлімет бойынша жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің шарапатын мүгедектігі бар 20,7 мыңнан астам адам көрді. Ерекше қа­жет­тілігі бар 106,8 мың адам (28%) жұмыспен қам­тылды.

Еңбек және халықты әлеу­меттік қорғау министр­лі­гінің мәліметінше, елімізде 732,1 мың мүгедектігі бар адам тұрады. Оның ішінде 381,3 мыңы еңбекке қабілетті жаста. Әлеуметтік кодекске сәйкес жергілікті атқарушы органдар мүгедектігі бар адамдар үшін ауыр жұмыстардағы, еңбек жағдайлары зиянды, қауіпті жұмыстардағы жұмыс орындарын есепке алмағанда, жұмысшылардың жалпы санының 2-4 %-на дейін (жалдамалы жұмыскерлердің жал­пы саны кемінде 50 адам болған кезде) көлемде жұмыс орындарына квота бөледі. Биылғы тоғыз айда бөлінген квота нәтижесінде мүгедектігі бар 5,4 мың адам жұмысқа орналастырылды.

Сондай-ақ ерекше қажет­тілігі бар адамдар жұ­мыспен қамтуға жәрдем­де­су­дің шараларына да белсенді қатысып келеді. Биылғы 1 қазандағы көрсеткіш бойынша тұрақты жұмысқа 5,9 мың адам орналасса, жастар практика­сына – 505, әлеуметтік жұ­мыс орындарына – 654, қо­ғам­дық жұмыстарға – 5,9 мың, «Күміс жас» жобасымен – 828, «Алғашқы жұмыс орны» жобасымен – 183 адам, «Ұрпақтар келісімшарты» жобасымен 6 адам жұмыспен қамтылды.

Мүгедектігі бар азамат­тар­дың арасында қысқамер­зімді кәсіптік оқытуға – 272, «Бастау бизнес» жобасы арқылы кә­сіп­кер­ліктің қыр-сырын меңгеру курсына 5 мың адам жазылған. Халықтың әлеу­мет­тік осал топтарына енетін азаматтарға өз кәсібін ашып, шаруасын жүргізуге 400 АЕК-ке дейінгі (1,4 млн теңге) мөл­ше­рінде мемлекеттік гранттар беріледі. Бүгінде осы игілікті қолдауды мүгедектігі бар 1 470 адам көріп, кәсібін дөңгелетіп отыр.

Елімізде 2018 жылдан бас­тап халықаралық тәжірибе негізінде мүгедектігі бар адам­дарға арнайы жұмыс орнын жарақтандыру қолға алын­ды. Нәтижесінде, жұмыс беру­ші­лер­дің шығындарын субсидиялау іске асырылып, биыл осындай арнайы 71 жұмыс орны құрылды.