• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Экономика 06 Қараша, 2024

Өңір экономикасының өсімі

76 рет
көрсетілді

Ел экономикасы Мемлекет басшысы белгілеген негізгі бес басым бағытта – қаржы секторын тұрақтандыру, жылжымайтын мүлік саласындағы проб­лемаларды реттеу, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, аграрлық секторды дамыту, инновациялық, индустриялық, инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру жолында өрістеп келеді. Қарағанды өңірінде де экономикалық тұрғыдан өсім жоғары. Соның оң нәтижесіндей, жұмыссыздық мәселесі жүйелі шешіліп жатыр. Сөзімізге дәлел, жұмыссыздық бойынша елдегі ең төмен көрсеткіш – 4,1 пайыз осы облысқа тиесілі.

Өңірдегі ең ірі өндіріс орны «Qarmet» акционерлік қоғамы ел экономикасын еселеп тұр. Алпауыт металлургия зауы­ты кейінгі жылдары ауқымды жоба­ларды қолға алып, жан-жақты баста­ма­­лар­ды іске асырып келеді. Ком­би­нат­қа бұрынғы даңқын қайтарудың қамы­на қарқынды кіріскен кәсіпорын қазір заманауи технологиялардың, жо­ғары өнімділіктің, қоршаған орта­ға жауапкершілікпен қараудың экожүйе­сін ойластырып отыр. Аймақ басшысы Ермағанбет Бөлек­паев кәсіпорынның бұрынғымен салыстыр­ғанда жағдайы әлдеқайда жақсарды деп атап өтті. Ең бастысы – тұрақтылық.

– «Qarmet» – белгілі бір проблемалары, қарызы бар үлкен компания. Қазір өндірістік көрсеткіштер 21 пайызға дейін өсті. Бұл бізді қуантады. Дегенмен өндірісті модернизациялауға үлкен инвес­тициялар қажет. Сондай-ақ кеншілердің қауіпсіздігіне көп көңіл бөледі. Олар қазірдің өзінде позициялау жүйесімен жұмыс істейді. Жұмыстағы қауіпсіздік, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайды жақ­сарту барысында да жұмыстар жүріп жатыр. Мәселе де бар. Олар бір жылда жылдам шешіле қалады деп айта алмаймыз, әрине, – дейді аймақ басшысы.

Ермағанбет Қабдулаұлы «Qarmet» ком­паниясына қатысты мердігерлер алдын­дағы қарыз мәселесіне де тоқталды. Инвестор енді бұл жағдайдан шығу жолында нақты жұмыс істеп, отандық жеткізушілер мен қызметтерге көбірек көңіл бөлу керегін түсінеді.

– Біздің «Qarmet» айналасында әрі қа­рай жұмыс істеу, кластерлік тәсіл жа­сау­ға арналған бірлескен жоспарларымыз­ бар. Бірқатар банк басшыларымен кез­дестік, қазірдің өзінде кейбір банк­тер­мен келісімге келіп, кластерлік тәсіл­ге байланысты бірқатар жоба қар­жы­лан­дырылатын болды, – дейді Е.Бөлекпаев.

«Qarmet» компаниясының неғұрлым қысқа мерзімде шешкен басты мәселесі – табиғи газға көшу. Бұл – үлкен жетістік. Қазірдің өзінде газ құбырын жеткізу жұмыстары басталды. Ол ауаға таратылатын зиянды қалдықтарды айтарлықтай төмендетеді.

Облыстағы Балқаш пен Қарқаралы­да­ғы «Қазақмыс» кәсіпорны да оң жұмыс атқарып жатыр. Олардың жұмысы жақ­сарған сайын, мемлекетке, оның ішінде, облыс бюджетіне түсетін салық көлемі де тиісінше арта түседі.

– Бизнес жағынан келер болсақ, са­лық мөлшері көбейген. Сол себепті де жағдай жақсарып келеді. Бірақ екінші ұшы бар. Баға, тариф мәселесі баршамызды алаңдатады. Осы мәселені шешуге қатысты тиісті жұмыстар атқарылып жатыр, – дейді әкім.

Қарағанды облысында өндірісінен бөлек өнеркәсіптік кәсіпорындар 9 айда 3 трлн теңгеге жуық өнім өндірді. Өткен жылмен салыстырғанда инвестиция көлемі 14,6 пайызға артып, 680 млрд теңгеге жетті.

Жыл соңына дейін үш мыңға жуық жұмыс орны ашылып, он жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Көктемгі қо­лай­сыз ауа райына қарамастан, облыс ди­қандары биыл жақсы көрсеткіштерге қол жеткізіп, соңғы сегіз жылда болмаған өнім алды. 1 млн 300 мың тоннадан астам астық жиналды. Әрине, бұл диқандардың табан ақы, маңдай терінің өтеуі. Мұны­мен қоса, ауыл шаруашылығы техни­ка­ларын дер кезінде дайындау, жанар-жағармаймен қамтамасыз ету, мемле­кеттік қолдаудың да өз әсері бар.

– Астықты халыққа тиімді бағамен ұсынуға қатысты мәселелерді шешу қажет. Ең бастысы – шаруа қожалығы иелеріне көмек керек. Қазір бидайдың бағасы да арзан емес. Шаруа қожалығы иелеріне көмек көрсетуге арналған жобаларымыз бар, – деді өңір басшысы.

Одан бөлек, бизнестің іскерлік белсен­ді­лігін арттыруда біршама жұмыстар қолға алынып жатыр. «Іскерлік ахуал» тәуел­сіз рейтингін бағалау жөнінде Қара­ғанды облысы елімізде жетінші орында тұр. Шағын және орта бизнесті қолдау, қолайлы бизнес-климат құру да – басым міндеттердің бірі.

– Республика деңгейінде көптеген бағдарлама әзірленді. Қаржылық қол­дауды кеңейту мақсатында «Даму» қоры­мен бірлесіп «Кәсіпкер» өңірлік бағдар­ламасы әзірленіп, іске асырылып жатыр. Жақын арада біз несиелерге қатысты пайыздық мөлшерлемені субсидиялау түріндегі қолдауды бірнеше есе арт­тыру­ды көздеп отырмыз. Өңдеу өнер­кәсібі, туризм жобаларына ерекше назар аударылады, – дейді аймақ басшысы.

Елімізде алғашқылардың бірі болып Қарағанды облысы бөлшек сауда салығын 4-тен 2%-ға дейін төмендеткен. Нәтижесінде, арнайы салық режімін қолданатын салық төлеушілер саны 16 есе өсті. Тартымдылықты байқап, облысқа басқа аймақтардан салық төлеушілер келді. Бұл қазынаны едәуір толықтыруға мүмкіндік берді.

Мұнымен қоса, барлық қажетті инфра­құрылымы бар шағын өнеркәсіптік аймақ­тарды құру жұмыстары басталды. Он­да бизнес өз өндірісін ең төменгі жал­дау шартымен орналастыра алады. Мұн­дай алғашқы индустриялық алаңдар Қа­ра­ғанды, Саран қалаларында іске қосыл­ды. Бұл тәжірибені басқа қалалар мен ау­дан­дарға тарату міндеті тұр. Қысқа­сы, өңір эко­номикасы осындай соны жоба, қы­руар ша­руаның арқасында өсім беріп отыр.

 

Қарағанды облысы